Accessibility links

"Шыңжаң мәселесінде вакцина мен сауданы құрал қылды". Қытайдың Украинаға қысымы


Украин шенеуніктері мен депутаттары Қытай билігі Киевті Шыңжаңдағы адам құқығының бұзылуын тексеруді қолдаудан бас тартуға қысым жасап көндіргенін айтады.

Украина ресми тұлғалары мен парламент мүшелері Пекиннің Киевті Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылмандар құқығының бұзылуын тексеруді қолдаудан бас тартуға қысым жасап көндіргенін айтады.

Қытай "Covid-19 коронавирусына қарсы вакцина бермей, сауда қатынасын шектейміз" деп қорқытқаннан кейін Украинаның ресми тұлғалары мен парламент депутаттары Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуы жөніндегі халықаралық үндеуді қолдаудан бас тартты.

22 маусымда басқа 40 мемлекетпен бірге БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесі дайындаған үндеуге қосылған Украина екі күннен кейін құжаттағы қолын кері қайтарып алды. Үндеуге қол қойған мемлекеттер Қытайдан Шыңжаңға (БҰҰ есебінше, Қытай бұл өңірде лагерьлер жүйесін салып, 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ және өзге де ұлт өкілдерін түрмеге жапқан) тәуелсіз бақылаушыларды кіргізуді талап еткен.

Украинадағы "Голос" оппозициялық партиясының атынан сайланған депутат, сыртқы саясат және парламентаралық әріптестік комитетінің мүшесі Андрей Шараскин "Украина үндеуді қолдамауды талап еткен Қытайдың дипломатиялық қысымына төтеп бере алмады" деген пікір білдірді.

"[Қытайдың сыртқы істер министрлігі] Украинадан ұйғырлар мәселесіне қатысты үндеуді қолдаушылар қатарынан шығуды талап етті. Бұл қысым Украина осыған дейінгі шешімін өзгертіп, үндеуді қолдаған мемлекеттер қатарынан шыққанша жалғасты" дейді Шараскин.

Мұндай тақырыпты ашық талқылауға құзыреті болмағандықтан, анонимді түрде пікір берген украиналық жоғары шенді шенеунік Шараскиннің сөзін растады.

Шенеуніктің айтуынша, Қытайдың сыртқы істер министрлігі елде өндірілетін вакцинаның экспорттық құжаттарын бұғаттап тастаған. Ал Пекиннің өкілетті тұлғалары вакцина жеткізу процесі неге кешеуілдеп жатқанын астарлап түсіндірген. Киев үндеуге қосылудан бас тартқаннан кейін құжаттар бірден дайын болған. Осылай Украина Қытайда өндірілген Sinovac вакцинасының көптен күткен партиясына қол жеткізген.

Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина президенті Владимир Зеленский.

"Еуропалық ынтымақтастық" партиясы атынан сайланған депутат, Украинаның Еуроодақ пен НАТО-ға мүше болу деген стратегиялық бағыты бойынша жұмыс істейтін комитет төрағасы Мария Ионова мен оппозициялық депутат, сыртқы саясат жөніндегі комитет басшысы Соломия Бобровскаяның пікірінше, Қытайдың қысымынан кейін Украина Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуын жан-жақты зерттеуді талап еткен үндеуді қолдаудан бас тартқан.

Украинаның сыртқы істер министрлігі мен президент әкімшілігі Азаттықтың хатына жауап берген жоқ.

"Халық қызметшісі" партиясының атынан сайланған депутат, сыртқы саясат жөніндегі комитет басшысы Александр Мережко Қытайдың қысымы не талабы туралы ештеңе естімегенін айтты.

"Қытай Украина билігінен ештеңеге қол қоймауды ашық түрде талап етеді деп ойламаймын" деді депутат.

25 маусым күні Қытайдың ықтимал қысымы туралы бірінші болып AP ақпараттық агенттігі жазды. Агенттік батыс елдеріндегі ақпарат көздеріне сүйеніп, Қытайдың Киевке "БҰҰ үндеуін қолдаудан бас тартпасаңдар, Украинаға қытайлық вакцинаның 500 мың данасын жіберу процесін тоқтатамыз” деп қоқан-лоқы көрсеткенін хабарлады.

AP жариялаған материалдан кейін Қытайдың сыртқы істер министрлігі "вакцина жеткізу үшін шет мемлекеттерге ешқандай саяси талап қоймаймыз" деп ақталды. Ведомство Киевтің БҰҰ үндеуінен шығу туралы шешімін қолдап, Украинаның Қытайдан вакцина импорттаудағы қиындықтары туралы ештеңе білмейтінін мәлімдеді.

Бобровскаяның пікірінше, Қытай Киевке "вакцина алғың келсе, үндеуге қол қоюдан бас тартасың" деген талап қойған. Шараскин Қытайдың Киевті "сауда көлемін қысқартамыз" деп қорқытқанын, тіпті, Украинаның инфрақұрылымдық жобаларына салынатын инвестиция көлемін арттыруға уәде бергенін айтады.

30 маусымда Киев үндеуге қосылмайтынын мәлімдегеннен кейін Қытай мен Украина инфрақұрылымдық келісімге қол қойды. Бұл келісімге сәйкес, Украина экономикасындағы қытайлық инвестициялардың көлемі артып, елге Қытай компаниялары көптеп келеді.

Киевтегі Қытай елшілігі Азаттықтың бұл жағдайға қатысты пікір беруді сұраған хатын жауапсыз қалдырды.

Бұл оқиғалар Киевтің Қытаймен қарым-қатынасын нығайтуға талпынысымен тұспа-тұс келіп отыр. Украина өзін Вашингтон мен Пекин арасындағы ғаламдық бәсекеде тепе-теңдік сақтай білген мемлекет ретінде көрсеткісі келеді.

Украина 2014 жылдан бері Донбаста Ресейді қолдайтын сепаратистерге қарсы соғысып жатыр (елдің шығысындағы қарулы кикілжің Мәскеудің Қырымды аннекциялауынан кейін басталған). Қазір Киев Еуроодақпен және НАТО-мен интеграциясын күшейтуді көздейді.

Бірақ Ресейден алыстап, экономикалық бағытын өзгертуді мақсат тұтатын Украина Пекинмен де тығыз қарым-қатынас құрғысы келеді. Оның үстіне, кейінгі уақытта Киевтің батыс мемлекеттерінің саяси шараларынан көңілі қалып жүр. Оның ішінде АҚШ пен Германияның Киевтің қарсылығына қарамастан, "Северный поток - 2" газ құбыры құрылысын аяқтау туралы шешімін, Украинаның Америкада өндірілген вакциналарға қол жеткізе алмай отырғанын атап өтуге болады. Осы себептен Киев Қытаймен жақын араласа бастаған.

– Украина басшылары бұл [позицияны] ұжымдық батыс бізге салқын қарайды, сондықтан басқа тараптар ұсынған мүмкіндіктерді пайдалану керек деп түсіндірді, – дейді Бобровская.

УКРАИНА-ҚЫТАЙ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

Қытай мен Украинаның күрделі қарым-қатынасы Донбаста соғыс басталғаннан кейін көп өзгеріске ұшырады.

Қытай Ресейді басып озып, Украинаның ең ірі сауда серіктесіне айналды (елдегі импорттың 14,4 пайызы, экспорттың 15,3 пайызы Қытайға тиесілі). Пекин мен Киев бір-біріне саяси қолдау көрсетіп отыр: Қытай Қырымды ешқашан Ресейге тиесілі деп мойындамаған, ал Украина Тайваньды Қытайдың бір бөлігі деп қарастырады.

Украинаның "Мотор Сич" компаниясы шығарған өнімдер Aviation Expo China көрмесінде. Пекин, Қытай, 20 қыркүйек 2017 жыл.
Украинаның "Мотор Сич" компаниясы шығарған өнімдер Aviation Expo China көрмесінде. Пекин, Қытай, 20 қыркүйек 2017 жыл.

Жыл басында Украина қытайлық инвесторларды украиналық "Мотор Сич" аэроғарыш компаниясын сатып алу мүмкіндігінен айырғаннан кейін Киев пен Пекиннің арасы салқындай түскен. Қолда бар деректер бойынша, Украинаның бұл шешіміне Қытайдың құнды әскери технологияларға ие болуына кедергі жасағысы келген Вашингтонның әрекеті себеп болған.

– Олар (украиналықтар – ред.) ["Мотор Сич"] компаниясын қытайларға сатпай, [АҚШ-қа] зор көмек көрсетті, – дейді АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі Джон Хербст.

30 маусымда Киев халықаралық үндеуге қосылудан бас тартқаннан кейін Қытай мен Украина арасында жасалған келісімнің жай-жапсары туралы ақпарат аз. Бірақ бұл құжатта Украинаның теміржол, әуежай, теңіз порты, телекоммуникация саласына қытайлық инвестициялар тарту жөніндегі кең көлемді әріптестік қамтылғаны белгілі. Киев Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасындағы позициясын жақсартқысы келеді.

Бірнеше украиналық саясаткер "Мотор Сич" оқиғасынан кейін Пекинмен қарым-қатынасты түзету керегін айтып, мәлімдеме жасаған. Саясаткерлер сондай-ақ Вашингтонның Германиямен "Северный поток – 2" даулы газ құбырының құрылысын аяқтау туралы келісімге отыруын да сынаған. Ресейден Еуропаға тартылатын газ құбыры Украинаны айналып өтеді. Киев бұл жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретінін айтады.

"Стратегия XXI" талдау орталығының президенті Михаил Гончар Киев пен Пекин арасындағы байланыстардың тереңдеуі Украинаның сыртқы саясатының өзгеруіне әкеліп соғуы мүмкін деп есептейді.

30 тамызда Владимир Зеленский Ақүйге барып, АҚШ президенті Джо Байденмен кездеспек. Украина президенті ақпанда Axios басылымына берген сұхбатында Қытайды салмақты геосаяси қауіп көрмейтінін, Вашингтон мен Пекин арасындағы бәсекелестік артып келеді деген пікірге қосылмайтынын айтқан.

– Украина геосаяси тұрғыдан алғанда қолынан келгенше сақтанғысы келеді. Бірақ Украинаның тең дәрежелі қарым-қатынастары көп емес. Халықаралық жүйеде әлдеқайда әлсіз мемлекет болу қауіпті, – дейді "Халықаралық дағдарыс тобының" Еуропа мен Орталық Азия жөніндегі бағдарламасының директоры Ольга Оликер.

ШЫҒЫС ПЕН БАТЫС АРАСЫНДА

2014 жылдан кейін Киевтің Вашингтонмен қарым-қатынасы ерекше маңызға ие болды. Өйткені АҚШ пен Еуроодақ мемлекеттері Украинаға Ресейге қарсы тұру үшін экономикалық, саяси және әскери көмек ұсынды.

Бірақ кейінгі жылдары Украина мен АҚШ арасындағы бұл байланыс әлсірей бастады.

2019 жылы шілдеде сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трампқа қарсы шағым түсіп, Киев АҚШ-тың ішкі саясатына араласуға мәжбүр болды. Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің телефон арқылы айтылған әңгімесі АҚШ президентінің импичментіне әкеліп соға жаздады.

Трамп әңгіме барысында Украина басшысына "өтініш" айтып, Киевтен Хантер Байденге (2020 жылғы сайлауда Трамптың қарсыласы болған Джо Байденнің ұлы) қарсы тергеу бастауды сұраған. АҚШ президенті бұл қызметі үшін Украинаға әскери көмек беруге дайын болған.

Жақында Зеленский батыс вакциналарына қол жеткізе алмай, тағы да бір үлкен мәселеге кезікті. Ол 44 миллион халқы бар елге жеткілікті вакцина сатып алуда қиындықтар туындағанын ашып айтты.

Зеленский жыл соңында Украина халқына жасаған жолдауында "Өкінішке қарай, бірінші кезекте, вакцинаны бай мемлекеттер сатып алады" деген. COVID-19 өршіп, вакцина табылмай тұрған қиын шақта Киев Пекиннен көмек сұрап, Sinovac препаратының 1,9 миллион данасына тапсырыс берген.

Пекин Киевті Женевадағы үндеуді қолдаудан бас тартуға көндіру үшін дәл осы вакцинаны жеткізу уақытын кешіктірген.

Бобровская, Ионова және Шараскин Киев Қытайдың қысымына көніп, болашақта осындай жағдайларға прецедент қалыптастыруы мүмкін деп алаңдайды. Үш депутат та парламенттегі құзыретін пайдаланып, Қытайдың Украинаға басқа қандай қысым жасағаны туралы қосымша ақпарат алуға тырысатындарын айтты.

– Қытайдың Украинаға қойып отырған бірнеше ультиматумы бар. Бұл шарттарға келісу-келіспеу Украинаның өз құқығы. Украинаның осындай қадамға барып, құжатқа қол қоюдан бас тартқаны өкінішті, – дейді Бобровская.

Мақаланы жазуға Азаттықтың Украин қызметінің тілшісі Евгений Солонина қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG