Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімін тағы екі айға – 14 қарашаға дейін ұзартты. Vlast сайтының жазуынша, судья Талғат Ақшабаев Біртанов ісі бойынша қылмыстық іс материалдарымен танысуға уақыт керегін айтқан.
Бұл іс бойынша тергеу амалдары 7 шілдеде аяқталған, істе 133 том бар. Бұған дейін айыптау тарабы іспен танысуға уақыт керегін айтып, экс-министрдің үйқамақ мерзімін ұзартуды сұраған.
Ал қорғау тарабы және Біртановтың өзі үйқамақты алып тастауды өтінген. Біртанов 14 қыркүйекте тергеу органдарынан жалтару ниеті жоғын, ешкімге ықпал жасайын деп отырмағанын алға тартып, "мені үйқамаққа жіберуге негіз көріп тұрған жоқпын" деп айтты.
Ал судья айыптау тарабының өтінішін қанағаттандырды.
Тергеу органдарының болжамынша, экс-министр Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішев денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттандыру платформасын жарамсыз болса да қабылдап, "іске қосқан". Осылайша мемлекетке 1,5 млрд теңге шығып келген деп санайды.
Біртанов тағылған айыптармен келіспейді.
Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен. Оның орнына Алексей Цой қызметке келді.
Бұған дейін Біртановтың 2020 жылы маусым айында "санитарлық авиацияны жеке мақсатқа пайдаланды" деген күдікке ілініп отырғаны да хабарланған еді.
ПІКІРЛЕР