Accessibility links

"Талибан" ішкі дау-дамайға байланысты вице-премьердің өлтірілгенін терістеді


Абдул Ғани Барадар.
Абдул Ғани Барадар.

"Талибан" радикалды қозғалысы үкімет басшысының орынбасары Абдул Ғани Барадардың билік бөлінісі бойынша туындаған дауға байланысты өлтірілгенін жоққа шығарды. Десе де,"Талибан" (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған) басшыларының өз ішінде қайшылық пайда болғаны жайлы сыбыстар күшейіп барады.

Бұған дейін Үндістанның кейбір ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерінде Абдул Ғани Барадардың қаза болғаны немесе ауыр жарақаттанғаны жайлы ақпарат тараған. Онда "Талибан" қозғалысының өз ішіндегі түрлі фракциялар арасында билік бөлінісі жөнінде кикілжің туындағаны айтылған.

"Талибан" ішкі дау-дамай жөнінде сыбысты жоққа шығарды. Қозғалыстың ресми өкілі Сохаил Шахиннің айтуынша, Абдул Ғани Барадар аудио хабарлама жіберіп, "өзінің жарақаттанғаны немесе өлтірілгені туралы ақпаратты" жоққа шығарған.

"Ол бұл өтірік және оған ешқандай негіз жоқ деп айтты" деді Шахин мәлімдемеде.

Талибан одан бөлек, Барадардың Кабулдан Кандагарға кеткені жайлы қолхаттың суретін де жариялады. Бірақ "Талибан" таратқан ақпарат қозғалыс төңірегінде сыбыстарды үдете түсті.

Барадардың жұрт алдына шықпағанына бірнеше күн болды. Ол 12 қыркүйекте Кабулда Катар сыртқы істер министрімен кездесуге қатысқан жоқ.

7 қыркүйекте тәліптер Ауғанстан үкіметінің жаңа құрамын жариялаған. Сол кезде үкімет жетекшісінің орынбасары міндеті Абдул Ғани Барадарға жүктелгені белгілі болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG