Accessibility links

Қарағандыда бұрынғы шахтер моральдық өтемақыға қол жеткізді


"АрселорМиттал Теміртау" комбинатының ғимараты. Көрнекі сурет.
"АрселорМиттал Теміртау" комбинатының ғимараты. Көрнекі сурет.

Қарағанды соты бірнеше шахта мен металлургия комбинатына ие "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын бұрынғы кенші Сергей Авраменкоға моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді. Шахтер бұған дейін кенші болып істеп жүрген кезде пайда болған кәсіби сырқатына байланысты комбинаттан моральдық өтемақы талап еткен. Онлайн режимде өткен сот 22 қыркүйекте аяқталды. Қаулы күшіне енді.

Жауапкер жақтың апелляциялық шағымын қараған Қарағанды облыстық сотының сот алқасы компаниядан жұмысшының пайдасына 884 мың теңге өндіріп беру туралы бірінші инстанциядағы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Комбинаттың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.

Тараптар алты ай ішінде Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіре алады.

Апелляциялық сот отырысы кезінде 2016 жылы бұрынғы шахтер Сергей Авраменконың еңбекке жарамсыздығы 29 пайыздан 50 пайызға артқаны жөнінде дерек келтірілді. Соған байланысты ол бастапқыда компенсация сұрап, компанияға өтініш жазған. АМТ төлеуден бас тартқаннан кейін сотқа жүгінген.

Соттың бірінші инстанциясы шағымды қанағаттандырғанмен компания шешімді апелляцияға берген.

"Нақты жағдайда [шахтердің денсаулығы] кәсібіне байланысты нашарлаған, сондықтан осы жайт моральдық өтемақыны өндіріп алуға негіз болып отыр" деді сот шешімін түсіндірген судья Жанна Егорова.

Қарағанды облысында кәсібіне байланысты сырқаттанып, денсаулығы нашарлаған шахтерлер бұған дейін де бұрынғы жұмыс беруші компаниялардан моральдық өтемақы талап еткен.

"АрселорМиттал Темиртау" – шахталар мен металлургия комбинаттары ғана емес, Теміртауда бірқатар кәсіпорны бар ірі компания.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG