Accessibility links

Суицид дауында аты аталған шымкенттік шенеунік Мәди Манатбектің қызметінен кеткені расталды


Шымкент әкімдігі.
Шымкент әкімдігі.

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасының жетекшісі Мәди Манатбек қызметінен кеткен. Бұл туралы қала әкімінің аппарат басшысы Ғабит Мәуленқұлов Азаттық сауалына жолдаған хатында мәлімдеді.

Өзіне қол жұмсады деген жазушы Аягүл Мантайдың өлімінен кейін болған дауда шенеуніктің аты жиі аталған.

Мәуленқұловтың мәлімдеуінше, Мәди Манатбек 13 тамыз күні қызметінен кету жөнінде өтініш берген. Хатта өтініштің қашан мақұлданғаны жазылмаған, бірақ 25 тамыздан бастап басқарма басшысы міндетін атқару Манатбектің орынбасарына жүктелгені айтылған. Шымкент әкімі аппаратының хатында Манатбектің бұл өтінішті "Нұр-Сұлтан қаласына басқа жұмысқа ауысуына байланысты" бергені жазылған.

29 шілдеде жазушы, "Серпер" жастар сыйлығының лауреаты, "Жүрекке оралу" кітабы мен "Жаңбырлы көктем" әңгімелер жинағының авторы Аягүл Мантай Түркістан облысы Жетісай ауданы Байқоныс ауылындағы үйінде өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Облыстық полиция департаменті қылмыстық кодекстің "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу әлі жүріп жатыр. Іс бойынша Мәди Манатбек куә ретінде шақырылған. Ол Азаттыққа жазушының өліміне еш қатысы жоқ екенін айтып, желі қолданушыларын "мән-жайды көріп-білмей, сырттан тон пішпеуге" шақырған.

Азаттық Мәди Манатбектің өзінен пікір сұрамақ болып, қоңырау шалды, бірақ телефоны сөндіріліп тұрды. 43 жастағы шенеунік еңбек жолын журналист ретінде бастаған. Түрлі жылдары "Қазақстан" телерадио кешені басшысының орынбасары, BAQORDA media group компаниясының бас директоры, "Қазақ радиосының" басшысы, "Отандастар" қорының вице-президенті, "Астана" радиостанциясының директоры қызметтерін атқарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG