Accessibility links

"Ол сөзді көтере алмады". Жазушы Аягүл Мантайдың қазасы жайлы жақындары мен таныстары не деді?


Аягүл Мантай
Аягүл Мантай

29 шілдеде жазушы, "Серпер" жастар сыйлығының лауреаты, "Жүрекке оралу" кітабы мен "Жаңбырлы көктем" әңгімелер жинағының авторы Аягүл Мантай Түркістан облысы Жетісай ауданы Байқоныс ауылындағы үйінде өзіне қол жұмсап қайтыс болды.

Оқырман қауым, қаламгерлер, Аягүл Мантайды журналист және жазушы ретінде таныған әріптестері мен дос-жараны оның талантын, адами болмысы мен тазалығын, әділет сүйгіштігін айтып қайғырды.

Кей жазушылар Аягүл Мантайдың "басқалар мойындамаса да, әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде оқырман мойындаған талантына" назар аударды. Жазушы Зәуре Батаева оның "қазақ тілінде не бір жүйелі ғылыми ақпарат жоқ, не бір жүйелі сақтану шаралары жоқ, не істерге білмей абдырап қалған жұртты нәубеттен сақтануға шақырған" жазбалары коронавирус кезінде оқырманға рухани қолдау болды деп жазды.

Алайда, халыққа қолдау болған сол Аягүл Мантай өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмды. "Аягүлді сақтай алмадық", "оның жан әлемін қазақ қоғам қабылдай алмады", "әділетсіз қоғамнан орнын таппай кетті" деп қиналғандар көп болды.

Жазушының өлімінен кейін әлеуметтік желідегі кибербуллинг мәселесі де жиі сөз болды. Облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Азаттық марқұмның үйіне барып, жақындарымен сөйлесті және әлеуметтік желіде аты аталған әріптес, таныстарының пікірін білді.

"АЯШЫМ-АУ, АЯШЫМ, КЕЛМЕСКЕ КЕТТІҢ-АУ..."

Байқоныс – Шымкенттен оңтүстікке қарай 260 километр жерде, Өзбекстанмен шекарада жатқан мүлгіген шағын ауыл. Таксист "Өткенде өзіне қол жұмсаған қыздың үйі ме?" деп бірден сұрады да, бізді Аягүлдің соңғы күндері өткен үйге әкеліп тастады.

Орамал салып, өңі қуаңқы тартқан Гүлзағира апайдың "Аяшым-ау, Аяшым-ау, келмеске кеттің ғой" деп зар еңіреген жоқтауы құйқа тамырыңды шымырлатады.

Ақшаңқан үйді Аягүл әкесіне ақша әкеліп жүріп, есейгенде өзі салғызыпты. Жатқан бөлмесі қаңырап бос тұр.

ЖАЗУШЫНЫҢ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ

Гүлзағира Мантаева, жазушы Аягүл Мантайдың анасы:

Жазушы Аягүл Мантайдың анасы Гүлзағира Мантаева. 7 тамыз 2021 жыл. Түркістан облысы Жетісай ауданы.
Жазушы Аягүл Мантайдың анасы Гүлзағира Мантаева. 7 тамыз 2021 жыл. Түркістан облысы Жетісай ауданы.

– 27 шілде күні сағат 12:30 шамасында Аягүл үйге келді. Қатты жүдеу, көңілсіз көрінді. Бір кесе сорпа мен екі қызанақ турап жеді де, тым-тырыс жатты. Ештеңе деген жоқ.

Түстен кейін бөлмесіне кірдім. "Балам, тамақ істейік" дедім. Етін мол салып, картобын қып-қызыл етіп қуырып тамақ істеді. Далада тамның жанында отырып екеуміз шай іштік. "Қызым, неге бұлай азып кеттің?" деп сұрадым. "Мама, ары шаптым, бері шаптым, шаршадым" деді.

Ертеңіне ерте тұрып ет астым. Кіші тамда қамыр илеп отыр едім, есіктен қарап тұр екен. Бұл тамда ара бар еді. Шағып алмасын деп "кірмей-ақ қойшы" дедім. "Мама, сізге қара-а-ап тұрмын ғой" деді даусын созып. Содан ары-бері жүрді де қойды. Түсте абысынымды да тамаққа шақырдым. Аягүл бірге отырып тамақ ішпеді. Бөлмесіне тамақты апарып бердім. "Мама, ештеңе жегім келіп тұрған жоқ, кейін ішемін" деді.

Бесін кезінде далада отырып ас іштік. Сорпа ішті. Содан жатты. Түн ортасында далаға шығып отырды. Қарбыз жедік. "Мама, сіз теледидар көре беріңіз, мен жазу жазамын" деді. Түн ортасында сыртқа шықсам, тық-тық етіп ноутбугімен жазу жазып отыр екен. "Қызым-ау, жатсаңшы, шаршадым деп едің ғой" дедім. "Жоқ, мама, жұмысымды жазып қояйын" деді.

Сағат бесте таң намазын оқуға тұрдым. Далада дәрет алып жүрсем тықыр-тықыр еткен дауыс шықты. Мысық екен деп ойладым. "Мама, мен ғой" деді. "Әй, неғып тұрсың?" дедім. "Сізді күтіп тұрмын" деді де, "мама" деп құшақтап екі бетімнен сүйді. "Сағынып кеттім" деді.

Содан соң намаз оқыдым, тәспі аудардым. Үй тірлігімен жүрдім. Қанша уақыт өткенін білмеймін, Аягүлдің бөлмесіне кірдім. Екі терезе ашық тұр екен. Өзі жоқ. Жүгіріп далаға шықтым. "Айка!" деп едім, жауап бермеді. Үй алдындағы тамға кірдім. Кейде, шай қойып диванның үстінде отыратыны бар еді. Ол жерде де жоқ. Сыртқа шығып, кіші там жанындағы қораға қарадым. Есігі ашық тұр екен. Ішке кірсем, қызым тұр ғой... Жан дауысым шығып шыңғырдым... Содан кейін не болғанын білмеймін...

Айқай салған соң жан-жақтан адамдар келіп, қызымды дереу шешіп алып, үйге әкелген екен. Үлгермедік.. Кетіп қалыпты...

Ол менің көйлегімді мүлде кимейтін. Бұл жолы келгеннен көйлегімді киді. Түске дейін бір, түстен кейін басқа көйлегімді киді. Кешке шомылды, басын өзі жуды. Бұрын бір күн демалып, көршілермен, ағайынмен амандасып шығатын. Бұл жолы үйден шықпады.

Қызым не істесе де маған айтатын. Мінезі жұмсақ, ақкөңіл еді. Бауырмал болатын. Кеткеннен кейін ес жинай алмай отырмыз...

Жазушы Аягүл Мантай тұрған үй. Түркістан облысы Жетісай ауданы Байқоныс ауылы. 7 тамыз 2021 жыл.
Жазушы Аягүл Мантай тұрған үй. Түркістан облысы Жетісай ауданы Байқоныс ауылы. 7 тамыз 2021 жыл.

Бану Оңдасынова, жазушы, Аягүл Мантайдың құрбысы:

– Соңғы рет 28 шілде күні түнде сөйлестік. Қатты қиналып отырғанын айтты. "Бір аптаға ауылға келші, жанымда болшы" деді. Бірақ өз-өзіне қол жұмсайды деп ойламадым. Таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанда сіңлісі Аягүлдің қайтыс болғанын айтты. Не істерімді білмедім. Бармағаныма өкіндім.

Аягүл өте сезімтал еді. Мінезі тік болды. Еркіндікке ұмтылды. Бұған дейін мұңайған, қиналған кезі болғанымен, өз-өзіне қол жұмсау туралы сөз болмады.

КҮЙЗЕЛІС ПЕН ЖАЛҒЫЗДЫҚ ТУРАЛЫ

Тоты Мантай, жазушы, Аягүл Мантайдың сіңлісі:

– Аягүл сезімтал, жүйкесі әлсіз болды. Ол ерекше туған адам ғой. Сөзді бірден түсініп қоятын. Ондай адамға өмір сүру қиын еді.

Ол әкеме жақын болды. Әкеме тартқан интеллектуал еді. Әкем де әділетсіздікке төзбейтін. Қазір анамда не жүрек қалды дейсіз? Бұдан бұрын төрт баласы қайтыс болған, енді қызы қайтты.

Бану Оңдасынова, жазушы Аягүл Мантайдың құрбысы:

– Ол соңғы кезде күйзеліске түсіп, жалғызсырап жүрді. Өйткені өмірінде біраз сәтсіздік болды. Ол – әдебиеттің адамы, жазушы. Мемлекет тарапынан, жазушылар одағы тарапынан қолдау көрмеді. Ол қолдау, қамқорлық күтті. Жеке өмірі болмады. Отбасы, баласы болмады. Бұл – әйел адам үшін өте қиын нәрсе. Сезімі жауапсыз қалды.

Аягүлге үлкен стресс әкелген – інісінің қазасы. 2018 жылы тамыз айында жалғыз інісі Тұратбек Мантаев 34 жасында көлік апатынан көз жұмды. Бұл қаза оның қабырғасын қайыстырып, жүрегіне жара салды. Соңғы жылдары үнемі ашушаң, шаршаңқы жүрді. Көп жазбай кетті.

Аягүл Мантай тұрған ауыл. Түркістан облысы Жетісай ауданы Байқоныс ауылы. 7 тамыз 2021 жыл.
Аягүл Мантай тұрған ауыл. Түркістан облысы Жетісай ауданы Байқоныс ауылы. 7 тамыз 2021 жыл.

ОРЫНДАЛМАҒАН АРМАНДАР ТУРАЛЫ

Тоты Мантай:

– Бәріміз Аягүлге арқа сүйейтін едік. Мені, ағамды докторантураға дейін оқытты. Бүкіл ауыртпалық өзіне түсті. Ғылым докторы болсам да, Шымкентте жұмысқа кіруім қиын болды. Қайтыс болған ағама да тіпті мектептен жұмыс табылмаған еді. Аягүл де Мәскеудегі Ресей халықтар достығы университетін бітіріп келсе де, жұмыссыз қалды. Журналистикадан кетті. Имидждік материалдар жазып, күнін көріп жатты. Жұмыссызбын демеді.

Аягүлдің арманы – шығармашылықпен айналысып, жеке үй алу, жайлы өмір сүру, балалы болу еді. Оған ер адамның махаббаты жетіспеді.

Аягүлдің балалық шағының өзі керемет өткен жоқ. Өзбекстанмен шекарадағы ауылда тұрамыз ғой. Жоқшылықта өстік. Кейде үйде нан болмай қалатын. Орнына картоп қайнатып жейтінбіз. Мамам жалғыз жұмыс істейтін. Енді адам болдым деген кезде жоқшылықтан өлді деген күлкілі нәрсе.

Аягүл өз шығармасын жариялап, елге танылу үшін Facebook-ке кіріп кетті. Өзін сақтау үшін, сынып кетпеу үшін жазды. Өйткені оның әңгімелерін газеттер басқан жоқ. Әлеуметтік желіден оқырманын тапты. Содан кейін ғана әңгімелері басылды.

Бану Оңдасынова:

– Аягүл өзі газеттен, жоғары оқу орындарынан жұмыс сұраса, беретін еді. Оны жақсы көрген, сыйлаған ғалымдар, ректорлар, оқытушылар болды. Өзі қоғамнан жырақтау еді. Қысыламын дейтін. Үйде еркін жұмыс істеген, жұмыс жазған ұнайды дейтін. Бұл – оның болмысы. Ол біреу қамқорлығына алып көмектессе, пәтер жалдап берсе, романымды жазсам деп ойлады.

АЯГҮЛ МАНТАЙДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ТУРАЛЫ

Бану Оңдасынова:

– Аягүлдің әлеуеті мықты еді. Ол сезіммен, адамның жан-дүниесін ақтарып жазатын. Кісінің мұңды, қуанышты кездерін, ішкі конфликтісі мен психологиялық проблемаларын бере алды. Адамның өзін қабылдай алмауы, оның рухани ізденістері, күресі, өмірдің мәнін ойлайтын, құдайды іздейтін кездері - соның бәрін ол жақсы түсінді, оны әңгімелерінде келтіре алды. Кей оқырмандары "жаны мұңға жақын, пессимизм басым" деп сынады. Әр жазушының өзіне жақын тақырыбы болады. Аяшта адамды танитын, көре алатын тереңдік, нәзіктік болды. Ол жазған әңгімелерінің бәрін жариялап үлгерді. Романын бастаған еді. Әлеуметтік қиыншылықтары мен махабаттағы сәтсіздігіне байланысты тоқтап қалды.

Ол елдің өзін іздегенін, жақсы көргенін, мойындағанын қатты қалады.

FACEBOOK-ТЕГІ ӨМІР ТУРАЛЫ

Тоты Мантай:

– Ол Мәди Манатбекпен (журналист, Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасы басшысы – ред.) бес ай бұрын танысты. Мәди Аягүлді Шымкенттің имиджін жасаймыз деп шақырды. Екі-үш рет көпшілік орында кездесті. Жобаларын ұсынды. Бірақ жобамен жұмыс істей ме, жоқ па, бес ай бойы айтпады.

Аягүл Мәдиге "Ақжүніс" бағдарламасы туралы пікір айттым деген. ("Қазақстан" ұлттық телеарнасында 2000 жылдары көрсетілген танымал токшоу, жүргізушісі – журналист Сәуле Әбілдаханқызы. "Қазақстан" телеарнасының Шымкент филиалы жақында Сәуле Әбілдаханқызының қатысуымен қайта көрсете бастаған – ред.) Мәди "Ақжүністі" ашқаннан соң барлық көңілді Сәуле Әбілдаханқызына және (телепродюсер – ред.) Әлия Құдайбергеноваға аударды. Содан Аягүлде қызғаныш пайда болды. "Қой" дедім. [Осы туралы] Мәдиге жазған хатты Сәуле көрген. Сәулемен алысқан жоқ. Хатты Сәуле оқығанын білген соң қинала бастады. Қорланды.

Аягүлдің хаттарын көрген жоқпын. Өйткені Аягүл кіммен хат жазысса да, артынан тазалап отыратын.

Сәуле Facebook-та жазба жазды, Аягүлдің атын атамады. Бірақ жазбаға пікір білдіргендер "Аягүл Мантай" деді. Ол өлсе сөзден өлетін, шыдамайтын. Намысына тиген, өзін басынған адамдарға шыдай алмайтын. Ол сөзді көтере алмады. Facebook әлемінде өмір сүрді, өлімі де сол әлемнен болды. Нақты қай сөзден болғанын айта алмаймын. Өйткені Аягүл не сезінгенін түсінбеймін ғой. Соңғы кезде қиналды. Өмір сүре алмаймын деді. Сақтағым келді, болмады.

Қазір Аягүлге жаны ашыған болып өз мүдделері үшін пікір жазып жатқандар бар. Ақпарат дәуірінде оны тоқтату да мүмкін емес шығар. Бұл дау да басылады. Өлген адам өлді. Бірақ әлеуметтік желіде артық сөз жазбау, ар-намысқа тимеу үшін заң қабылдануы керек.

Ешкімнің үстінен арыз жазбадым. Оған жүйкем жетпейді. Мен де өзімді Аягүлдің алдында кінәлімін деп санаймын. Жанында бола алмадым деген өкінішім бар.

Адамды ар мазалайды. Бекер жаздық па, бекер жасадық па деген. Сот жүйесі бар. Ешкімнің ізіне түспейміз. Сот қандай шешім шығарса да соған келісеміз. Араласпаймыз. Әркімнің ар азабына саламыз. Аягүлдің кітабын да жарнамалап шығармаймыз. Оның шығармасына уақыт бағасын береді.

Бану Оңдасынова:

– Аягүл соңғы жылдары Facebook әлеуметтік желісінде өте белсенді болды. Виртуал ортада өмір сүрді. Шынайы өмірден алшақтап кетті. Жазбаларына пікір жазса қуанады, қиналады. Әдеби ортада кештер өткізіп, кітаптары жарияланып жатпаған соң, жазбаларын әлеуметтік желіде жариялады. Сол жерден оқырман тапты. Оқырманмен диалогқа түсті.

Қыстыгүні Аягүл Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Манатбектен жұмыс сұраған. Ол ойластырайын деген. Бірақ жұмысқа шақырмады. Сәуле Әбілдаханқызы мен Әлия Құдайбергенованы жұмысқа шақырды. Соған Аягүл ренжіді.

Сәуле Әбілдаханқызы соны білгеннен соң әлдекім туралы Аягүлді белгілемей, атын атамай Facebook-те жазба жаза бастады. Желі қолданушылары мұны "Аягүл Мантай" деп пікір білдірді. Аягүл оны көріп қатты қиналды.

Жардың жағасында тұрған адамды Facebook-тағы бұл шабуыл құзға итеріп, құлатып жіберді.

Сәуле мен Аягүл бұған дейін өмірде кездеспесе де, бір-бірі туралы өте жақсы пікірде болған.

Мәди Манатбек, журналист, Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасы басшысы:

– Адамның өмірі түгіл өлімі де шоуға айналып кетті. Аягүлдің жағдайы – соның дәлелі. Кеткен адамның сыртынан тірі адамдар әлі маздатып, әруаққа тыныштық бермей жатырмыз. Енді анасын, туған-туысын, тірі жүрген жандарды ойлаңыздар.

Бұл жерде мәселе жоқ, кінәлі де жоқ. Тағатсызданып, кінәліні табам десеңіздер, алдымен тергеу ісімен танысып, әліптің артын бағыңыздар. Ең болмаса жан-жақты, бейтарап күйде журналистік зерттеу жүргізіңіздер. Бәрібір жазамын десеңіздер, Аягүлдің шын болмысын, психикалық күйін талдап, жан-жағына, ең жақын достарына көрсеткен агрессиясына да мән берсеңіздер. Бірақ бұған бармағандарыңыз жөн.

Өз басыма келер болсақ, Аягүлге көмектесуге тырыстым. Көп болса үш рет жұмыс барысымен көпшілік ортада жолықтық. Ал оның мен туралы қиялына, эмоциясына қатысым жоқ. Тіпті қанша мазаласа да, ауыр сөздер жазса да, ақылға келер деп, бірде-бір рет жауап қатқан жоқпын. Оған уақытым да, құлқым да болмады. Ешқандай скрин болған емес (әлеуметтік желіде марқұм Аягүлдің құпия хаттарының скриншоттарын әлдекімдер басқа біреулерге жіберіпті деген әңгіме тараған - ред.).

Сәуле Әбілдаханқызына келер болсақ, Аягүлге қамқор болған жанның бірі – Сәуле. Аягүлге көмектесейік, барынша қолдау көрсетейік деп, ізігілікке бастау болған да – Сәуле. Мен оған дейін Аягүлді танымайтынмын.

Жалпы мән-жайды көріп-білмей, сырттан тон пішу – барып тұрған мәдениетсіздік. Айтар болсам сөз де көп, қуа берсек бәле де табылады. Тыншитын кез болады өзі.

Егер әркім өз қара басын ойлап, қолда бардың бәрін елдің алдына жайып сала беретін болсақ, бұл іс тағы бір трагедиямен аяқталады. Енді анасы, сіңлісі, құрбысы Банудың не Сәуленің жағдайы қиын болуы мүмкін. Олар қазір өте ауыр күйзелісте. Сондықтан не жазсаңыздар да ойланып, ақылмен істеңіздер.
Осы уақытқа дейін сабырға жеңдіріп отырғанымды қорқақтық, аярлық деп ойламаңыздар. Қазақы қалыптан аттап кеткім келмейді.

Сәуле Әбілдаханқызы, тележүргізуші:

– Тергеу құпиясына байланысты қазір бұл тақырыпта пікір бере алмаймын. Тергеудің аяқталуын, қорытындысы шыққанын күтемін.

Әлия Құдайбергенова, телепродюсер:

– Мен Аягүлге қанша жылдан бері қамқор, тілектес, қолдаушы болған адаммын. Оған қанша адам куә. Тірісінде қолымнан келген әпкелік, замандастық жақсылығымды көрсете білдім деп ойлаймын.

Ал бұл мәселе туралы ешнәрсе айтқым келмейді. Оның үстіне көзі кеткен адам туралы сыртынан сөз айту, әлдене деу тіптен ауыр. Әрі бұл орынсыз. Сондықтан артық сөздің, артық эмоцияның енді маңызы жоқ.

АЯГҮЛ МАНТАЙДЫҢ FACEBOOK-ТЕГІ ЖАЗБАЛАРЫНАН:

18 шілде, 2021 жыл:

"Бізді Құдай жер бетіне періште кейпінде жіберіп еді, біз оған күнә жасауға қабілетті бейнемізбен ораламыз. Кейбіріміз ғана кірлетіп алған жанымызға жанымыз ашып, тазарғымыз келіп, ар азабын тартамыз. Кейбіріміз өмірге құдды күнә жасау үшін келгендей өзімізді ешқашан өзгерткіміз келмейді".

"Біреудің тағдырын талқылап отырып, моральдық вампирдің рөлін ойнаймыз. Ол адамның жүйкесіне салмақ түсіріп, оны депрессияға түсіретінімізді, тіпті өзіне қол жұмсауға (Құдай сақтасын) итермелейтінімізді пайымдай да алмаймыз. Өз-өзіне қол жұмсап өлетін адамдардың көпшілігі жұрттың сөзінен қорқып, өз өміріне үкім оқиды. "Сұмдық қадамға барыпты, өзін-өзі өлтіріпті" дейміз сосын, "өзін-өзі өлтіру – үлкен күнә" дейміз данышпансып. Өзіміздің адам өлтіруші екенімізді, оның сондай қадамға баруына мәжбүр еткенімізді мойындағымыз келмейді. Демек, өзін-өзі өлтіргендердің күнәсі біздің де мойнымызда екенін, Құдайдың алдында біздің де жауап беретінімізді әсте ұмытуға болмайды".

Аягүл Мантай
Аягүл Мантай

29 маусым, 2021 жыл:

Өмір дегеніміз – салыстыру ойыны. "Салыстыру ойынынан" адамдар "тепе-теңдікті" іздеп шаршайды. Өмірден "тепе-теңдікті" тапқандар көбіне Құдайды ұмытып кетеді, ал таппағандар ұмытпайды. Ұмытпайтыны сол: Құдайға ренжіп, жылайды, ұрсысады, тіпті Құдайға тіл тигізіп, қарғап та жібереді. Өзіне өзі саналы түрде қол жұмсап өлген кез келген адамды ақтап алғым келеді. Бірақ мен о дүниедегі емтиханда қазылар алқасының мүшесі емеспін ғой.

"Жүректегі балансты сақтау – иманға, адамның сеніміне байланысты. Мына өмірде ізгілік жасай алмасаң да, адамдарды жақсы көру керек. Адамды бүкіл кемшілігімен сүйіп, кешіру арқылы Құдайға жақындауға болады".

21 наурыз, 2021 жыл:

"Адам – тас секілді соншалықты мықты, гүл секілді соншалықты нəзік жаратылыс. Біз – жай ғана пендеміз. Сол себепті, бізге қателік тəн. Біз – топырақпыз. Топыраққа, бір-бір төмпешікке айналамыз. Сол себепті, тірімізде кешіруге, кешірім сұрауға үлгеруіміз керек".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG