Accessibility links

«Орыс жастарында ой жарыстыру бар»


Мәскеуде тұратын қазақ қызы Аягүл Мантай.

Қазақтілді жас жазушылардың қатарында белгілі шығармашылық өкіліне айналған Аягүл Мантай Азаттыққа әдебиет, қоғам, жемқорлық, не себепті Мәскеуге кеткені және ішкі ізденістері туралы әңгімеледі.

Аягүл Мантай Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Байқоныс ауылында дүниеге келген. Қазақстанның әдеби ортасында есімі жиі аталатын жас жазушының алғашқы «Жаңбырлы көктем» атты әңгімелер жинағы 2009 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген. Мәскеудегі Ресейдің халықтар достығы университетін (РУДН) бітірген жазушы қазір осы қалада тұрады.

Азаттық: – Соңғы жылдары әңгімелеріңізден гөрі әлеуметтік желідегі сыни-пікір жазбаларыңыз көбейіп кеткен секілді. Бұл жазушының тоқырауы ма, әлде қоғамдағы келеңсіз жайттар жазуға мүмкіндік бермей жатыр ма?

Аягүл Мантай: – Шынымды айтсам, жазу үстеліне сирек отырам. Егер кеңестік кезеңде шығармашылықпен айналысуға жазушыға белгілі бір деңгейде жағдай жасалған уақытта өмір сүрсем де, аз жазатынымды білем. Жалпы аз жазу бұл адамның, жазушының табиғатына байланысты ма деп ойлаймын. Қазір де жатып алып, жаза беретін адамдар менің құрбы-құрдастарымның арасында бар. Шынымды айтсам, бұрын олардың еңбекқорлығына, жанкештілігіне қызығып қарайтынмын. Қазір ештеңеге, ешкімге қызығып қарамаймын. Мәселе аз жазуда да емес, көп жазуда да емес, жақсы жазуда, сосын жазылғанның оқырманға жетуі мен оқылуында. Мысалы, [Лев] Толстой, [Эмиль] Золя, Джек Лондон, [Оноре де] Бальзак және олардың замандастары көп жазған ғой. Ол сондай уақыт болды және олар әдебиет үшін туған адамдар еді. Бірақ оқырманның есінде олардың барлық шығармасы емес, таңдаулы дүниелері қалды.

Ал өзіме келсем, оқырманның есінде қалатын дүниені әлі жаза алмадым, және жаза алам ба, жоқ па, білмеймін. Рас, менде рухани тоқырау [бар]. Сол себепті ештеңе жазғым келмейді. Бірақ өзіңдегі рухани тоқыраудың орнын бірдеңемен толтырғың келеді. Кітап оқисың, жазба жазған боласың. Бұл да, шын мәнінде, өзіңді алдау. Бұрын «Менің жазғаным біреуге керек пе? Оқи ма?» деп ойлайтынмын. Қазір бұл туралы ойламаймын. Себебі өзім үшін, өзімнен арылу үшін жазатынымды түсіндім.

Мәскеуде тұратын қазақ қызы Аягүл Мантай.
Мәскеуде тұратын қазақ қызы Аягүл Мантай.

Азаттық: – Осыдан бірнеше жыл бұрын Facebook парақшаңызда «Қазақстан менің потенциалымды пайдалана алмады. Сосын кеттім» деп жазған едіңіз. Өзіңізді Қазақстанда қандай қызметтен немесе орынтақтан көргіңіз келді және неге ренжідіңіз?

Аягүл Мантай: – Мәскеуге бағыт алған ұшақтың терезесінен сыртқа мұңайып қарап, «елге ешқашан оралмаймын» дегенім де есімде. Қазір ойлап қарасам, ренжитін ештеңе де жоқ екен. Елде жүрген соңғы жылдары жұмыссыз қалдым. Үш жылдан аса жұмыссыз жүрдім. Басында үйі жоқ, көмектесетін ешкімі жоқ адамның Алматыда үш жылдан аса жұмыссыз жүруі оңай емес, әрине. Ауылға қайтуға оқталсам да, қайта алмадым. Тиын-тебенге режиссер мен актерлардың кітабын жаздым, газет-журналдарға мақала жаздым. Айына бір рет шығатын жекеменшік газеттің редакторының, апайдың көзі нашарлап кетіп, сол кісінің орнына айына бір-екі рет барып, газетін оқып, материалдарды редакцияладым. Шынымды айтсам, тұрақты жұмыс болмаған соң, жұмыссыздықтан қажып кеттім. Өзім алғашқы еңбек жолымды газеттен бастаған соң болар, тек газет-журналдың айналасынан жұмыс іздей беріппін. Сосын елде дағдарыс басталды. Баяғыдай емес, газет-журналдың өзіне көп жерде таныспен жұмысқа алып жатты. «Бізде штатта орын бар, редактор сені таниды ғой, фамилияң да бар, сөйлесіп көрсеңші» деп газеттерде істейтін таныстарым шақырып жатты. Бардым. Алған жоқ. Таяуда бір редактордан: «Шыныңызды айтыңызшы, мені неге сол кезде жұмысқа алмадыңыз? Білесіз бе, сізден жұмыс сұрап барған кезімде үйге жаяу қайтқанымды» дедім. Ол кезде жолыма да ақшам болмағанын жалған намыспен айта алмас едім.

Азаттық: – Қандай жауап алдыңыз?

Аягүл Мантай: – «Себебі сен бағынбайтын едің» деді. Жалпы неге журналист, шығармашылық адамы бағынуы керек? Мен осыны, шынымды айтсам, түсінбеймін. Журналистің өзінің жеке пікірі, «мендігі», шығармашылық адамына тән амбициясы болуы керек емес пе? Неге «бағынбайды» деп жұмысқа алмауы керек, неге «бағынбайды» деп басып тастауы керек? Бағынып, басын шұлғи беретін құл ғана емес пе? Жұмыста этикадан, «шекарадан» аттамау керектігіне ішкі мәдениетім жетеді деп ойлаймын. Шынымды айтсам, Қазақстанда тұрғанда мен де «өзімді мына жерден көрсем» деген амбиция болған емес, тек қана «өзімді қалай асыраймын, пәтерге ақшаны қалай төлеймін» деген ой болды және сол ой жеп қойды. Сізге шынымды айтып отырмын.

Азаттық: – Кейінгі жазбаларыңыздың бірінде Қазақстандағы жемқорлыққа қатысты «біз тазармай, билік тазармайды» депсіз. Жемқорлық пен парақорлық – совет дәуірінен келе жатқан үрдіс. Қазіргі өзіңіз өмір сүріп жатқан ел парақорлықтан қаншалықты тазарып кетті?

Аягүл Мантай: – Мәскеуде тұрып жатсам да, бұл қоғамға бөтенмін, бұл қоғам маған да бөтен. Шынымды айтсам, орыс қоғамында болып жатқан мәселелер маған әсер етпейді, себебі, бұл – маған жат қоғам. Ал Қазақстандағы мәселелерге шетте жүрген біраз қазақ алаңдайды деп ойлаймын. Ресейде де «парақорлықпен министр ұсталды, пәлен деген шенеунік сотталды» деген жаңалықтарды естиміз. Мұнда да мемлекеттік тендерлерді «жеңіп» алуда тендерді беруші мен алушының ақшаны бөлісетінін, тіпті мұндағы кейбір параның сомасы біздің елдегіден әлдеқайда жоғары екенін естіп жатамыз. Бірақ біздің елге қарағанда жағымпаздықтың аз екенін байқаймын.

Оқи отырыңыз: "Жастар полиглот болса Қазақстан дамиды"

Сосын байқағаным – мұнда шынымен білімді болсаң, ұлтыңа қарамай, бағалайды. Бизнес жасауға да болады. Біздің елде бизнесмендердің бизнесін тартып алатынын жиі байқап жүрміз ғой. Мұнда да бар шығар, білмеймін. Бірақ анық байқағаным, Еуропа, Америка Ресейге қайта-қайта санкция салып жатқанда, рубль қатты құлдырап кеткен кезде дүкендерде азық-түліктің бағасы қатты өскен жоқ. Себебі билік пен бизнесмендердің арасында диалог бар. Орыс билігінің бизнесмендерге «Сендер бағаны көтермеңдер. Біз сендерге мынандай жеңілдік жасаймыз, мынандай нәрсе жасап береміз» деп ашық диалогқа барғаны анық. Мәскеуліктердің табысы мен алматылықтардың табысын салыстыра алмайсыз. [Сөйте тұра] Мәскеуде азық-түлік Алматымен салыстырғанда арзан.

Азаттық: – Сіз Алматыда тұрдыңыз, оқыдыңыз. «Қазақ – өте қонақжай, қайырымды» деген сөздерді бала күніңізден естіп, оқып өстіңіз. Бірақ әлеуметтік желіде Мәскеу тұрғындарының көркем мінезі туралы арагідік жазып тұрасыз. Және қазақпен салыстырып, қызығатыныңызды байқаймын. Мәскеу тұрғындарының қандай ерекше қасиеттерін атар едіңіз?

Аягүл Мантай: – Бірде марқұм, талантты журналист Рахат Мамырбек Facebook-та мәскеуліктердің өзіне деген жылы қарым-қатынасын жазды. «Қала ішінде баспалдақ атаулыға жақындай бергенде-ақ көлденең жұрт үндемей келіп, сұрамай-ақ [мүгедек бала] арбасының бір шетін көтере жөнеледі, көмектесе кетеді» деп жазып еді. Шынында да, солай. Қайбір жылы елге поезбен бардым. [Мәскеу] метросында чемоданды өзім көтермедім десем болады. Бір баспалдақ көтерілсем, өзімнен де сұрамай, біреуі көтере жөнелді. Сосын «менің бағытым басқа жақта» деді. Одан әрі біреуі көтеріседі. Шымкентке келгенде біз мінген поезд ортадағы жолға тоқтады. Жолда тұрған поезды айналып өтуің керек, не сол поезға мініп, арғы бетке өтуің керек. Бір жігітке «Чемоданымды көтерісіп жібересіз бе?» деп едім, мұрнының астынан күңк етті де, кетіп қалды. Елді сағынып келе жатқан бетім ғой, жабырқап қалдым. Сосын бір кісіге жалындым. Таксидің қасында үш-төрт жігіт шырт түкіріп қойып, әңгімелесіп тұр екен. Менің қиналып келе жатқанымды көрсе де, бетіме қарап қойып, әңгімелесіп тұра берді.

Мәскеуде бірнеше кітапханаға барам. Тіпті кейбір кітапханаларда кітапханашылар шай беріп жатады. Былтыр Шымкенттегі орталық кітапханаға бардым. Бір залда үш-төрт кітапханашы екен. «Іздеген кітабымды таппай жатырмын, көмектесесіздер ме?» деп өтініп едім, біреуі де құлағына қыстырмады. «Кітапханада бес-алты оқырман ғана. Мына залда ғой, жалғыз мен. Үш-төрт адамсыздар, сонда бір оқырманға көмектесуге жарамайсыздар ма? Әңгіме айтуға мен кеткесін де үлгересіздер ғой» деп қатты айтуға тура келді.

Азаттық: – Мәскеуге барғалы шығармашылық ортада жүрсіз. Ресейдің өзіңіз қатарлы жастардың сіз бағалайтын қандай қасиеттері бар?

Аягүл Мантай: – [РУДН-да оқығанда] байқағаным – адамды сыртқы сұлулығымен, киімімен емес, білімімен, талантымен, потенциалымен бағалайды... Жастар арасында біздегідей киім жарыстыру жоқ, телефон жарыстыру жоқ, білім жарыстыру, ой жарыстыру бар.

Орыс жастары біздің жастармен салыстырғанда уақыттарын бағалай алады. Сен оның уақытын алмауың керек, ол сенің уақытыңды алмайды.

Азаттық: – Ал, шығармашыл жастардың саяси белсенділігі салыстырмалы түрде қандай?

Аягүл Мантай: – Шығармашыл жастардың саяси белсенділігіне бірыңғай сипаттама беру қиын. Біреу Путиннің саясатын қолдайды, бірі оны ұнатпайды. Сынайтындардың өзі «өзге ұлтқа жексұрын болса да, орысқа көп нәрсе жасап жатыр» дейді. Сосын бұлар біздің шығармашыл жастармен салыстырғанда еркін, саяси көзқарастарын да еркін айтады.

Азаттық: – Қандай ой сізді жиі мазалайды?

Аягүл Мантай: – Өзімді біраз уақыт «Богом забытый человек» сезіндім. Қиялға ерік беріп отырғаным жоқ, шынымен осындай күйді басымнан кешірдім. «Құдай ешкімді ұмытпайды» дейді ғой, бірақ түсінесіз бе, сол күйді анық сезіндім. Өмірімдегі ең қиын кез сол уақыт болды. Бұрын көп уақыт Құдайды еске алмаған кезім болатын, бірақ ондай санамдағы, жүрегімдегі, бүкіл болмысымдағы «рухани үңгірді» сезінген емеспін. Қанша жалынсам да, жалбарынсам да, ол мені естімейтіндей, естігісі келмейтіндей көрінді. Мен діншіл адам емеспін, бірақ Құдайсыз да емеспін. Сол күйді қайтадан басымнан ешқашан кешпесем екен деймін. Мен сізге сол күйімді тілмен айтып түсіндіре алмаймын. Құдай туралы, адамдарды Құдайға оралту туралы үлкен шығарма жазуды армандайтынмын. Бәлкім, Құдай адамның басынан сондай да күй өтетінін, Құдай сенен теріс айналған сәтті де сезінуім керек екенін көрсеткісі келген шығар. Білмеймін... Құдаймен үйлесімде өмір сүргім келеді.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Қытайда әлемдегі ең ұзын көпір ашылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:28 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG