Accessibility links

Бір күнде 1,7 мың адамнан коронавирус анықталды, 42 науқас қайтыс болды


Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін аурухана. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін аурухана. Көрнекі сурет.

27 қыркүйекте Қазақстанда 1719 адамның ПТР тесті оң шықты. Бұл алдыңғы күнмен салыстырған 159 адамға аз. Денсаулық сақтау министрлігінің 28 қыркүйек күнгі хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген.

Ведомство басшысы Алексей Цой сейсенбілік брифинг кезінде кейінгі екі аптада елде ауру өсімі 36 пайызға азайды деп мәлімдеді.

Қазір үш облыс пен екі қала коронавирустың тарауы бойынша "қызыл аймақта" тұр: Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Павлодар, Ақмола және Қарағанды облыстары. Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстары "жасыл аймақта". Қалғаны "сарыда" тұр.

Коронавирустың күндік көрсеткіші бойынша Алматы қаласы (413) бірінші орында тұр. Дүйсенбі күні ең төмен көрсеткіш Маңғыстау (10) облысында тіркелген.

Індет басталғалы бері 880 мың адамның ПТР тесті оң шыққан. 11 100-і қайтыс болған. 26 қыркүйекте 35 адам қайтыс болды. Коронавирус жұқтырғаны расталған 3123 адамның өлімі осы індеттен қайтыс болғандардың статистикасына кірмей қалған.

Денсаулық сақтау министрлігі былтыр тамыздан бері есепке ала бастаған коронавирус пневмониясына шалдыққандар 75 мың адамға жетті. 4807-і қайтыс болған. 26 қыркүйекте коронавирус пневмониясына шалдыққандар арасында 7 адам өлімі тіркелді.

Қазір 62 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 10 мыңы – ауруханада. 868 адамның жағдайы ауыр. 218 пациент хәл үстінде жатыр. 139 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тамыздың соңынан бері науқастардың азаюына байланысты Қазақстанда 57 ковид стационары жабылған.

6,4 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. 1,1 млн адам екінші дозасын күтіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG