Accessibility links

"Түсінсем, бұйырмасын". Ақпарат вице-министрі Назарбаевтың "бейресми әйелінің байлығы" жөнінде зерттеуге пікірін айтты


"Пандора құжаттарында" Әсел Құрманбаева Назарбаевтың "тоқалы" деп көрсетіледі.
"Пандора құжаттарында" Әсел Құрманбаева Назарбаевтың "тоқалы" деп көрсетіледі.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) Pandora Papers атты зерттеуін "оқымаған". Зерттеуде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі Әсел Құрманбаеваның "офшордағы құпия келісімнен миллиондаған доллар пайда көргені" айтылады.

— Бұл сұрақтың бүгінгі брифинг тақырыбына еш қатысы жоқ. Не туралы айтып жатқаныңызды түсінсем бұйырмасын. Әзірге оқымадым, — деді Тілепов президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған "еститін мемлекет" концепциясына арналған жиында.

Модератор журналистерді "тақырыпқа қатысы мәселелер бойынша ғана сұрақ қоюға" шақырды.

Азаттық тілшісі "еститін мемлекет" OCCRР-дің офшор жайлы зерттеуін ести ме, көре ме деп сұрақ қойған. Тілепов "егер ол бір жерде жарияланса, әрине, естиді" деп жауап берді. Зерттеудің жарияланып қойғанын айтқан кезде шенеунік "қоғамда мәселе талқыланады, мемлекеттік органдардың қатысы не?" деді.

Азаттық тілшісі Тілеповтен "Жемқорлықты зерттеу орталығын беделді ұйым ретінде санайтындығы-санамайтындығы" туралы сұрады.

— Аталған ұйымның қызметімен таныс емеспін, оған сенуге бола ма, жоқ па, айта алмаймын. Ресми ақпарат көзіне сенуге болады. Менің ұстанымым осындай, — деді вице-министр.

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) жаңа зерттеуінде "Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі Әсел Құрманбаева офшордағы құпия келісімнен 30 миллион доллар пайда көрген" деп жазған.

OCCRP бұл келісімге Назарбаевтың сенімді серіктері саналған олигархтар Владимир Ни мен Владимир Кимнің қатысы бар дейді. Зерттеушілердің жазуынша, Құрманбаева ақшаны 2010 жылы Владимир Нидің өлімінен екі ай өткенде алған. Ақша Нидің қызына өткен компаниядан түскен, ал Владимир Ким төлемнің куәсі болған.

OCCRP тілшілері осы мәселе жөнінде Назарбаевқа, Кимге, Нидің отбасына және Құрманбаеваға сауал жолдаған. Олардың ешқайсысы жауап бермеген.

3 қазанда жарияланған зерттеу офшордағы құпия келісімдер мен жасырын байлықтарды көрсететін құжаттарға сүйенген. "Пандора құжаттары" деген атауға ие болған досьеде 12 млн файл бар.

Назарбаевтың туыстары мен жақындары офшор құжаттарының әшкере болуына байланысты осыған дейінгі зерттеулерде де аталған. Олардың арасында экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев, күйеу баласы Тимур Құлыбаев, немересі інісі Қайрат Сатыбалды және өзгелер бар. Билік журналистік зерттеулерден кейін тергеу амалдарын бастаған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG