Accessibility links

Францияда католик шіркеулеріндегі бала зорлау қылмысы туралы баяндама жарияланды


Католик шіркеулеріндегі бала зорлау қылмысын зерттеген тәуелсіз комиссия жетекшісі Жан-Марк Сове журналистер сұрақтарына жауап беріп тұр. 5 қазан 2021 жыл.
Католик шіркеулеріндегі бала зорлау қылмысын зерттеген тәуелсіз комиссия жетекшісі Жан-Марк Сове журналистер сұрақтарына жауап беріп тұр. 5 қазан 2021 жыл.

Баяндама соңғы 70 жылды қамтиды. Үш мың беттік есепті Францияның бұрынғы вице-президенті Жан-Марк Сове жетекшілік еткен тәуелсіз комиссия әзірлеген. Бұл жөнінде арнайы комиссияның ресми сайтына сүйенген Meduza порталы жазды.

Комиссия құрамына заң, тарих, теология, әлеуметтану сияқты түрлі салада маманданған және түрлі дін өкілдерінен құралған 21 адам кірген.

Есептегі мәліметке қарағанда, Францияда 1950 жылдан бері 216 мың кәмелетке толмаған бала священник, монах пен монахинялардан зәбір көрген. Одан бөлек, 114 мың бала католик шіркеуі немесе мектептерінде істеген белгілі бір діни мәртебесі жоқ қызметкерлердің зорлығына ұшыраған. Зәбір көргендердің 80 пайызы - ер бала. Зерттеу авторлары мұны католик шіркеуіне ғана тән құбылыс ретінде атаған, себебі өзге қоғамда көбіне қыздар зорлық құрбанына айналады.

Есепті әзірлеу кезінде комиссия мүшелері жәбірленушілермен, озбырлық көрсеткендермен сөйлесіп, архив ақтарған, статистикалық зерттеулерді пайдаланған. Зардап шеккендердің арасында 6500 адам куәлік еткен. Зерттеу авторлары жәбірленушілерді тауып, оларды куәлік етуге көндіру қиын болғанын атап өтеді.

Комиссия 1950-2020 жылдардағы бала зорлау мен жыныстық зорлық-зомбылық көрсетуге кемінде 2900-3200 священник пен монахтың қатысы барын анықтаған. Олар осы кезеңде Франциядағы шіркеулерде қызмет атқарған. Сарапшылар "агрессорлар" қатары көп болуы ықтимал, бірақ шіркеу мен полицияда олар жайлы мәлімет жоқ деп ескертеді.

Комиссия өкілдерінің сөзіне қарағанда, Францияда католик шіркеулерінде балалар жүйелі түрде зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Олардың басым бөлігі немесе 55,9 пайызы – 1950-70 жылдары болған. Барған сайын саны төмендеген, бұл Францияда католик шіркеулеріндегі діндарлар мен қызметкерлер санының сиреуімен байланысты болуы мүмкін.

Есеп авторларының сөзіне қарағанда, католик шіркеуі 1990 жылдарға дейін мұндай даулардан өзін аулақ ұстауға тырысып, жәбірленушілердің арыз-шағымын тыңдамаған. Тек 2015 жылдан бері шіркеу зорлық-зомбылық барын мойындай бастаған.

Комиссия католик шіркеуіне 45 рекомендация жасап ұсынған. Арасында жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қолдауға арналған шұғыл желі ұйымдастыру, жыл сайын шіркеу қызметкерлерінің қылмысы жөнінде есеп жариялау, жәбірленушілерге өтемақы төлеу сияқты ұсыныстар бар. Одан бөлек, комиссия шіркеуге "неке құрмаудың этика талаптарын" әзірлеуді және оның священник статусына әсерін анықтауды, "хиротония" рәсімін жасайтын священниктер қатарына неке құрған ерлерді алу мүмкіндігі, қылмысқа қатысы бар оқиғаларға діни құпия принципінің жүрмейтіндігін түсіндіру мәселелерін қарастыруды ұсынған.

Арнайы комиссия бұрынғы діндар Бернар Прейн мен архиепископ Филипп Барбаренге байланысты атышулы даудан кейін 2018 жылы құрылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG