Accessibility links

Азаттықтың Орыс қызметіне мақала жазған үш журналист пен Bellingcat "шетел агенті" болып танылды


Ресей әділет министрлігі "шетел агенті" ретінде танылған ақпарат құралдарының тізіміне Азаттықтың Орыс қызметімен әріптестік орнатқан журналистер Татьяна Вольтская, Екатерина Клепиковская және Елена Соловьеваны қосты. Тізімге Bellingcat жобасы да енгізілген.

Реестрге сонымен бірге "Дождь" телеарнасының тілшісі Даниил Сотников, BBC агенттігінің Орыс қызметінің тілшісі Андрей Захаров, "Настоящее время" тілшілері Елизавета Сурначева, Роман Перл, журналист Евгений Симонов, "БАҚ құқығын қорғау орталығының" жетекшісі, заңгер Галина Арапова қосылған.

Азат Еуропа/Азаттық медиакорпорациясының президенті Джейми Флай Ресей әділет министрлігінің шешіміне байланысты мәлімдеме жасады.

"Кремльдің АЕ/АР әріптестік орнатқан бес азаматқа шығарған шешімін Ресейдегі тәуелсіз БАҚ-ты тұншықтыру үшін жасалған кезекті талпыныс деп бағалаймыз. "Шетел агенті туралы заңды" сылтауратып, оны Ресей азаматтарына қажет ақпаратқа бақылау орнату құралы ретінде пайдаланылуына қарсымыз" деді Флай мәлімдемесінде.

Сурначева, Сотников және Захаров бұрын Ресейде "жабылуы тиіс" ұйым ретінде танылған "Проект" жобасымен әріптестік орнатқан. Ал жобаның бұрынғы бас редакторы Роман Баданин– "шетел агенті" ретінде танылған ақпарат құралдарының қатарында.

Британдық BBC агенттігі Ресей билігінің Захаровқа қатысты шешімін түбегейлі түрде жоққа шығарды.

"Әлемде BBC агенттігін тәуелсіз әрі сенімді ақпарат көзі ретінде біледі. BBC News қызметі 80 жыл бойы орыстілді аудиторияға анық әрі маңызды ақпарат жеткізіп келе жатыр" делінген басылым хабарламасында.

Ұйымдар арасында Bellingcat'тан бөлек, "шетел агенті" тізіміне "Кавказский узел" құрылтайшысы "МЕМО" және M.News басылымының қожайыны енген.

Ресейде қазір ондаған адам мен БАҚ "шетел агенті" ретінде танылған. 2021 жылдың басынан бері тізім 68 пунктіге көбейген. Кейінгі жарты жылда "шетел агенті" ретінде танылған БАҚ-тың қатарына "Важные истории", The Insider, VTimes.io, "Медуза", "Первое антикоррупционное СМИ", "Дождь" телеарнасы енген. Тамыз басынан бері билік "Открытые медиа" және "МБХ медиа" сайттарын жапты.

Ресейдегі 20 шақты тәуелсіз басылым редакторлары мен өкілдері 1 қыркүйекте "шетел агенті" тізімін жоюды және "шетел агенті" туралы заңға 12 түзету енгізуге шақырған. Олар Ресей басшысы Владимир Путин, баспасөз хатшысы Дмитрий Песков және әділет министрі Константин Чуйченкоға ашық хат жолдаған. Кремль журналистердің заңды түзету туралы үндеуін қарастыруға уәде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG