Accessibility links

Жаңаөзенде "КЕЗБИ" жұмысшылары ереуілді тоқтатты


"КЕЗБИ" компаниясының жұмысшылары ереуілдетіп отыр. Жаңаөзен, 1 шілде 2021 жыл.

Жаңаөзенде мұнай өндіруші "ӨзенМұнайГаз" компаниясының бұрғыларын жөндейтін "КЕЗБИ" мекемесінің жұмысшылары ереуілді тоқтатты. Бұл жөнінде компания басшылығы мен жұмысшылардың өздері хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, 12 қазанда кешке қарай ереуіл тоқтап, жұмысшылардың барлығы жұмысқа шыққан.

– Ереуіл тоқтады. Жұмысшылар жұмысқа шығып кетті. Талаптарымыз орындалды. Сыйақы береді. Ақшаны толықтай төлейді. Негізі келісім-шартта сыйақы мөлшері 25-35 пайыз болады деп көрсетілген. Ал бірақ бұлар төменгі мөлшермен 5-10 пайызбен берді. Сондықтан халық жалақының төмендеп кеткеніне байланысты наразылыққа шықты, – дейді Жолмұрат есімді жұмысшы.

Оның сөзін өзге жұмысшылар да растады.

Компанияның атқарушы директоры Айгүл Өтешова "Талаптары орынсыз, бірақ стимул болсын деп, норманы орындамағандарға да сыйақы бердік" деді.

Шілде айында "КЕЗБИ" компаниясы жұмысшыларының бір аптаға созылған ереуілінен кейін тараптар келісімге келіп, жұмысшылар талаптарының ішінара орындалғанын айтқан еді. Бірақ қазан айының басында компания жұмысшылары компания келісім-шартта көрсетілген сыйақыны бермей отыр деп жұмысты тоқтатып, ереуілге қайта шыққан.

Бір күн бұрын компания басшысы Бітім Кезбаев Азаттыққа "еңбек шартында көрсетілген талаптардың бәрін орындап отырғанын, сыйақы мөлшері істелген жұмысқа орай төленіп жатқанын" айтқан.

Қазақстанда түрлі мекемелерде жұмысшылар жалақы өсіруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп жиі ереуілдетеді. Елде ереуіл жұмысшылардың лайықты жалақы талап етіп, талабын орындататын негізгі әдіске айналды. Кейбір жұмысшылардың талабы ереуілден соң орындалады, кейбірі наразылық білдіргені үшін жұмыстан қуылады.

Сарапшылар елде ереуілдің жиілегеніне жұмыс беруші мен жұмысшы арасында көпір болатын тәуелсіз кәсіподақтың жоқтығымен байланыстырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG