Accessibility links

Журналист Махамбет Әбжан мемлекеттік күзет қызметі өкілінің қысым көрсеткенін айтты


Журналист Махамбет Әбжан.
Журналист Махамбет Әбжан.

Мәжіліс отырысы алғаш рет БАҚ өкілдеріне ашылған күні журналист Махамбет Әбжан мемлекеттік күзет қызметкерінің қысымына ұшыраған. Бұл оқиғаға журналистер де жартылай куә болды.

Orda.kz тілшісі Махамбет Әбжанның айтуынша, 20 қазанда мәжіліс дәлізінде үкімет өкілдерінің шығуын күтіп тұрған кезде мемлекеттік күзет қызметінің бір өкілі келіп, одан дәлізде түсірген видеосын өшіруді талап еткен. Бұдан соң ол Махамбет Әбжанға "жүр, шетке шығайық" деп лифт жаққа қарай ұстап апарып, есікті жауып алған. Видеоны өшіруді талап етіп, қысым жасаған.

Журналистің өзі түсірген видеода маска таққан, өзін мемлекеттік күзет қызметінің өкілімін деп таныстырған ер адам Әбжанға "біздің қызметкерлерді түсіруге құқығың жоқ, заңда бәрі көрсетілген" деп айтып жатқаны көрінеді. Ал журналист оған кәсіби міндетіне кедергі келтіріп жатқанын айтып, "түсіруге болмайды" деген заңды көрсетуді сұрайды.

Оқиға жайында сәлден соң журналистер естіп, ақпарат құралдары тілшіні жіберуді талап еткен соң мемлекеттік күзет қызметкері жайына кетеді.

"Бұл сөз бостандығына жасалған қысым. [Ақпарат және қоғамдық даму министрі] Аида Ғалымқызы қайда? Бұл не деген бассыздық?" деді Махамбет Әбжан.

Сәлден соң Махамбет Әбжан телеграм-арнасында "әлгі адам кешірім сұрады, видеоны өшірдім" деп жазды.

Қазақстанда журналистер кәсіби міндетін атқару кезінде жиі қысымға ұшырайды. Жергілікті және халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары Қазақстан билігін журналистердің еркін, қауіпсіз жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG