Accessibility links

Тәліптер үкіметіндегі министр жанкешті содырларды мақтап, олардың отбасына жер телімін беруге уәде берді


Сиражуддин Хаккани содырлардың отбасымен кездесіп жатыр. Кабул, 19 қазан 2021 жыл.
Сиражуддин Хаккани содырлардың отбасымен кездесіп жатыр. Кабул, 19 қазан 2021 жыл.

Тәліптер құрған үкіметте ішкі істер министрі міндетін атқаратын Сиражуддин Хаккани (оған халықаралық іздеу жарияланған) өзін жарған жанкешті содырларды мақтап, олардың туыстарына ақша мен жер беретінін айтты.

"Хаккани желілері" тобы жетекшілерінің бірі Сиражуддин Хакканиді АҚШ терроршылар тізіміне енгізіп, оны ұстауға көмектесетіндерге он миллион доллар көлемінде сыйақы тағайындаған.

18 қазанда Хаккани Кабулдағы Intercontinental қонақүйінде бірнеше содырдың туыстарымен кездесті. Бұл жөнінде ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Саид Хости хабарлады. Хости мен "Талибан" жақтастарының Twitter-дегі парақшаларында кездесуден суреттер жарияланды. Онда Хакканиге ұқсас адам кездесуге қатысқан адамдарды құшақтап жатқаны көрінеді.

Министрлік хабарламасында Хакканидің өзін жарған содырлардың отбасын жылы қарсы алып, марқұмдарды еске алғаны айтылады.

Ауғанстанның мемлекеттік RTA телеарнасының хабарлауынша, Хаккани әрбір отбасына 125 доллар мен жер телімін бөлуге уәде еткен.

"Талибанмен" байланысты "Хаккани желілері" тобы АҚШ жетекшілік еткен халықаралық коалиция мен халықаралық қауымдастық қолдаған ауған үкіметіне жасалған қанды шабуылдарға жауапты. Тамыз айында тәліптер Кабулды басып алып, ауған үкіметі құлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG