Accessibility links

Астанада полиция белсенді Әсет Әбішевті ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатты


Әсет Әбішевтің бостандыққа шыққан сәті. Алматы облысы, 30 шілде 2021 жыл.
Әсет Әбішевтің бостандыққа шыққан сәті. Алматы облысы, 30 шілде 2021 жыл.

Жуырда мерзімінен ерте босап шыққан азаматтық белсенді Әсет Әбішев "ҚДТ митингісі өтеді" деген күні өзін полицияның ұстап әкеткенін хабарлады. Белсендінің сөзіне қарағанда, ол 21 қазанда шаруаларымен астанаға келген. Сенбі күні таңертең қонып шыққан үйінің маңында полиция ұстап әкеткен.

"Мені алыстағы қандай да бір аудандық полиция бөлімшесіне алып кетті. Ештеңе деп те түсіндірген жоқ. Не шақырту қағазы, не қаулы жоқ. Алып кетті, болды. Қазір аудандық полиция ғимаратында отырмын. Қай аудан екенін де білмеймін. Мұнда отырғаныма бірнеше сағат болды. Ештеңе деп айтпайды, түсіндірмейді" деді Әсет Әбішев күндізгі сағат екіге таман Азаттық тілшісіне.

Астана полициясы әзірге түсініктеме бермеді.

Сенбі күні кешке қарай Әсет Әбішев Азаттыққа хабарласып, полицияның өзін босатқанын хабарлады. Полиция оны ұстау себебін түсіндірмеген.

23 қазанда қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын митингіге шығуға шақырған. Митинг қарсаңында және болады деген күні жер-жерде белсенділердің қамалып, полицияға шақыртылғаны белгілі болды.

Сенбі күні Алматы қаласында полиция "митинг орнында" кемінде бес адамды ұстады. Құқық қорғау органдары адамдарға бір жерге жиналуына мүмкіндік бермеді. Олардың бір бөлігі Арбатта, бір бөлігі Астана алаңы маңында жүрді. Кейбір белсенділер плакат жайып үлгерді. Олар Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларына санкция салуды, саяси тұтқындарды босатуды, жалақы, зейнетақы өсіруді талап етті.

Ақтөбеде митинг өтетін орында полицейлер ары-бері жүрген адамдардың құжаттарын тексеріп, қозғалысты кідірткен. Шымкентте митинг өтетін орынға полициядан басқа ешкім келмеген. Нұр-Сұлтанда Кенесары хан ескерткіші маңына полиция көліктері қойылған. Бірақ белсенділер болмаған.

Белсенді Әсет Әбішев "қылмыстық ұйымды қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" (нақты жағдайда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы, оны Қазақстан соты экстремистік ұйым деп танығанмен Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған) деген айыппен 2018 жылғы қараша айында төрт жылға бас бостандығынан айырған. Биыл 30 шілдеде мерзімінен бұрын босап шыққан.

Қазақстандық құқық қорғаушылар белсендінің саяси себеппен қудаланғанын айтып, оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Билік елде "саяси тұтқын" барын жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG