Accessibility links

18 ел Кремльді тәуелсіз баспасөзді қудаламауға үндеді


Мәскеудегі тергеу комитеті ғимаратының алдында "Өздерің шетел агентісіңдер" деген жазуы бар плакат ұстаған журналист.
Мәскеудегі тергеу комитеті ғимаратының алдында "Өздерің шетел агентісіңдер" деген жазуы бар плакат ұстаған журналист.

БАҚ бостандығы үшін коалициясына кіретін 18 ел үкіметі, оның ішінде АҚШ пен Ұлыбритания да бар, бейсенбіде Ресейдегі баспасөз бостандығын қорғау бойынша ортақ мәлімдеме қабылдады. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаментінің 28 қазанда жариялаған мәлімдемесінде айтылды.

Коалиция құрамына АҚШ, Ұлыбритания, Украина, Австралия, Канада, Чехия, Дания, Франция, Германия, Грекия, Исландия, Латвия, Литва, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Солтүстік Македония, Словакия және Словения кіреді.

Мәлімдеме авторлары Ресей үкіметінің тәуелсіз журналистер мен ақпарат құралдарын қудалауды күшейткеніне алаңдап отыр. Мәлімдемеде "БАҚ еркіндігі азат әрі ашық қоғамның тиімді жұмыс атқарып, адам құқықтары мен еркіндігін қорғау үшін қажет" делінген.

Коалицияның бірлескен мәлімдемесінде Кремль қысымына ұшыраған тәуелсіз және оппозициялық ақпарат құралдары туралы айтылды. Олардың арасында DOXA студенттік журналы, "Проект" жаңалықтар сайты, Bellingcat зерттеу сайты және "Дождь" телеарнасы бар. Ресей билігі "Медуза", "Важные истории", VTimes, The Insider, Mediazona, "ОВД-Инфо", Medium Orient және басқа да көптеген басылымдарды "шетел агенті" тізіміне қосты.

Мәлімдемеде Азат Еуропа / Азаттық радиосының Ресейде қудалауға ұшырағаны да сөз болды. Медиакорпорацияның орыс тіліндегі бірнеше жобасын Ресей билігі "шетел агенті" тізіміне енгізген. Кремль 600-ден астам заң бұзушылық тауып, 4,4 миллион доллардан астам айыппұл салды.

Бұған қоса, Ресей аннексиялаған Қырымда Радио журналисі Владимир Есипенко ұсталды. Ол жалған айыптармен 18 жылға сотталуы мүмкін.

Мәлімдеме авторлары Кремльді тәуелсіз журналистер мен оппозициялық БАҚ-ты қудалағаны үшін сынап, Мәскеуді "адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттерін орындауға" шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG