Accessibility links

Әблязовтың әйелін "ұрлаған" италиялық полицейлер және балалар суициді


Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева және қызы Мадина Әблязова Римдегі баспасөз мәслихаты кезінде. 27 желтоқсан 2013 жыл.
Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева және қызы Мадина Әблязова Римдегі баспасөз мәслихаты кезінде. 27 желтоқсан 2013 жыл.

Осы аптада халықаралық басылымдар сегіз жыл бұрын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың әйелін Италиядан Қазақстанға депортациялауға қатысқан италиялықтардың соты туралы жазды. Бұған қоса, ақпарат құралдары жасөспірімдер арасында суицидтің күрт артқанына да тоқталды.

ӘБЛЯЗОВТЫҢ ӘЙЕЛІН ҰРЛАУҒА «БҰЙРЫҚ» БЕРГЕН КІМ?

Италияның Перуджа қаласында қазақстандық экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуаны Қазақстанға күштеп депортациялаған полицейлер мен судьяның қылмыстық ісі апелляциялық сотта қаралмақ. Бұл жөнінде L’Espresso басылымы жазды. Италиялық журналдың хабарлауынша, аппеляциялық сот алдағы қаңтар айында өтпек.

Шалабаева мен сол кезде 6 жаста болған қызы Алуа 2013 жылғы 31 мамырда Италиядан Қазақстанға депортацияланған. Ақпарат құралдары Әблязовтың бала-шағасын әкетуге Қазақстан елшілігі арнайы ұшақ тауып бергенін де жазған. Бірақ кейін Италияның жоғарғы соты Шалабаеваны депортациялау заңсыз деген шешім шығарып, соңы дипломатиялық және саяси дағдарысқа ұласқан.

Былтыр Перуджа соты "лауазымды тұлғаның кісі ұрлауы" бабымен осы операцияға қатысы бар алты адамды 5 жылдан 2,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Сотталғандар арасында полицияның жедел қызмет, ұйымдасқан қылмыспен күрес және миграция қызметінің әртүрлі лауазымдағы өкілдері мен қаулы шығарған судья бар.

Басылымның жазуынша, 2013 жылғы 28 мамырда «ұзақ жылдық карьерасында Коза Ностраның қауіпті қашқындарын түрмеге түсірген» мобильді топ басшысы Ренато Кортезе Рим полициясы комиссарының ұсынысымен «қазақстандық бірнеше дипломатпен» кездеседі.

«Олар Римдегі Casal Palocco вилласында Мұхтар Әблязов есімді қауіпті қылмыскер тығылып жатқанын айтады. Ол «Римде шабуыл жасауы мүмкін» деген террористік топтармен байланысы бар адам деп көрсетіледі. Дипломаттар Кортезеге іздеудегі адам қару қолдануы мүмкін топтың қасында болуы ықтимал дегенді айтады».

Басылымның жазуынша, «қазақстандық дипломаттар» виллада Әблязовтың әйелі мен кішкене қызы болуы мүмкін екенін мүлде айтпаған.

Италия басылымы «қауіпті адамды» іздеген полицейлердің әрекетін ақтауға тырысады және бұл істе «Италия үкіметі Қазақстанның ықпалына түскен жоқ» деген қорытынды жасайды. «Басқа тараптың қашқынды ұстауына көмектесу ниетінен өзге оның (Қазақстан үкіметінің - ред.) талаптарын орындауға [Италияның] ерекше мүддесі болған жоқ» деп жазады L’Espresso.

Мобильді топ басшысы жан-жаққа сұрау салып, Әблязовтың Интерпол жүйесі арқылы іздеуде жүрген адам екенін анықтаған. Кортезенің өзі Шалабаева тұрған вилланы тінтуге қатыспаған, онымен ешқашан кездеспеген.

Италияның тергеу және арнайы операциялар қызметі (DIGOS) өкілдері вилланы тінтіп, ол жерден екі адамды (Алма Шалабаева мен қызын) иммиграциялық полицияға жеткізеді. Басылымның жазуынша, Әблязовтың әйелі соңына дейін өзін Орталық Африка Республикасынан келген «Алма Аянмын» деп атаған.

Басылымның жазуынша, полиция «тек заң шеңберіндегі міндеттерін атқарып, қашқынды іздеуге қатысқан» әрі «жалған дипломатиялық құжат көрсеткен әйелді сотқа берген».

Полицияның есебіне қарағанда, Шалабаеваның құжаты «қолдан жасалған, төрт беті алмастырылған, тиісті белгілері жоқ, тіпті ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіндерде орфографиялық қателер болған». Соның негізінде Рим прокураторасы оларды елден шығару жөнінде шешім шығарған. Шалабаеваның италиялық адвокаттары тек соңғы сәтте ғана оның Қазақстан азаматы екенін айтып, ОАР паспорты «қауіпсіздік мақсатында» берілгенін мойындайды.

«Әблязов әлемдегі ең кедей елдердің бірінің паспортын қалай алды? Перуджада мұны ешкім сұрамайды» деп жазады басылым.

«Құжаттар мен дәлелдер негізінде жасайтын жалғыз тұжырым – қауіпті қылмыскерлерді іздеуге машықтанған полицейлер өздеріне белгілі процедураларды орындағаны үшін ғана адам ұрлады деп жауапқа тартылып отыр» деп қорытады италиялық журналист.

Шалабаеваның адвокаты бұл істегі нағыз кінәлі адамдардың жауапқа тартылмағанын бұрын да айтқан. "Әділет орнады, бірақ айыпталғандардың бірде-бірінің бұл істе жеке мүддесі болған жоқ. Яғни олар тек бұйрықты орындады, ал ол бұйрықты берген адам жазадан құтылды" деген ол.

Ал Шалабаева соттың әділдігі мен тәуелсіздігіне назар аударған. "Менің елімде бұлай болмас еді" дейді ол.

Мұхтар Әблязов бұл операцияны Қазақстан билігі өзіне қысымды күшейту мақсатында арнайы ұйымдастырды деп санайды.

Қазақстан үкіметінде лауазымды қызметтер атқарып, кейін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қосылған соң сотталған Мұхтар Әблязов кешірім сұрап түрмеден босап шығып, ірі банкті басқарған. Кейін ол басқаратын «БТА банк» мемлекет меншігіне өтіп, Әблязовтың өзі шетелге қашты. Қазақстанда ол «кісі өлтірді», "ақша жымқырды", "қылмыстық топ құрды" деген айыптармен сырттай түрлі жазаға кесілген.

Әблязов бұл айыптардың "саяси астары бар" деп санайды. 2020 жылы қыркүйекте Франция оған саяси баспана берді.

ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ СУИЦИД ҺӘМ «ИНТЕРНЕТТІ БАҚЫЛАУ»

Eurasianet басылымы Қазақстан жасөспірімдері арасында суицидтің күрт артқанына тоқталады.

Бас прокуратураның мәліметі бойынша, былтырмен салыстырғанда, 2021 жылдың төрт айында өзіне қол жұмсап көз жұмған балалар 15 пайызға көбейген. Бұған карантин мен онлайн оқу себеп дейді мамандар.

«Тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық ұйымының жастар арасындағы суицидтің алдын алу жөніндегі үйлестірушісі Айгүл Беймішеваның айтуынша, оқшаулау – «бала ақыл-ойын дамытуға лайық емес жағдай», себебі балалар мектепке барып, құрбы-достарымен араласуы керек.

«Мектеп – бала достарымен араласып, түрлі эмоцияны сезінетін орын. Қашықтан оқыту әлеуметтену функциясын тоқтатып тастады» дейді ол.

Дегенмен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі Қазақстанда пандемиядан бұрын да болған.

ЮНИСЕФ дерегіне сәйкес, Қазақстан 2008 жылы 15-19 жастағылар арасындағы суицид бойынша әлемде бірінші орында болған. Оған кедейлік, ата-анасының ажырасуы, отбасындағы кикілжің және физикалық, психологиялық зорлықтан болған психологиялық жарақат кінәлі делінген.

Қазақстан үкіметі жасөспірімдер өліміне басты себептердің бірі – суицид екенін мойындап, шара қолдана бастады. 2018 жылы көрсеткіш екі есе төмендеді дейді басылым.

Сарапшының айтуынша, кедейлік сияқты мәселелерден гөрі кейбір мәдени нормалар маңыздырақ рөл ойнауы мүмкін. «Қазақстандық ата-аналар махаббат, қарым-қатынас сияқты нәзік мәселелерде балаларымен ашық сөйлесе алмайды» дейді Беймішева.

Кейбір жазылмаған мәдени нормалар кей ата-ананың көмеккен жүгінуіне кедергі болады.

«Ұят, басқалар не дейді деп қысылу – қазақтардың қанында бар қасиеттер» деген сарапшы мектеп психологтарының да құпия сөздерін басқаларға айтып қоятынын ескерткен.

«Ал лауазымды шенеуніктер басқа нәрсені – Интернетті (әсіресе шетелдік) қауіп көреді» деп жазған автор биыл Қазақстан парламенті әзірлеп, бірінші оқылымда мақұлдаған бала құқықтарын қорғау туралы заң жобасына назар аударады. Үкіметті сынаушылар Ресейдегіге ұқсас бұл заңды Интернетке бақылауды күшейте түсуді көздейтін құрал деп атаған.

Ол заң жобасына сәйкес, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер Қазақстанда тіркелуі керек. Заңның мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді онлайн-буллингтен қорғау.

«Ал сыншылар депутаттардың мұндай адал ниеті бар дегенге сенбейді. «Тіл кеспек жоқ» YouTube-арнасының авторы Әсем Жәпішеваның айтуынша, билік жұртты саяси бостандығынан айыру үшін өзекті әлеуметтік мәселені кәдесіне жаратып отыр.

«Балаларды кибербуллингтен қорғау мақсаты – үкіметтің онлайн-платформаны бақылауына мүмкіндік беретін заңды қабылдатудың сылтауы ғана. Қазір интернет – қоғамдық пікірталасқа мүмкіндік берілген соңғы жер» дейді ол.

Видео: Оқушы суициді, юбка акциясы. Назарбаев мектебіндегі жағдайдың анық-қанығы (29 қазан 2021 жыл).

Оқушы суициді, юбка акциясы. Назарбаев мектебіндегі жағдайдың анық-қанығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG