Accessibility links

Әблязовты экстрадициялау ықтималдығы, Италиядағы сот және Қазақстаннан шыққан "жаңа миллиардерлер"


Қазақстандық экс-банкир Мұхтар Әблязовтың Алматыдан оралған жұбайы Алма Шалабаева қызы Мадинамен бірге Римдегі баспасөз мәслихатында. 27 желтоқсан 2013 жыл.

Осы аптада халықаралық басылымдар Қазақстан билігі сырттай өмір бойына соттаған экс-банкир, әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің Ұлыбританияға экстрадициялану мүмкіндігін және оның әйелі Алма Шалабаеваны Қазақстанға ұрлап әкеткендердің сотталғаны туралы жазды. Италиядағы адвокаттар Шалабаеваны ұрлауға тапсырыс бергендердің жазасыз қалғанына назар аударған. Сонымен бірге басылымдар пандемия кезінде әлемдегі демократияның шектелгенін және індет кезінде "үйде қамалғандардың" арқасында табысы еселеп өскен Kaspi.kz компаниясы қожайындарының миллиардерлер қатарына қосылғанын да сөз етті.

"ЕУРОПАДАҒЫ АЛАЯҚТЫҚ ТУРАЛЫ ЕҢ ҮЛКЕН ІСТЕРДІҢ БІРІ"

Мұхтар Әблязов Ұлыбританияға экстрадициялануы мүмкін бе? Brussels Times басылымының шолушысы Патрик Брэкердің жазуына қарағанда, Әблязовқа сұрау салып жүрген елдер белсенді әрекетке көшкен.

"Францияда тұрып жатыр делінетін қазақстандық олигарх Мұхтар Әблязовқа соңғы апталарда қысым күшейді, оны сотқа тарту үшін экстрадициялау туралы ұсыныстар бірнеше тараптан келіп жатыр" деп жазады автор.

Экстрадициялауды талап ететін елдердің қатарына Ұлыбритания да қосылуы мүмкін. Бұған дейін Франция "онда азапқа ұшырауы мүмкін" деген себеппен Әблязовты Ресей сотына бермей қойған. Ал Украина мен Қазақстан оны экстрадициялауды бұрыннан сұрап келеді.

Қазақстандық экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов.
Қазақстандық экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов.

2012 жылы Англия мен Уэльстің жоғары соты "сотты құрметтемегені үшін" Әблязовты 22 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен. "Дегенмен, үкім шығардан бұрын ол Орталық Африка Республикасынан алған болуы мүмкін деген дипломатиялық паспортпен қашып кеткен. Көп ұзамай ол Франциядан төбе көрсетті" деп жазады басылым.

Бұған дейін Британияның ішкі істер министрлігі "сотты құрметтемеу – экстрадициялауды қажет ететін қылмыс емес" деп санап келген. "Бұл жолы желдің бағыты өзгерген тәрізді. Франция да, Британия да бұл ерекше істі қайта қолға алды" деп жазады Brussels Times.

Оның жазуынша, биыл 20 шілдеде британ парламентінің депутаты Бен Брадшоу ішкі істер министріне жолдаған жазбаша сауалында "Жоғарғы соттың Мұхтар Әблязовты тұтқындау туралы 2019 жылғы шілдедегі жаңа ордеріне сәйкес, сіздің министрлік оны Франциядан экстрадициялау бойынша қандай әрекет жасап жатыр?" деп сұрақ қойған.

Бірақ бұл жолы үкіметтен "экстрадициялауға жатпайтын қылмыс" дегеннен өзгеше, таңқалдырарлық жауап келген.

"Бұл істі жақсы білетіндерді сұрақтың өзі емес, сегіз күннен соң қауіпсіздік жөніндегі министр (Minister of State for Security) Джеймс Брокенширден келген жауап қатты таңқалдырды. "Бұрыннан келе жатқан саясат пен тәжірибеге сәйкес, Ұлыбритания мұндай өтініш негізінде тұтқындау болғанға дейін экстрадиция туралы өтініш жасағанын не қабылдағанын растамайды, жоққа да шығармайды" деп жазылған жауапта.

Автордың жазуынша, депутат сауал жолдағаннан біршама уақыт бұрын Ұлыбританияның ішкі істер министрлігі "сотталу тағдыры" Әблязовтікіне өте ұқсас ресейлік олигархты "Франциядан экстрадициялауға ешқандай құқықтық кедергі жоқ" деген.

"Бір кездері "Путиннің банкирі" деген лақап атқа ие болған ресейлік олигарх" Сергей Пугачев те Францияда тұрады, Ұлыбритания соты оны да "сотқа құрмет көрсетпеді" деген айыппен 22 айға бас бостандығынан айыру жазасына сырттай кескен.

Оның үстіне, 14 тамызда Еурокомиссия әр елдің сот органы "бас бостандығынан айыру туралы үкім не қамау туралы қаулыны орындау мақсатында тұтқындау туралы Еуропа ордерін (EAW) бере алады деп мәлімдеді.

Автордың жазуынша, Әблязов "өзін қуғындағы саяси оппозиционер етіп көрсетуге тырысқанына қарамастан", оның істерінен Еуропа одағының институттары хабардар.

Еуроодақтың Румыниядан сайланған социалист депутаты Тудор Чуходару Еурокомиссияға 8 маусымда жазған хатында Әблязов ісін "алаяқтық туралы Еуропадағы ең үлкен істердің бірі" деп атаған және одаққа келетін "заңсыз ақша көлемін азайтудың механизмдерін әзірлеп, Еуропадан табылған арам ақшаны қайтару жолдарын жеңілдетуді" сұраған.

Автордың айтуынша, Әблязов ұрлады деген миллиардтардың көбі қайда кеткені әлі белгісіз. "Осы күнге дейін табылған ақша өте аз" деп қорытады ол.

"ШАЛАБАЕВАНЫ ҰРЛАУҒА ТАПСЫРЫС БЕРГЕНДЕР ЖАЗАЛАНҒАН ЖОҚ"

Мұхтар Әблязовтың жұбайы Алма Шалабаеваны кішкене қызымен бірге Қазақстанға заңсыз депортациялаған италиялық шенеуніктерге қатысты сот үкімі жайлы Италия басылымдары көп жазып жатыр. La Stampa басылымы осыдан 7 жыл бұрын болған бұл істі Италия ішкі істер министрлігі аппаратының басшысы Джузеппе Проккачинидің отставкасына алып келген, министр Анджелино Альфаноға сенімсіздік білдіруге себеп болған және дипломатиялық дағдарыс тудырған оқиға деп бағалайды.

Алма Шалабаева 2013 жылы Италия құқық қорғау органдарының күшімен кішкентай қызымен бірге Қазақстанға депортацияланған. Бұл іс көп ұзамай Италияда дау тудырып, бірнеше айдан кейін Қазақстан билігі оған қызымен бірге Италияға оралуға рұқсат берді.
Алма Шалабаева 2013 жылы Италия құқық қорғау органдарының күшімен кішкентай қызымен бірге Қазақстанға депортацияланған. Бұл іс көп ұзамай Италияда дау тудырып, бірнеше айдан кейін Қазақстан билігі оған қызымен бірге Италияға оралуға рұқсат берді.

Шалабаева мен қызын Римнің түбіндегі үйінен алып кеткен полицейлер оларды бейбітшілік жөніндегі соттың қаулысымен Қазақстанға жедел депортациялаған. Кейіннен депортациялаудың заңсыздығы аян болып, Италия ішкі істер министрі Шалабаеваны депортациялау жөніндегі шешімнің күшін жойған. Әблязовтың бала-шағасы жарты жыл өткен соң Қазақстаннан шығуға рұқсат алған.

Италиядағы Перуджа соты "лауазымды тұлғаның кісі ұрлауы" деп бағалаған бұл операцияға қатысы бар алты адамды 5 жылдан 2,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сотталғандар арасында полицияның жедел қызмет, ұйымдасқан қылмыспен күрес және миграция қызметінің әртүрлі лауазымдағы өкілдері мен қаулы шығарған судья бар.

La Stampa сотталғандардың арасында Италия мемлекеттік полициясы орталық жедел қызметінің бұрынғы басшысы Ренато Кортезаны ерекше атайды. Басылымның жазуынша, ол – елдегі атышулы мафия басшыларын қолға түсірумен әйгілі болған полицей.

Corriere della Serra басылымы да осыған ұқсас қорытынды жасайды. Газеттің жазуынша, “[Бұл іске Италия] ішкі істер министрлігінің тікелей қатысы болғаны ақыры дәлелденбеді”, сондықтан айыпкерлердің адвокаттары апелляциялық шағымда осы жайтқа назар аудармақ.

Corriere della Serra басылымының мәліметі бойынша, бұл айыптаудың “[Қазақстанның Италиядағы] бұрынғы елшісі Андриан Елемесовке және тағы екі ресми тұлғаға қатысы бар, олардың барлығы дипломатиялық қол сұқпау құқымен қорғалған, сондықтан сот арқылы қудалауға жатпайды”.

Шалабаеваның адвокаты Астольфо ди Амато бұл істегі нағыз кінәлі адамдардың жауапқа тартылмағанын айтқан. "Сот әділдігі орнады, бірақ айыпталғандардың бірде-бірінің бұл істе жеке мүддесі болған жоқ. Яғни олар тек бұйрықты орындады, ал ол бұйрықты берген адам жазадан құтылды" дейді ол La Stampa-ға берген пікірінде.

Ал Алма Шалабаева соттың әділдігі мен тәуелсіздігіне назар аударады. "Менің елімде бұлай болмас еді" дейді ол.

Мұхтар Әблязов бұл операцияны Қазақстан билігі өзіне қысымды күшейту мақсатында арнайы ұйымдастырды деп санайды.

"ПАНДЕМИЯ ДЕМОКРАТИЯНЫ ӘЛСІРЕТІП, АВТОКРАТТАРДЫ ЕРКІНСІТТІ"

Freedom House халықаралық адам құқықтары ұйымының сараптауы бойынша, коронавирус пандемиясы басталғалы әлемнің 80 елінде демократияның деңгейі төмендеп, адам құқықтарының жағдайы нашарлаған.

"Бұл тізімде бұрынғыдан да жиіркенішті бола түскен диктатуралар мен стандарттары төмендеген демократиялық елдер бар" деп жазады осы тақырыпқа үлкен сараптама арнаған Economist журналы.

Халықаралық ұйымның есебі бойынша, әлемдегі еркіндік деңгейі 2007-2008 жылдардағы қаржы дағдарысынан бері төмендеп келеді, тек коронавирус індеті бұрыннан бар трендті бірнеше сала бойынша жылдамдатқан.

"Зұлымдыққа қарсы вакцина жоқ" деп айдар қойылған мақалада автор үкіметтердің "вирусты таратады дегенді желеу етіп, наразылық шараларына тыйым салғанын, сыни пікір айтатындардың үнін өшіргенін және азшылық өкілдерін жазықты етіп шығарғанын" айтады.

"Олар төтенше жағдай шараларын сылтау етіп, диссиденттерді қудалады және жалпы үрей атмосферасын ұтымды пайдаланды. Бар жұрттың назары Covid-ке ауғанда, көп елдің автократтары мен автократ болғысы келетін басшылары басқалар қарсылық білдірмек түгіл, байқамай қалады деп ойлап, ойына келген жамандығын жасады" дейді автор.

Былтыр жаппай наразылықтар жылы болған еді, биыл арақашықтық сақтау үшін көп халықтың жиналуына тыйым салды. "Көп [үкімет] үшін бұл өте ыңғайлы болды".

Қазақстан полициясы оппозиция жариялаған митинг кезінде бір-бірін жетектеп тізбек құрып тұр. Билік митинг өтеді деген жерлерде залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр деген себеппен жауып тастап отырды. Алматы, маусым 2020 жыл.
Қазақстан полициясы оппозиция жариялаған митинг кезінде бір-бірін жетектеп тізбек құрып тұр. Билік митинг өтеді деген жерлерде залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр деген себеппен жауып тастап отырды. Алматы, маусым 2020 жыл.

Сонымен бірге, кей елдің үкіметтері осындай аласапыранды пайдаланып, ыңғайлы заңдар қабылдап алды деп жазады журнал авторы. Мәселен, Үндістанда оппозициядан сайланған депутаттардың үкіметке тікелей сауал қоюына мүмкіндік берілмеді. Жиналғандардың денсаулығына төнетін қауіпті сылтау еткен, әрі "дағдарыс кезінде шулы пікірталасқа уақыт кетірудің қисыны жоқ" деген себеппен заңдар жылдам қабылданып кеткен. Премьер-министр Нарендра Моди үш күнде 25 заңды өткізіп жіберген.

"Ресейде [президент] Владимир Путин вирусты өз қажетіне пайдаланды. Қатаң локдаун үшін жауапкершілікті аймақтағы губернаторларға бұрған ол карантинді босаңсытқаны үшін ұпай жинады. Жазда ол өзін 2036 жылға дейін билікте қалдыратын конституция бойынша псевдо-референдум өткізді. Халықтың денсаулығын желеу еткен ол дауыс беруді бір аптаға созып, адамдардың үйде дауыс беруіне мүмкіндік жасады" деп жазады Economist.

Автор Қазақстандағы онлайн соттардың да адам құқықтары ахуалына кері әсер еткенін айтады. "Нұр Отан" партиясын сынаған посты үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген белсенді Әлнұр Ильяшевтің ісін мысалға келтірген автор Zoom платформасы "саяси істерде судьялар біржақты тыңдау өткізді" деген айыптауларға алып келеді деген.

Белсенді Әлнұр Ильяшевтің жақтастары Алматы қаласы Медеу аудандық сотының алдында. 12 маусым 2020 жыл.
Белсенді Әлнұр Ильяшевтің жақтастары Алматы қаласы Медеу аудандық сотының алдында. 12 маусым 2020 жыл.

Автордың жазуынша, жаппай үрей билеген заманда кей автократтардың рейтингі қатты өскен. Тіпті коронавирус инфекциясы ерекше таралып, кісі өлімі көп болған Бразилия сияқты елдердің үкіметтері ерекше қолдауға ие болған.

Бұған қоса, көп ел коронавирусқа қатысты жалған ақпарат таратуды қылмыс қатарына қосқан. "Фейк" дегені "көбіне үкіметке ұнамайтын ақпарат" деп есептейді автор. Осы нөпірдің арасында Никарагуа, Зимбабве сияқты елдерде "елдің үрейін туғызып, байбалам тудыратын" ақпарат таратқандарға түрме жазасын белгілеп қойған.

Пандемия кезінде қарапайым адамдардың да құқықтары шектеліп жатыр. "Мәселен, Өзбекстанда карантин мекемелеріне кіретін адамдар телефондарын қалдырып кетуі керек. Бұл құрал арқылы вирус тарамасын деген мақсатты көздегенімен, іс жүзінде іштегі ауыр жағдайды камераға түсіре алмау үшін жасалса керек" дейді автор. Бұған қоса, Covid-пен күрестегі кемшіліктерді айтқан дәрігерлер де, азаматтық журналистер де қысым көріп жатыр. Мұның барлығы жаңа вирустың шыққанын айтып дабыл қаққан Қытайдың Ухань қаласындағы дәрігерлерден басталған. "Шекарасыз репортерлар" ұйымының жазуынша, осы аралықта 116 азаматтық журналист қамалған.

"ҚАЗАҚСТАННАН ТАҒЫ ЕКІ МИЛЛИАРДЕР ШЫҚТЫ"

Қазақстандық Kaspi.kz компаниясы өткен аптада Лондон сауда биржасына алғаш рет акцияларын шығарып, өте үлкен табысқа жетті. Халықаралық басылымдар қарапайым банктен "қаржылық технология алыбына" айналған бұл мекеменің тарихына үңіліп жатыр.

Forbes-тің жазуынша, компанияның акциялары басында 38 долларға саудаланып, соңында 46,9 долларға дейін жеткен. Компанияның барлығы 4,4 миллион акциясы сатылған. "Бұл орта есеппен күніне 3,8 миллион акциясы сатылатын Ресейдің "Яндексінен" де көп. Бұл – осы жылғы ауқымы жөнінен екінші үлкен, жалпы Еуропадағы төртінші үлкен IPO болды" деп жазады журнал.

Kaspi Bank филиалы. Алматы, 7 қазан 2019 жыл.
Kaspi Bank филиалы. Алматы, 7 қазан 2019 жыл.

"Бұл Kaspi [директорлар кеңесінің] төрағасы Вячеслав Ким мен [басқарма төрағасы] Михаил Ломтадзенің әлем миллиардерлерінің элиталық клубына кіруіне мүмкіндік береді. Ким листингке дейін компания акцияларының шамамен 32 пайызына, ал Ломтадзе 26 пайызына иелік еткен. Демек, Bloomberg миллиардерлері индексіне сәйкес IPO бағасы 33,75 доллар деп есептесек, олардың байлығы сәйкесінше 1,9 және 1,8 миллиард доллар болмақ" деп жазады Bloomberg.

Басылымның топшылауынша, басқа қаржы компаниялары сияқты Kaspi де "коронавирустың таралуымен күресу үшін үйден шықпай қалған жұрттың онлайнға көшуінің арқасында пайдаға кенелген".

"Қазақстан экономикасы мұнай бағасының арзандауынан және Covid-ке байланысты локдауннан жапа шегіп жатқанда, 2020 жылдың бірінші жартысында Kaspi-дің таза табысы 50 пайызға өскен, ал оның мобильді қосымшасын қолданушылар саны былтыр 72 пайызға ұлғайған. Ай сайынғы 7,8 миллион қолданушы оның көмегімен шоттарды төлеп, несие ала алады, жеке қаржысын бақылау құралдарын пайдалана алады" деп жазады Bloomberg.

Басылым сондай-ақ бұл қаржылық-технологиялық компанияның бастауында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының тұрғанына да назар аударады. Автордың жазуынша, Kaspi-дің 35 пайыз акциясының иесі, Мәскеуде орналасқан Baring Vostok инвестициялық компаниясы 2016 жылы Қайрат Сатыбалдымен "елге инвестиция салу жөнінде" келісім жасасқан.

Bloomberg-тің жазуынша, Kaspi-дің директорлар кеңесінің төрағасы Ким 2018 жылы Қайрат Сатыбалдының компаниядағы 30 пайыз акциясын 200 миллиард теңгеге (466 миллион доллар) түгел сатып алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG