Accessibility links

Ауғанстанда әскери аурухана маңында жарылыс болғаны хабарланды


2 қарашада Кабулдағы әскери аурухана маңында екі жарылыс болды. Куәгерлер оқиға орны маңынан атыс естілгенін де хабарлады. Тұрғындар 400-орындық Сардар Мұхаммед Дауд Хан әскери ауруханасы маңынан түтін шығып жатқаны жөнінде суреттер жариялады.

"Талибан" үкіметі жетекшісінің ресми өкілі Біләл Кәрім DPA агенттігіне аурухана қақпасы маңында жарылыс болғанын айтты.

Ауруханадағы дәрігерлердің бірі AFP агенттігіне аурухананың бірінші қақпасы жағынан "ірі жарылыс" естігенін айтты.

"Бізге қауіпсіз бөлмелерге бару қажеттігін ескертті. Атыс болғанын да естідім" деді ол.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Қари Саид Хостидің айтуынша, "Талибан" күштері жарылыс орнына барған, бірақ оқиғаның жай-жапсары белгісіз.

Жарылысты әзірге ешкім мойнына алмады. Тамыз айында тәліптер билікке келгелі бері "Ислам мемлекеті" радикалды қозғалысының бір тармағы – "Хорасандағы Ислам мемлекеті" тобы мешіттер мен өзге де нысандар маңында бірнеше рет қанды шабуыл ұйымдастырған. Аталған топ 2017 жылы әскери ауруханаға шабуыл жасап, салдарынан 30-дан астам адам қаза болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG