Accessibility links

Ресейде түркімен оппозиционері Азат Исаков із-түзсіз жоғалды


Мұрат Овезов (сол жақта) және Азат Исаков.
Мұрат Овезов (сол жақта) және Азат Исаков.

Кейінгі жылдары Ресейдің Мәскеу облысында тұрып келген танымал түркімен оппозициялық белсендісі Азат Исаков із-түзсіз жоғалған. Бұл жөнінде "Хроники Туркменистана" сайты хабарлады. 2 қарашада сайт "Түркімения, бірігіңдер" оппозициялық тобының жетекшісі Чемен Оре сөзіне сүйеніп, 37 жастағы Исаковтың 20 қазаннан бері жоғалып кеткенін айтты.

Оренің айтуынша, жоғалардың алдында Исаков оған "Полиция келді. Мені тапса, алып кетуі мүмкін. Жасырынып отырмын" деп телефон арқылы хат жазған.

Ресей полициясы оқиғаға түсініктеме бермеді.

Чемен Оренің айтуынша, бұған дейін түркімен қауіпсіздік күштері Исаков пен оның Түркіменстанда қалған туыстарына еш негізсіз қылмыстық іс ашатынын айтып, қорқытқан. "Хроники Туркменистана" сайтының хабарлауынша, оны Ашғабатқа депортациялаған жағдайда қамап, азаптауы мүмкін.

Түркіменстандағы оқиғалардан ақпарат тарататын Turkmenistan.news сайты 2 қарашада 48 жастағы видеоблогер Мұрат Овезов былтыр жазда бес жылға бас бостандығынан айрылғанын жазды. Ол коронавирус барын мойындамайтын билікті сынайтын өлеңдерімен танымал болған.

Овезов "алаяқтық" айыбымен сотталған. Бірақ, басылым дереккөзінің мәліметінше, оны әлеуметтік желіде жариялаған материалы үшін жазалаған.

Мұрат Овезов YouTube платформасына 2020 жылы видео жариялай бастаған. Дашоғыз уәлаятының Губадаг елді мекенінде тұратын блогер басқа елдерде мыңдаған адам коронавируспен ауырып жатқанда, Түркіменстанда сақтық шаралары сақталмай отыр деп айтқан.

Түркімен билігі Түркиядағы белсенділер мен олардың елдегі туыстарына қысым жасап жатыр.

Шетелде тұратын түркімен белсенділері былтырдан бері авторитар президент Гурбангұлы Бердымұхамедов саясатын сынап, түрлі наразылық акцияларын өткізіп жүр.

Түркіменстан билігі мұндай істер бойынша ақпаратты өте сирек таратады. Тәуелсіздік алғалы Түркіменстан бар-жоғы екі президентті көрді. Алдымен Сапармұрат Ниязов билік құрып, ол 2006 жылы дүниеден озған соң орнына Гурбангулы Бердімұхамедов келді. Бұл екеуінің тұсында Түркіменстан әлемнің сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі және жемқорлық индексі секілді рейтингтерде мейлінше төмен орындарға жетті. Елде экономикалық ахуал қиын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG