Accessibility links

Министр: Ірі компаниялар қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықтарын азайтады


"АрселорМиттал Теміртау" комбинатынан көтерілген түтін. 2019 жыл.
"АрселорМиттал Теміртау" комбинатынан көтерілген түтін. 2019 жыл.

Ірі компаниялар қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықтарын азайтуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде бейсенбі күні үкімет отырысы кезінде экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді.

"Ірі ластаушылар тарабынан зиянды қалдықтарды қысқарту бойынша жүргізіліп жатқан кейбір жұмыстарға тоқтала кетейін. Мысалы, "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының болат департаменті отынды газға ауыстырып, электрсүзгілерін қайта құру есебінен қалдықтарды 30 пайызға азайтуды көздеп отыр. "Қазақмыс Смэлтинг" Жезқазған мен Балқаш мыс қорыту зауыттары озық технологияларды қолдана отырып, жаңа күкірт қышқыл цехтарын салмақ (кестеге сәйкес, қалдықтарды 51 пайызға азайтпақ – ред.)" деді Брекешев.

Министрдің айтуынша, одан бөлек "Қазцинк" Өскемен металлургия комбинаты жылу алмастырғыштарды ауыстыруды көздеп отыр. Ол қалдықтарды 21% қысқартуға мүмкіндік береді деді.

Үкімет отырысында көрсетілген кестеде бұл көрсеткіштерге 2020-2025 жылдар аралығында қол жеткізу жоспарланып отырғаны айтылған.

Оның айтуынша, 2020-2021 жылдары 83 ірі компанияға аудит жүргізілген. Олардың қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды азырақ шығаруға мүмкіндік беретін озық технологияға көшу деңгейі әртүрлі болып шыққан. Министр бұл мәселе бойынша мұнай өңдеу, цемент, бағалы металл, химия өндірісі салалары алда екенін, электрэнергетика артта қалғанын айтты.

Қазақстан тұрғындары ірі кәсіпорындар мен зауыттардың қоршаған ортаға әсері жөнінде жиі шағымданады. Мысалы, металлургия комбинаты орналасқан 180 мың тұрғыны бар Теміртау қаласының зиянды қалдыққа тұншығып отырғанын жергілікті белсенділер бірнеше жылдан бері айтып, дабыл қағып келеді. Бірақ мәселе шешілмеген. Шенеуніктер комбинаттың табиғатты қорғау шаралары тиімсіз екенін мойындайды. Есеп бойынша, мәселені шешуге миллиардтаған теңге жұмсалған, ал қалдық көлемі бір пайызға жетер-жетпес азайған.

Әлем елдері ғаламдық жылынуды тежеу мақсатында ауаға тарайтын зиянды газдар мен қалдық мөлшерін азайту міндеттемесін мойнына алған. Ресми ақпарат бойынша, Қазақстан жылына орташа есеппен 345 млн тонна көмірқышқыл газын шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG