Accessibility links

Жанболат Ағаділ асы қарсаңында тағы бір белсенді 15 күнге қамалды


Алматы қаласының әкімшілік соты. Көрнекі сурет.
Алматы қаласының әкімшілік соты. Көрнекі сурет.

3 қарашада Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (488-бап, 6-бөлігі) деп айыпталған белсенді Нұртай Шегебекұлын 15 тәулікке қамады.

Сот шешіміне қарағанда, белсенді 5 қазанда қаладағы "Интерконтиненталь Алматы" қонақ үйінің алдында өзге адамдармен бірге "заңсыз митингіге" қатысқан. Сот құжатында белсенділер "А 4" форматындағы қағазға белгісіз адамдардың суретін басып шығарып, бостандық, свобода деп жазып алған" деп сипатталады.

Сот отырысында Нұртай Шегебекұлы тағылған айыпты мойындамаған.

Осыдан шамамен бір ай бұрын Еуроодақтың Адам құқығы жөніндегі арнайы өкілі Имон Гилмор мен Орталық Азия бойынша өкілі Тери Хакала Қазақстанға келген кезде 15 шақты адам Алматыда акция өткізіп, Еуроодақ өкілдерінің назарын елдегі адам құқығы мәселесіне аудартуға тырысқан. Олар "Алматы Интерконтиненталь" қонақ үйі алдында "саяси тұтқындардың" суретін ұстап, оларды босатуды талап еткен. Биліктің саяси көзқарасын ашық айтқан азаматтарды қудалап жатқанын айтқан.

Facebook'тағы #IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists тобы 6 қарашада өтетін Жанболат Ағаділдің асы қарсаңында Қазақстанның түкпір-түкпірінде асқа бармақ болған белсенділерді қудалау үдегенін жазды. Бір күн бұрын белсенді Әсет Әбішев Павлодарда жергілікті полицияның өзіне күш көрсетіп, соның салдарынан ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған. Павлодар полициясы әзірге түсініктеме бермеді.

Апта басында Шымкентте "билік өкіліне бағынбады" деген айыппен үш белсенді қамалған. Кейбір құқық қорғаушылар бұл оқиғаны да Жанболат Ағаділ асымен байланыстырады.

Жанболат Ағаділ - былтыр ақпанда тергеу изоляторында белгісіз жағдайда қайтыс болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы. Ол былтыр қарашада төбелес кезінде пышақталып, мерт болған.

Биыл сәуірде Нұр-Сұлтан соты Жанболат Ағаділге пышақ салды деп айыпталған Өміржан Рахметовті 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған. Сот оны Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" бабымен айыпты деп тапты. Тағы үш адам: Азамат Жұмахан, Мадияр Сыдық және Самат Асболат "Бұзақылық" бабымен айыпты деп танылып, үш жылға түрме жазасына кесілді.

Еуропарламенттің 11 ақпан күні қабылданған Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі қарарында "саяси репрессия кесірінен 2020 жылғы ақпан-желтоқсан аралығында Қазақстанда оппозицияның бес белсендісі қаза болды" деп Дулат Ағаділ мен Жанболат Ағаділдің де атын атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG