Accessibility links

Белсенді Әсет Әбішев Павлодарда полицияның өзіне күш қолданғанын хабарлады


Әсет Әбішевтің бостандыққа шыққан сәті. Алматы облысы, 30 шілде 2021 жыл.
Әсет Әбішевтің бостандыққа шыққан сәті. Алматы облысы, 30 шілде 2021 жыл.

3 қарашада белсенді Әсет Әбішев Павлодарда полицияның өзіне күш қолданып, қолын ауыртқанын хабарлады. Оқиға орнына жедел жәрдем көлігі шақыртылып, белсенді ауруханаға жеткізілген.

Белсенді Арман Иманжановтың сөзіне қарағанда, олар Павлодарға жуырда этаппен осы қалаға жіберілген "саяси тұтқын" Ербол Есхожинге қажетті заттар жеткізу үшін барған. Әсет Әбішев жергілікті полицияның өзіне қандай да бір айып тақпақ болғанын айтты.

"Маған қандай да бір айып таққысы келеді. Әуелі жүргізуші куәлігіңіздің мерзімі өтіп кеткен деді. Одан кейін "қызылға өтіп кеттіңіз" деді. Одан кейін қан құрамындағы ішімдікті тексереміз деді. Ішімдікті тексеретін орталыққа барып, алкоголь ішкеніміз расталмады. Бұдан соң көшеде үш полицей маған жабылды. Жерге жатқызып, қалтамды ақтарып, көліктің кілтін тартып алды. Қолымды ауыртты. Олар көлікті айыппұл тұрағына қойғысы келеді" деді Әсет Әбішев Азаттық тілшісіне.

Мұнан соң оқиға орнына Әсет Әбішевтің қолына байланысты жедел жәрдем көлігі шақырылған. Олар белсендіні ауруханаға жеткізіп, саусағын орап берген, сүйегі аман екенін айтқан. Белсенді Facebook'тағы тікелей эфирінде қалалық N1 ауруханада екенін хабарлады.

"Қылмыстық ұйымды қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деп айыпталып, 4 жылға бостандығынан айырылған, шілдеде мерзімінен бұрын босап шыққан Әсет Әбішев өткен аптада да Нұр-Сұлтанда полиция қысымына шағымданған.

Павлодар полициясы әзірге Азаттыққа жауап бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG