Accessibility links

Қытай Тайвань өкілдігін ашқан Литвамен дипломатиялық қатынасын бәсеңдетті


Қытай Литвамен дипломатиялық қарым-қатынасын бәсеңдетуге шешім қабылдады. Бұған Вильнюсте Тайвань өкілдігінің ашылуы себеп болған. Қытай Тайванды жеке мемлекет ретінде мойындамайды, Тайвань жері Қытайға тиесілі деп санайды.

Таяуда Си Цзиньпин Тайваньды Қытайға "бейбіт жолмен қайта қосуға" уәде беріп, ал Тайвань Қытайға бас имейтінін, демократиялық жолмен жүре беретінін мәлімдеген еді.

Қытай билігінің шешімін Қытай телеарнасы хабарлады. Пекин "Вильнюстің Тайвань өкілдігін ашуы "Біртұтас Қытай" ұстанымына нұқсан келтіреді және Қытайджың ішкі ісіне қол сұғу болып саналады" деп мәлімдеді.

Қытай сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесіне қарағанда, "осылайша Қытай мен Литва арасындағы дипломатиялық қатынастар негізіне нұқсан келген".

"Литва үкіметі осы әрекетінен туатын жауапкершілікті толығымен мойнына алуға тиіс" дейді мәлімдемеде.

Тайвань өкілдігі Вильнюсте 18 қарашада ашылған. Қытайдың қарсылығына қарамастан ол кей елдердегідей "Тайбэй" деген атаумен емес, Тайвань атауымен ашылған. Қытай реакциясын туғызған да осы мәселе. Өкілдікте дипломатиялық статус болмайды, бірақ консул қызметін көрсете алады.

Тамыз айында Қытай Литвадағы өкілін шақырып алып, Пекиндегі Литва елшісін қайтарып жіберген.

Литва сыртқы істер министрлігі "Біртұтас Қытай" саясатын қолдайтынын, бірақ Тайваньмен қарым-қатынасты қалай дамыту құқығын өзінде қалдыратынын мәлімдеген.

Тайвань өзін 1949 жылдан бері Қытайдан тәуелсіз ел санайды. Сол жылы Қытайдағы азамат соғысында коммунистерден жеңілген Гоминдан күштері қазір Тайвань тұрған аралға қашып барған еді. Тайвань ресми түрде өзін "Қытай Республикасы" деп атап, 1949 жылы құрылған Қытай халық республикасын мойындамайды.

Тайваньды Қытай республикасы ретінде Біріккен ұлттар ұйымының 15 мемлекеті ресми түрде мойындаған, көптеген елдер онымен экономикалық және мәдени байланыс орнатқан. Кейінгі жылдары бұл аралда тәуелсіз туралы дауыстар күшейе бастаған. Пекин де Қытайға байланысты сөздерін қатайта түскен. Сарапшылар Қытай бұл аралды күшпен алуы мүмкін деп болжайды.

Биыл Тайвань сыртқы істер министрі Джозеф У Азаттыққа берген сұхбатында Пекинмен тым жақын араласудың салдары, Қытаймен соғыс қаупі және Еуропаға сапары жайлы әңгімелеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG