Accessibility links

Қазақстан Қытайдан жүк өткізуді қалпына келтіруді сұрайды


Премьер-министр Асқар Мамин.
Премьер-министр Асқар Мамин.

Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Шанхай ынтымақтастық ұйымының үкімет басшыларының бас қосуында қытай шенеуніктерінен Қазақстаннан Қытайға жүк тасуды қалпына келтіруді сұрады.

Премьер-министр сайтының хабарлауынша, Мамин "қытайлық әріптестерінен жүк ағынын қалпына келтіру және ұлғайту бойынша жедел шара қабылдауды сұраған".

Қытай тарабының не деп жауап бергені хабарламада айтылмаған.

Қытай былтырдан бері коронавирус қаупіне байланысты темір жол арқылы тасымалданатын бидай, түрлі-түсті металл секілді шикізатты қабылдамай келеді. Қазақстандық тасымалдаушылар осының салдарынан миллиондаған шығын көріп жатырмыз деп мәлімдеген.

Қытай бұдан бөлек жүк көліктеріне де шектеу қойып отыр. Қараша айының басында Қазақстанның қаржы министрлігінің кіріс комитеті Қытаймен шекарадағы "Нұрлы жол" бекетінде 10 мыңнан астам жүк көлігі кезегін күтіп тұрғанын мәлімдеген.

5 қарашада Қытай тауарларының халықаралық көрмесіне онлайн қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен шекарада шектеулер жақын арада алынады деп үміттенетінін жеткізген. Бірақ одан бері жағдай өзгермеген.

Қазақстан тарабы Пекинге дәл сондай шектеу қоя алмайтынын, олай істесе транзиттен түсетін кірістен айрылатынын айтқан.

Кей сарапшылар Қытаймен шекарадағы шектеулер тек коронавируспен байланысты деген тұжырыммен келіспейді. Кейбірі оны Шыңжаңнан қашып келген бірнеше қазаққа Нұр-Сұлтанның босқын мәртебесін беруімен байланыстырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG