Accessibility links

"Талибан" үкіметінің жетекшісі алғаш рет халыққа мәлімдеме жасады


"Талибан" жасағы.
"Талибан" жасағы.

Ауғанстанда үш айдан астам уақыт бұрын билікті басып алған "Талибан" қозғалысы өкілдерінен жасақталған үкіметтің жетекшісі алғаш рет халыққа мәлімдеме жасап, өзге елдермен қарым-қатынасты жақсартқысы келетінін және елдің экономикалық мәселелерін шешуге күш салатынын айтты.

"Талибан" радикалды қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, үкімет жетекшісі Молла Хасан Ахундтың 27 қарашада халыққа жасаған аудио мәлімдемесі түрлі мәселелерді қамтиды.

"Бірде-бір елдің ішкі ісіне араласпаймыз және олармен экономикалық қарым-қатынасты жақсартқымыз келеді" деді Ахунд 30-минуттық аудио мәлімдемесінде.

Биыл көктемде АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштері Ауғанстаннан әскерін әкете бастағаннан кейін елде тәліптер күш алып, тамыздың ортасында Кабулды басып алып, ауған үкіметі құлаған. Содан бері "Талибан" шашыраңқы қозғалысын үкіметке айналдыруға барынша күш салып жатыр.

Елде инфляция ұлғайып, жұмыссыздық артқан, азық-түлік тапшылығы туындап, дағдарыс өршіді.

"Біз барлық халықаралық қайырымдылық ұйымдарын арып-ашыған ауған халқына көмектерін іркілместен беруге шақырамыз" деді Молла Хасан Ахунд 27 қараша күнгі жолдауында.

Тәліптер үкіметінің жетекшісі егер АҚШ Ауғанстанның орталық банк резервіне шамамен 10 миллиард доллар ақша жіберсе, ел экономикалық дағдарыстан құтылар еді деп санайды. Оның пікірінше, ауған халқы елдің экономикалық тығырыққа тірелуіне "Талибанды" кінәламауы тиіс. Бұл жемқорлыққа батқан алдыңғы үкіметтің әрекетінің "жемісі" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG