Қырғызстанда 28 қарашада өткен парламент сайлауындағы дауыстарды қолмен санау қаулылары толық жарияланды. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.
Сайлау учаскелеріндегі хаттамалардың барлығы саналып, соның нәтижесінде бес пайыздық межені алты партия бағындырған:
- "Ата-Жұрт Қырғызстан" (17,3 пайыз)
- "Ишеним" (13,63 пайыз)
- "Ынтымак" (10,99 пайыз)
- "Альянс" (8,34 пайыз)
- "Бүтін Қырғызстан" (7,04 пайыз)
- "Иман нұры" (6,15 пайыз).
Бір мандатты 36 округтан 34 кандидат сайланған. Бішкектің Первомай және Свердлов аудандық сайлау округтарында "бәріне қарсымын" деп дауыс бергендер басым. Орталық сайлау комиссиясы бұл учаскелерде қайтадан сайлау өткізеді.
Елде азаматтар сайлау кезінде екі түрлі әдіспен: электронды жәшік және қағаз бюллетенмен дауыс берген еді.
28 қарашада түнде Орталық сайлау комиссиясы электронды жәшікке түскен дауыстар саны жөнінде ақпарат берген. Бірақ көп ұзамай нәтижесі өшіріліп, ізінше жаңа дерек жарияланды. Бастапқы мәлімет бойынша парламентке он партия өтсе, кейін жаңартылған нұсқада 6 партияның бес пайыздық межені бағындырғаны хабарланды. ОСК мұны "техникалық ақаумен" байланыстырды, ал кейбір партиялар сайлау нәтижесін мойындамай, оны жоюды талап етті.
Қырғызстанда 28 қарашада парламент сайлауы өткен. Сайлаушылар алғаш рет аралас жүйе бойынша дауыс берді. Жогорку кеңештің 90 депутатының 54-і – саяси партиялар тізімі бойынша, қалған 36-сы бір мандатты округ бойынша сайланады.
Бұған дейін сайлаудың түпкілікті қорытындысы 18 желтоқсанға дейін жарияланатыны айтылған.
Азаттықтың дереккөздерінің хабарлауынша, жаңадан сайланған депутаттар 22 желтоқсанда ант беруі мүмкін.