Accessibility links

Әбілқасымова: Қазір несиені кешіру мәселесі қаралып жатқан жоқ

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова. Нұр-Сұлтан, 15 желтоқсан 2021 жыл.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова. Нұр-Сұлтан, 15 желтоқсан 2021 жыл.

Қазір несиені кешіру мәселесі қаралып жатқан жоқ. 15 желтоқсанда проблемалық несиелерді кешіру туралы журналистердің сұрақтарына жауап берген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова осылай деп мәлімдеді. Ол өткен аптада белсенді Жанболат Мамай бастаған бірнеше адам әлеуметтік желіде несиені кешіруге қатысты "дұрыс емес ақпаратты таратқаннан кейін" агенттікке өте көп өтініш келіп түскенін айтты.

– Осыдан соң (белсенділер ақпаратынан кейін) үш күн ішінде агенттікке өте көп адам келіп, өтініш түсірді. Шамамен 18 мыңнан астам өтінішті қабылдадық. Арасында несиені қайта құрылымдау, кешіру туралы өтініштер де бар. Олардың барлығын қарадық, өңдедік. Қаржы ұйымдарына жолдадық. Біз шығып [наразы топпен] бірнеше рет кездестік. Қабылдау өткіздік, - деді агенттік жетекшісі.

"Қазақстандықтардың несиені кешіру туралы талабы әділ ме?" деген сұраққа Әбілқасымова "қазір несие кешіру мәселесі қаралып жатқан жоқ. 2019 жылы бір реттік акция ғана болған" деді.

Оның айтуынша, биыл қазанда проблемалық несиелерді сотқа дейін реттеуді көздейтін жаңа ережелер күшіне енген. Оған сәйкес, қаржы ұйымдары азаматтардың қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда оған мәселені шешудің түрлі амалдарын ұсынады. Мысалы, несиені кейінге шегеру, пайыздық мөлшерлемесін азайту, өсімін алып тастау және өзге де амалдарды ұсынуы тиіс.

Әбілқасымованың айтуынша, агенттікке түскен өтініштердің барлығы банктерге жіберіліп, ол жақта әр азаматтың шағымы жеке қаралады.

Оның айтуынша, қалай болған күнде де несие амнистиясы мемлекет қазынасы есебінен, салық төлеушілер есебінен шешіледі. Азаматтардың несиесін кешіру қаржы ұйымдарының тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін, деді ол.

Қазақстанда проблемалық несиелерді кешіру мәселесі жиі көтеріледі. Осыған дейін тіркелмеген "Демпартия" өкілдері астанадағы Ұлттық банк ғимаратына барып, несие амнистиясын талап еткен.

6 желтоқсанда жүзге жуық адам Алматыдағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне барған. Әлеуметтік жағдайлары нашарлап, банктен алған кредиті мен ипотекасын төлей алмағандарын айтқандар кредиттерін жауып я жеңілдік жасап беруді сұраған.

XS
SM
MD
LG