Accessibility links

Белорус блогері 13 жылға сотталды


Эдуард Пальчис
Эдуард Пальчис

Минск қалалық соты жұма күні Беларусьтегі белгілі блогшы әрі публицист Эдуард Пальчисті 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сот оны Беларусь Қылмыстық кодексінің төрт бабы бойынша айыпты деп тапты. Судьяның тұжырымы бойынша, Пальчис әлеуметтік араздық қоздырған; қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған және ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін әрекетке үндеген.

Сот блогердің ісін 6 желтоқсанда жабық түрде қарай бастады. Билік "экстремистік материалдар сыртқа тарап кетпеуі үшін" жабық сот ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдаған. Бұл жөнінде "Весна" құқық қорғау ұйымы хабарлады.

31 жастағы Эдуард Пальчис – Palchys телеграм-арнасының авторы. Оны 2020 жылғы қыркүйектің соңында қамауға алған. Биыл сәуірде оның телеграм-арнасы экстремистік деп танылған.

Беларусь құқық қорғаушылары Пальчисті саяси тұтқын деп таныды. Қамауда отырған кезінде оның әйелі қыз туды, 16 желтоқсанда сәби бір жасқа толды.

Пальчис өзіне тағылған айыптың бәрін "саяси астары бар" деп санап, жоққа шығарады.

2020 жылғы тамызда өткен нәтижесі даулы президент сайлауынан бері Беларусь басшылығы елдегі билікке қарсы пікірді басып-жаныштап, өзгеше пікір айтқан азаматтарды соттап жатыр.

Құқық қорғаушылар мен оппозициялық саясаткерлердің айтуынша, президент сайлауының нәтижесі бұрмаланып, 26 жыл билікте отырған Александр Лукашенко 6-мерзімге заңсыз қайта отырған. Сайлаудан кейін айлар бойы өткен жаппай наразылық шаралары кезінде мыңдаған адам қамалып, тұтқынға алынды. Қауіпсіздік күштері қамалғандардың біразын ұрып-соққанын дәлелдейтін айғақтар бар. Оппозицияны басып-жаныштау кезінде бірнеше адам мерт болды.

Беларусьтегі оппозиция лидерлерінің көбі түрмеге қамалды не шетеге қашуға мәжбүр болды. Ал Лукашенко оппозициямен келіссөз жүргізуден бас тартты.

АҚШ, Еуропа одағы және басқа елдер Александр Лукашенконың жеңісін мойындаудан бас тартып, сайлау нәтижесін бұрмалап, бейбіт жиындарды күшпен таратқаны үшін оған және оның режиміне бірнеше қайтара санкция салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG