Accessibility links

Алматыда "Жаңаөзендегі наразылықты қолдамақ болған" белсенділер жауапқа тартылды


Республика алаңы маңында жүрген полиция өкілдері. Алматы, 3 қаңтар 2022 жыл.
Республика алаңы маңында жүрген полиция өкілдері. Алматы, 3 қаңтар 2022 жыл.

Алматыда белсенділер "бейбіт жиын тәртібін бұзғаны үшін" әкімшілік жауапқа тартылды. Белсенділер Мұратбек Есенғазы – 15 тәулік, Қалас Нұрпейісов – 15 тәулік, "Демпартия" белсендісі Әйгерім Тілеужан 15 тәулікке қамалған.

3 қаңтарда Алматыда диссидент Арон Атабектің қырқынан шығып келе жатқан ондаған адамды полиция ұстап әкеткен еді. Куәгерлер дәмханадан шыққан адамдарды полиция жасағы қоршауға алып, "митингіге барасыңдар" деген себеппен екі микроавтобусқа күштеп салып алып кеткенін айтқан. Кейбірінің соты түнде болған.

Белсенді Қалас Нұрпейісовке шыққан шешімде "Арон Атабектің 40 күндік асынан шыққан соң [белсенді] Жаңаөзенде газ құнының қымбаттауына байланысты өткізіліп жатқан митингіні қолдау мақсатында жергiлiктi атқарушы органымен рұқсат берілмеген заңсыз көпшілік іс-шараға, яғни бейбіт жиналысқа қатысып, Дулати көшесі бойымен плакат ұстаған, ұрандар айтқан бір топ адаммен бірге шеруге қатысқан" деп жазылған.

Ал "Демпартия" белсендісі Әйгерім Тілеужанға шыққан сот шешімінде белсендінің 28 желтоқсанда Алматыда "13 белсендінің" апелляциясы қаралып жатқан кезде оларды қолдап, "заңсыз шараға" қатысқаны жазылған.

Ақпаратқа қарағанда, жоғарыда аталған азаматтардан бөлек, белсенділер Тимур Тоқсейітов, Гаури Кулиманова, Мұрат Оспанов, Бесжан Төлеубекұлы, Ғалымжан Несіпбаев, Алина Барменқұл да "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" әкімшілік жазаға тартылған. Дегенмен әзірге сот шешімі жарияланбады.

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде түрлі саяси топтар газ бағасын арзандатуды талап етіп наразылыққа шыққан Жаңаөзен тұрғындарына қолдау көрсету үшін жақтастарына жиналуға үндеген.

2 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында газдың екі есе қымбаттауына наразы жұрт көшеге шыққан. Кейін Қазақстанның басқа аймақтарындағы белсенділер де бұған үн қосып, қолдау білдіретіндерін айтқан.

Қарай отырыңыз: Жаңаөзен толқып тұр. Оны аймақтар да қолдап жатыр (3 қаңтар 2022 жыл).

Жаңаөзен толқып тұр. Оны аймақтар да қолдап жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:55 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG