Accessibility links

Астанада полиция наразыларды аяусыздықпен жаппай ұстап әкетті


"Шал, кет!" Нұр-Сұлтанда наразылыққа шығып, ұрандағандарды полиция аяусыз ұстап әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:23 0:00

"Шал кет!" Нұр-Сұлтанда наразылыққа шығып, ұрандағандарды полиция аяусыз ұстап әкетті

5 қаңтарда кешке қарай Нұр-Сұлтандағы "Артем" және "Шапағат" сауда орталықтарының ортасында үлкен наразылық шарасы өтіп, полицияның арнайы жасағы ондаған адамды қатігездікпен ұстап әкетті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Жаңаөзендегі газ бағасының қымбаттауына наразылықтан басталған әлеуметтік шерулерге үн қосқан халық билікті ауыстыруды талап етіп, саяси ұран көтерген. Арасында "Шал, кет!" деп айқайлағандар болды.

Оқиға орнында полицияның арнайы жасағы да көп болды. Олар көшеде көзіне түскен адамдарды жаппай ұстап, автобустарға сала берді. Ұсталғандар арасында жай кетіп бара жатқандар да болды.

Полиция жасағы кеттлинг әдісін қолданып, белсенділерді құрсауға алмақшы болды. Тәртіп сақшылары өте дөрекі әрекет етті. Кей адамдарды жерге ұрып жығып, киімін жартылай шешіп тастады. Ұсталып жатқандарды санау мүмкін болмады. Наразылар ішінде арнайы жасақ өкілдеріне "Халыққа тимеңдер, күш қолданбаңдар!" деп айқайлағандар болды.

Екі сауда орталығының ортасында кемінде үш жерде адамдарды жаппай ұстап жатты. Сол маңдағы мешіттен шығып келе жатқандарды да ұстап әкетті.

Күндіз осыған жақын жерде жүк көлігі жүргізушілерінің наразылық шарасы болған. Наразылыққа шыққандар арасында олардың өкілдері байқалмады. Келгендердің дені сол маңайдың тұрғындары, базарда сауда жасайтын қарапайым адамдарға ұқсайды.

Қалып қойған шерушілер әрі қарай саяси ұрандар айтып тұра берді. Арнайы жасақтан қашқан кей адамдар ғимарат шатырына шығып кетті. Олар саяси талаптарын жоғарыда тұрып айтып жатты.

Оқиға орнындағы көрініс әскери операция болып жатқандай әсер қалдырды. Полиция көлігінен, арнайы жасақтан аяқ алып жүргісіз.

Оқиға орнында Интернет өшіп, байланыс нашарлады.

Полиция адамдарды не үшін ұстап жатқанын айтып, Азаттыққа комментарий бермеді. Оқиға орнында Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің басшысы жүрді.

Ұстау кезінде полиция қызметкерлері Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаеваның және оператордың жұмыс істеуіне кедергі жасады. Арнайы жасақ қызметкерлері камераны бірнеше рет қолымен жауып, микрофонмен бірге тілшінің қолын қақты, иығынан итерді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG