Accessibility links

Оралда "Алматыдағы тәртіпсіздікке қатысы бар" күдіктілер ұсталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Оралда блокбекеттердің бірінде "Алматыдағы тәртіпсіздікке қатысы бар" күдіктілер ұсталды. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті хабарлады.

8 қаңтарға қараған түні Подстепное ауылы маңындағы блокбекетте Оралдың екі тұрғыны ұсталған. Тексеру кезінде көліктен пышақ, тегіс ұңғылы қарудың оқтары, бірнеше телефон, планшет пен смарт-сағат табылған.

Полиция ұсталғандар Алматыдағы тәртіпсіздікке қатысы бар деп санайды. "Тонау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Іс Алматыға жіберіледі.

Ұсталғандардың бірі тергеу изоляторына қамалған. Екіншісі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Орал маңында 7 қаңтардан бері бес блокбекет орнатылған. Қалаға кіреберісте қарулы шекарашылар мен полицейлер күзетіп тұр.

Ақпаратқа қарағанда, 5 қаңтардан бері Батыс Қазақстан облысында 300-ден астам адам ұсталған.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
  • Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналды. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында түнде наразылық жалғасты. Елде бейбіт митинг қалай тәртіпсіздікке ұласып кеткені, қару-жарақтарды кімдер иеленгені, күштік құрылымдармен кімдер атысқаны жайлы нақты белгісіз.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасып жатты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған. Интернет өте нашар, жиі өшіріледі.
  • 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG