Accessibility links

Белсенді биліктің бейбіт тұрғындарды қудалауына қарсылық ретінде аузын тікті

Белсенді Марат Құрбанов Шыңжаңда із-түзсіз жоғалған туыстары туралы ақпарат беруді талап етіп тұр. 2019 жыл.
Белсенді Марат Құрбанов Шыңжаңда із-түзсіз жоғалған туыстары туралы ақпарат беруді талап етіп тұр. 2019 жыл.

Алматылық белсенді Марат Құрбанов "терроризм" күдігіне ілінген азаматтық белсенді Дархан Уәлиев пен өзге де азаматтарды қудалауды тоқтатуды талап етіп, қарсылық ретінде аузын тікті. 15 қаңтарда белсенді Facebook парақшасында "Дархан Өтелбайұлы мен өзге де белсенділерді босатуды талап етемін. Билік оларға экстремистер мен террористердің қалпағын кигізіп қойып, қудалап жатыр. Бізге жиын өткізу және пікір айту құқығын берсін" деп жазды.

Ол мұндай қадамға "басқа жол қалмағандықтан амалсыздан барғанын" айтты.

"Бұл да қарсылықтың түрі. Себебі олар (билік) бізді естімейді, көрмейді, тыңдағысы келмейді. Басқа амал жоқ" деді белсенді сенбі күні Азаттық тілшісіне.

Ол аузындағы жібін акция аяқталысымен шешіп тастаған. Өзіне медициналық көмек қажет емес екенін айтты.

Марат Құрбанов – қоғамда резонанс тудырған, құқық қорғаушылар "саяси қудалау кампаниясының апогейі" деп атаған "13 белсендінің ісі" бойынша былтыр бостандығы шектелген қала тұрғыны. Бұл іс бойынша сондай жаза алған тағы бір белсенді Дархан Уәлиев 10 қаңтарға ұсталып, осы аптада оның "терроризм" күдігіне ілінгені белгілі болған. Дархан Уәлиевтің әйелі Бұлбұл Бердіқожанова бір күн бұрын қазір Уәлиевке мемлекеттік адвокаттан басқа ешкімді кіргізбей жатқанын айтқан.

Туыстары "Дархан Уәлиев 5 қаңтарда Алматыда халықты тыныштандыру үшін қалалық полиция департаментіне барып, Арон Атабек асынан кейін ұсталған белсенділерді босатуды сұраған, себебі олардың арасында халық арасында беделі бар, көп пікіріне құлақ асатын белсенділер болған. Енді сол әрекеті үшін оның мойнына терроризм деген қылмысты ілмекші" дейді. Ал полиция белсендінің ісіне байланысты түсініктеме бермеген.

Елде Дархан Уәлиев сияқты қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтып, қаңтардағы оқиға бойынша қылмыстық іске тартылған белсенділердің көп екені құқық қорғаушыларды алаңдатып отыр. 15 қаңтарда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында "ұсталғандардың көбін білемін. Олар көптен бері бейбіт наразылықтарға қатысып, азаматтық ұстанымын айтып жүр. Олардың әрқайсысының терроризмге қатысы жоқ екеніне кепіл бола аламын" деп жазды. Бір күн бұрын ол тергеліп жатқан 20-ға жуық белсендінің тізімін жариялаған.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздіктен бейбіт тұрғындар да қаза тапты, бірақ ресми билік қанша адамның қаза болғанын әлі жарияламай отыр.

Елде жағдай ушыққан тұста, яғни, 7 қаңтарда Тоқаев "елге террористер шабуыл жасады" деп, күштік құрылымдарға ескертусіз оқ атуға бұйрық берген еді. Оның бұл шешімін халықаралық ұйымдар сынады.

Билік он мыңға жуық адамның ұсталғанын айтты. 500-ге жуық қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде терроризм бабы бойынша - 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34 іс, адам өлтіру бабы бойынша 15 іс ашылған. 524 адам уақытша ұстау изоляторларына қамалған.

Жүздеген белсенді "бейбіт митинг заңын бұзды", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен жазаланды.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге ғана қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

XS
SM
MD
LG