Accessibility links

Қаңтар оқиғасы бойынша ресми мәліметтер кешіккен тұста Шымкент белсенділері тәуелсіз комиссия құрды


Шымкент белсенділері қаңтар оқиғасына байланысты тәуелсіз комиссия құрғанын хабарлады. 16 қаңтар 2022 жыл.
Шымкент белсенділері қаңтар оқиғасына байланысты тәуелсіз комиссия құрғанын хабарлады. 16 қаңтар 2022 жыл.

16 қаңтарда Шымкенттегі азаматтық белсенділер қаңтардағы оқиғаға байланысты тәуелсіз комиссия құрғанын мәлімдеп, үндеу жариялады. Белсенділер билікті елде саяси реформа жасауға, алдағы уақытта бейбіт митинг өткізуге кедергі келтірмеуге шақырды.

Жексенбі күні қаладағы жекеменшік оқу орталығына жиналған жиырмаға жуық адам әуелі Алматыда қаңтардағы оқиғаға байланысты құрылған тәуелсіз комиссияны қолдайтынын жеткізді. Оқиғаға байланысты ұсталғандар, қамалғандардың, полиция ғимаратында соққыға жығылғандардың, қуғынға түскен адамдардың құқығын қорғауға, қайтыс болған азаматтардың отбасы келіссе, олардың атынан шағым түсіруге кірісетіндерін мәлімдеді.

Жиналғандар бір күн бұрын "Қаңтар айындағы тәртіпсіздіктен 225 адам қайтыс болды" деп мәлімдеген Бас прокуратура хабарын атап өтіп, «Шымкент қаласында қанша адам қайтыс болды?» деген сұрақ әлі жауапсыз қалғанын айтты.

- Кешегі оқиғаларға байланысты азаматтардың қудалануына жол бермеу керек. Елде саяси реформа жасалуы керек. Алдағы уақытта бейбіт митингілерді еш кедергісіз өткізу заңдастырылуы тиіс, - деді белсенді Аманұлла Раманқұл.

Белсенділер комиссия төрағасы ретінде жеті адамды сайлады. «Бір адам сайланса құқық қорғау органдары ізіне түсуі мүмкін» деген пікірмен барлығы келісті. Содан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, БҰҰ-ға, АҚШ Конгресіне, ЕҚЫҰ-ға, халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен Гаага сотына үндеу жариялады. Онда қаңтардағы оқиғаның себеп-салдарын айтып, ұсталған адамдарды қинау, азаптау, ұрып-соғу фактілерін алға тартып, билікті қозғалған істерді қайта қарауға шақырған. Құқық қорғау органдарының жұмысына саяси баға беріп, қамауда жатқан бейбіт демонстранттарға бостандық талап еткен.

- Шымкенттегі оқиғаға байланысты белсенділер Ерғали Құлбаев, Нұрлыбай Татаев, Карима Хайдарбекова, Молдабай Сәдібеков қылмыстық іспен қамалды. Оқиға кезінде олардың қайда болғанын білеміз. Мысалы, Ерғали Құлбаев бұзақылық жасаған жоқ, ешбір мекемені қиратып өртеген жоқ. Керісінше арандатуға, бұзақылыққа, қиратуға қарсы тұрды. Оны дәлелдейтін қолымызда фото-видео, аудиолар бар, - деді комиссия мүшесі Ғабит Оразымбетов.

Комиссия ішінде белсенділермен бірге заңгерлер, адвокаттар бар.

Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты ресми мәліметтер кешігіп, елде оқиға құрбандары мен заңсыз ұстаулар, азаптаулар, із-түзсіз жоғалғандар туралы ақпараттар жиілеген шақта 14 қаңтарда Алматыда белсенділер қаңтар оқиғасын зерттейтін тәуелсіз комиссия құрған. Құрамына журналистер, заңгерлер кіретін комиссия бірінші кезекте қаза болғандар туралы мәліметті анықтайтынын айтқан. Комиссия екі-үш ай ішінде жұмысын қорытындылап, қоғам алдында есеп беретінін айтқан.

Билік қаңтар оқиғасынан қаза болғандар санын оқиғадан шамамен бір жарым апта өткеннен кейін 15 қаңтар түнде жариялады. Бас прокуратура мәліметінше, тәртіпсіздіктен кемінде 225 адам қаза болған, 19-ы - күштік құрылым өкілі. 4 мыңнан астам адам жараланған. Полицияның әрекетіне 32 шағым келіп түскен. Дегенмен Бас прокуратура қанша бейбіт тұрғынның қаза болғанын, із-түзсіз жоғалғандар туралы айтпады. Қоғамда "оқиғаға еш қатысы жоқ, кездейсоқ тап болып, оқ тиген азаматтардың қаза болу жағдайы" жөнінде сұрақтар көп.

Жаңаөзеннен басталып, Қазақстанның өзге өңірлеріне жайылған наразылық Шымкентте 4-6 қаңтар аралығында болған. Өзге өңірлердегідей мұнда да бейбіт шерудің тәртіпсіздікке қалай ұласқаны белгісіз. Оқиға кезінде қалада ғимараттар бүлінді, көліктер өртенді. Оқ тиген адамдар бар. Тәртіпсіздіктен соң билік қалада 271 адам әкімшілік, 77 адам қылмыстық іспен қамауға алынғанын хабарлады. 120-дан аса адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG