20 қаңтарға қараған түні Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында сонымен бірге Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында төтенше жағдай режимі алынды. Бұған дейін қалған облыстарда төтенше режимі тоқтатылған еді.
"Осылайша, бүкіл ел аумағы қалыпты өмірге оралады. Төтенше жағдай кезіндегі қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейту және еркін жүріп-тұруға, елді мекендерге кіруге және шығуға, тағы басқа қосымша енгізілген шектеу шаралары да жойылады" деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли 19 қаңтарда Facebook парақшасында.
Қаңтардың басында билік елдегі наразылық пен тәртіпсіздіктерге байланысты 19 қаңтарға дейін елдің барлық аймағында (бастапқыда Алматы мен Маңғыстау облысында, ізінше барлық аймақта) төтенше жағдай жариялаған еді. ТЖ режимі кезінде блокбекеттер қойылып, коменданттық сағат енгізілді.
2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық Қазақстанның өзге қалаларына жайылған. Алматыда наразылықтың соңы қантөгіске ұласты. Өзге аймақтарда да адамдардың қаза болғаны хабарланды.
Билік қаңтар оқиғасында кемінде 227 адамның қаза болғанын хабарлады. 4 мыңнан астам адам жараланған. Әлеуметтік желіде туыстары немесе таныстарын іздеп жүрген хабарламалар әлі де көп. Жер-жерде белсенділердің ұсталғаны, із-түзсіз жоғалғаны немесе тергеу изоляторында азапталғаны жайлы ақпараттар шыққан.
Бұған дейін бас прокуратура құқық қорғау органдарының әрекетіне байланысты 32 шағым түскенін айтқан. Ал құқық қорғаушылар азаптау фактілерін тіркейтін ортақ база құрастырып, тегін құқықтық көмек беретінін хабарлаған. Азаптау жайлы шағымдар көбейген тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 қаңтарда "лаңкестікке қарсы операциялар мен тергеу шараларын жүргізу барысында азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу қажеттігін" айтқан.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге ғана қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.
ПІКІРЛЕР