Accessibility links

Нұр-Сұлтанда белсенділер қаңтар қантөгісін тергейтін қоғаммен бірлескен комиссия құруды талап етті


Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенділер қаңтар оқиғасын ашық зерттейтін комиссия құруды талап етті. 19 қаңтар 2022 жыл.
Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенділер қаңтар оқиғасын ашық зерттейтін комиссия құруды талап етті. 19 қаңтар 2022 жыл.

19 қаңтарда Нұр-Сұлтанда бір топ азаматтық белсенді мен тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, биліктен қаңтар қантөгісін ашық әрі әділ тергеуді талап етті. Олардың айтуынша, арнайы комиссия құрылып оған оппозиция өкілдері, қоғам белсенділері кіруі тиіс.

Баспасөз мәслихаты өтіп жатқан кеңсені сырттан полиция өкілдері мен арнайы "автозак" бақылап тұрды.

Азаматтық белсенді Марат Тұрымбетовтың сөзінше, "биліктің халықты кінәлайтын жөні жоқ, ел бейбіт шеруге шықты, бірақ билік наразы жұртпен сөйлеспеді".

- 4 қаңтарда шеру болып, "Алматы аренасына" келдік. Ол жерде әкімдіктен ешкім болмады. Сондықтан жиналған жұрт талап айтамыз деп Сәтбаев көшесіндегі орталық алаңға бет алды. Ол жерге жақындай бергенде арнайы техника мен арнайы жасақ бірінші болып халыққа көзден жас ағызатын газ жіберіп, шулы гранаталар қолданды. Ал 5-нен бастап халыққа оқ ата бастады. Өлген полиция саны мен халықтың санын салыстырыңыз. Кім кімді атты? Қару–жарақ сататын дұкен қожайындары да өз қаруларынан бір оқтың атылмағанын, оның сейфте болғаны айтты, - деді ол.

Оны қолдаған белсенді Әйгерім Тілеужанова куәгерлер сөзіне сүйене отырып, "митинг қатысушылары киіп жүр" делінген әскери каска, қалқандарды күштік құрылымдардың өзі әкімдіктің артына лақтырып тастағанын айтты. Оның айтуынша, қазір жәбір көргендер саны 500-ден асқан.

Ал кәсіпкер Айдар Омар билікке "экстремистік" деп тыйым салған тіркелмеген "ҚДТ", "Көше партиясы" қозғалысы туралы сауал қоятын кез жетті деп санайды.

– Егер сот саласын реформалағымыз келсе осы шешімдерді қайта қараудан бастауымыз керек. Олардың қандай жағдайда, не үшін "экстремист" деп танылғанын білеміз. Бұл менің жеке пікірім, - деді ол.

Митингіден соң тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаев "рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін" 15 қаңтарда 20 тәулікке қамалған. Оның адвокаты Гүлшат Дүйсенова Әлтаевпен кездескенін, ол өзінен тергеуде Кәрім Мәсімовтың мемлекетті сатуына байланысты көзқарасын, Мұхтар Әблязовпен қарым-қатынасы туралы сұрағанын айтып бергенін жеткізді.

Жаңаөзенде 2 қаңтарда сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық кейін Қазақстанның өзге өңірлеріне тарап, соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Наразылардың экономикалық талаптарына кейін саяси талаптар қосылды. Билік қаңтар оқиғасы салдарынан кемінде 227 адам қаза болғанын хабарлады. Ұсталғандар он мыңға жуықтады.

Бұған дейін Алматы мен Шымкентте белсенділер қаңтар оқиғасын зерттейтін тәуелсіз комиссия құрған. Олар бірнеше ай ішінде қорытындысын таныстыратынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG