Accessibility links

Қарағандыда белсенді көшені Назарбаев деп атау туралы шешімді заңсыз деп тануды сұрады


Белсенді Айтқожа Фазылов Қарағандыдағы митингіде сөйлеп тұр. 2020 жыл.
Белсенді Айтқожа Фазылов Қарағандыдағы митингіде сөйлеп тұр. 2020 жыл.

Қарағандыда жергілікті белсенді Айтқожа Фазылов сотқа шағым түсіріп, Бейбітшілік пен Нарманбет Төлепов атындағы көшелерді біріктіріп, Нұрсұлтан Назарбаев деп атау туралы 2019 жылы шыққан шешімнің күшін жоюды талап етті. Бұл жөнінде Азаттыққа белсендінің өзі хабарлады.

Шағымда Фазылов облыс әкімдігі мен мәслихаттың ортақ шешімін заңсыз деп тануды сұраған. Белсендінің айтуынша, билік шешім шығарарда халықтың пікірін ескермей, ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңды бұзған.

– Заңда көшенің, қаланың атын ауыстырған кезде халықтың пікірі ескерілуі тиіс деп анық жазылған. Қоғамдық тыңдауы өтуі тиіс болған. Алайда мұның бірі болған жоқ. Егер сот заңға сүйенсе, онда көшенің атын ауыстыру туралы қаулының күшін жоюы тиіс. Әзірге қандай шешім шығаратынын білмеймін, – деді белсенді Азаттыққа.

Айтқожа Фазыловтың сөзіне қарағанда, облыс әкімі Ерлан Қошанов (қазір президент әкімшілігінің жетекшісі) 2019 жылы Қарағанды қаласында "жұпыны, шет жақтағы көшелердің бірін" бірінші президенттің атымен атауды ұсынған. Ондағы мақсаты – тәртіпке келтіру немесе Ленин тәрізді совет атауларынан арылу. Бірақ билік басқаша шешім қабылдаған.

Белсенді шағымын Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына түсірген. Жауапкерлер арасында облыс әкімдігі мен облыс мәслихаты бар. Сот шағымды қабылдаған.

19 қаңтарда парламенттің төменгі палатасы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халықтары ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төраға етуін алып тастайтын заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдаған. Депутаттар заң жобасына сай "Тұңғыш президент – елбасы" туралы заңға да өзгеріс енгізуді ұсынады.

Мұндай ұсыныс жасалмай тұрып бір күн бұрын Назарбаев 28 желтоқсаннан бері алғаш рет видеомәлімдеме жасады. Ол мәлімдемесінде бар билік президент Тоқаевтың қолында екенін айтып, елде элита арасында күрес жоқ деп сендіруге тырысты. Өзінің зейнеткер екенін, астанада демалып жатқанын айтқан. Қаңтар айындағы толқулардан кейін Назарбаевтың қайда екені белгісіз болған.

Назарбаев президент болып тұрған тұста және президенттік өкілетін тапсырғаннан кейін оның туыстары мен айналасындағы адамдар ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдарда жоғары қызметтер атқарды. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың бірқатар туысы қызметтерінен кетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG