Accessibility links

Жаңаөзен тұрғындары әкімдік алдына жиналып, қудалауды доғаруды талап етті


"Кезби" мекемесінің жұмысшылары қудалауды тоқтатуды талап етіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап тұр. 21 қаңтар 2022 жыл. Скриншот.
"Кезби" мекемесінің жұмысшылары қудалауды тоқтатуды талап етіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап тұр. 21 қаңтар 2022 жыл. Скриншот.

22 қаңтарда бір топ Жаңаөзен тұрғыны қалалық әкімдіктің алдына барып, биліктен қаңтардағы бейбіт шеруден кейін Алматы мен Қазақстанның өзге қалаларындағы қамауға алынғандарды қудалауды тоқтатуды талап етті. Ал жұма күні дәл сондай талаппен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдаған «Кезби» мекемесі жұмысшысын полицияға шақырды.

Жұма күні тұрғындар қолдарына «Халық экстремист емес!», «Репрессия тоқтатылуын талап етеміз!», «Қудалау тоқтатылсын!», «Заңсыздыққа жол жоқ!» деген плакаттар алып шықты. Акция он бес минуттай уақытқа созылды.

Пикетке қатысқандардың бірі Алма Қарашаеваның айтуынша, полиция өкілдері оларды сырттай бақылап, көлік ішінен видеоға түсіріп тұрған.

– Үндемей қала алмадық. Күн сайын бейбіт митингіге шыққан қарапайым халықтың басынан кешкен зардабын жай тыңдау мүмкін емес. Сондықтан осылайша өз қолдауымызды білдірдік, - дейді Алма Қарашаева.

Азаптауды тоқтатуды талап еткен видеоүндеуді жұма күні Жаңаөзендегі «Кезби» компаниясы мұнайшылары да жолдаған. Видеодан компанияның ғимараты маңына жиналған мұнайшылардың Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бейбіт митингіге қатысқандарды қудалауды тоқтатуды талап етіп тұрғаны, қудалау жалғаса беретін болса өздерінің де бейбіт шеруге шығатындарын ескерткені көрінеді.

«Ертең қудалау тоқтамаған жағдайда Қазақстан Республикасы заңнамаларына сүйене отырып бейбіт шеруге шығатынымызды қаперіңізге саламыз. Сіздің айтқан әрбір жолдауыңызды аса мән беріп тыңдап отырмыз. Сол жолдауыңыздың бірінде сіз тәртіп бұзбай, бейбіт түрде наразылық акциясына шыққан азаматтарға алғысыңызды айта отырып, рақымшылықпен қарауға тапсырма бердіңіз. Алайда күштік құрылымдар тапсырмаңызды асыра пайдаланып, қарапайым азаматтарды үйінен алып кетіп, әртүрлі әрекеттермен жасамаған қылмыстарын жасады деп айыптауға ниетті екенін әлеуметтік желілерден көріп жатырмыз. Сондықтан Қазақстан Республикасы гаранты ретінде өзіңізден азаматтарға құрылымдық күштердің қылмыстық жала жауып қысым жасауын тоқтатуын талап етеміз! Халық террорист емес!» делінген видеоүндеуде.

Сенбі күні видеоүндеуді оқыған «Кезби» компаниясының оператор көмекшісі Нұрсұлтан Нұрымов Жаңаөзен қалалық полициясына шақырту алды. Оның Азаттыққа айтуынша, қолына берген шақырту қағазында әлдебір істе куәгер екені жазылған.

Жаңаөзенде қаңтардағы бейбіт митингіге қатысқан халықты қудаламауды, азаптамауды талап еткен видео челлендж легі 20 қаңтардан бері әлеуметтік желіде тарап жатыр.

2 қаңтарда Жаңаөзен тұрғындары екі есе қымбаттаған сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етіп митингіге шықты. Сол күні оларды Ақтау тұрғындары қолдап, ал 4 қаңтарда Жаңаөзенді қолдаған бейбіт митинг легі бүкіл Қазақстанды қамтыған еді. 5 қаңтардан бастап билік «деструктивтік күшерді» желеу етіп, халыққа қарсы қару қолдана бастады.

Билік қаңтар оқиғасының салдарынан кемінде 227 адамның қаза болғанын хабарлады. Олардың аты-жөні әлі күнге дейін жарияланған жоқ.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыптап, Еуропарламент Қазақстан шенеуніктеріне санкция салу мәселесін қарастырып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG