Accessibility links

"Cүйекті қазып аламыз дегені жығылғанға жұдырық". Эксгумацияға қарсы отбасының сергелдеңі


Марқұм Олжас Әлімжан (Сурет отбасы архивінен алынды).
Марқұм Олжас Әлімжан (Сурет отбасы архивінен алынды).

Полиция Алматыдағы қаңтар дүрбелеңінде оқ тиіп, ауруханада көз жұмған 22 жастағы Олжас Әлімжанның да мәйітін қазып алмақ. Марқұмның жақындары бұған қарсы. Кейінгі аптада сот орындары қаңтар оқиғасында қаза болғандардың біразының сүйегін қайта қазып алу туралы шешімдер шығарып жатыр.

"ЖЕРЛЕУГЕ ӘКІМНІҢ ӨЗІ РҰҚСАТ БЕРГЕН"

Алматы қаласынан жүз шақырымдай жердегі Ақсеңгір ауылындағы Шәбен ақсақалдың шаңырағы 8 қаңтарда үйінен сүйек шығарды. 22 жастағы немересі Олжас Әлімжан 5 қаңтарда Алматыдағы дүрбелеңде оққа ұшып, қаза тапқан (өлімі туралы анықтамада оқ тигені жазылған).

Ақсеңгірге барған сәтте ауыл тұрғындары тағы бір адамның сүйегін зиратқа алып бара жатыр екен. "Бұл кісінікі – Алланың ақ өлімі ғой. Олжасты айтсаңызшы, қайран боздақ, қыршынынан қиылды ғой" деп күрсінді таксист жігіт.

Таксистің айтуынша, Олжастың атасы Шәбен ақсақал бұл ауылға осыдан 20 жыл бұрын Қытайдан көшіп келген. Ақсақал елге көшіп келгенде екі жасар Олжасты да өзімен бірге ала келген. Ал қаза болған жас жігіттің анасы мен туған қарындасы Қытайда қалып қойып, жерлеуге келе алмаған.

Қаралы үйге жұрт әлі көңіл айтып келіп жатыр. Есіктен енген сәтте бізді сексеннен асқан кейуананың зарлы жоқтауы қарсы алды. Аракідік өксіп-өксіп қойып, немересін үздіксіз жоқтап отыр.

Өтеуін кімнен сұраймын,

Төгілген мынау көз жасты-ай.

Анаң да қалды-оу аңырап,

Үзіліп қолқа жұлынды-ай!..

Баласынан айырылған шаңырақ қайғыдан ес жия алмай отырғанда Алматы облысы Жамбыл ауданы сотынан эксгумация жасау туралы шешім жетеді. 17 қаңтарда сот Олжас Әлімжанның сүйегін қайта қазып алуға пәрмен берген. Ал 20 қаңтарда полицейлер сот шешімін жүзеге асыруға келген.

Сот шешімі шықпас бұрын Алматы қаласы полиция департаменті Олжастың әкесі Әлімжанды шақырып, ұлының жарақаты, оқ тиген орны жайлы сұраған.

Марқұм Олжас Әлімжанның әжесі. 22 қаңтар 2022 жыл.
Марқұм Олжас Әлімжанның әжесі. 22 қаңтар 2022 жыл.

- Мен баламды көшеден алып кеткен жоқпын. Оқ тиіп, ауруханада екі күн жатты. Мәйітханада жарты күн болды. Үйге алып келіп тағы екі күн қондырдым. Тіпті сүйекті алып келген кезде ауыл әкімінің өзі де келді, құжаттарын көрді, жерлеуге рұқсат етті. Жер қойнына тапсырғанымызға он күн өткенде қайтадан келіп "өлікті көруіміз керек" дегені қай сасқаны?! - дейді Әлімжан жыларман болып.

Олжастың сүйегін қайтадан қазып алу мәселесі қозғалғанда ауыл тұрғындары түгел қарсы шығып, полиция органына наразылықтарын айтқан. Бұдан кейін өздерінің алғашқы екпіндерінен қайтқан полицияның бірі эксгумация жасауға қатысты сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым жазуға кеңес береді.

Заңгер: Эксгумация жасауға негіз жоқ

Шынқуат Байжанов, адвокат
Шынқуат Байжанов, адвокат

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 225-бабында "мәйітті қайта я қосымша тексеруге", "тануға", "сараптама жүргізуге я сараптамаға үлгілер алуға", "іс үшін елеулі маңызы бар басқа мән-жайларды анықтау талап етілгенде" эксгумацияға тергеу сотының шешімімен рұқсат беріледі. Ал марқұмның жақындары осы заңның 226-бабымен эксгумацияға қарсы апелляциялық сотқа шағым түсіре алады.

Қаңтар оқиғасында зардап шеккендердің құқығын қорғап жүрген заңгер Шынқуат Байжановтың айтуынша, дүрбелеңде оққа ұшып, қайтыс болғандардың мәйітін қайта қазып алуға еш негіз жоқ деп санайды.

- Марқұмдар ауруханада не мәйіті табылған жерлерден мәйітханаға жеткізілген. Олардың барлығына мәйітханада сараптама және қорытынды жасалған. Дәрігерлер берген анықтамасында өлімнің себебі жазылған. Оқтан қайтыс болғаны анықталған. Туыс-туғандары танып отыр. Сонымен қатар үлгілер алатындай себеп те жоқ. Ол жерде қаннан басқа ештеңе жоқ. Сондықтан эксгумация жасаймыз деу негізсіз, - дейді адвокат.

Әлімжан 21 қаңтарда аудандық сотқа арыз жазған. Алайда аудандық сот арыздың қазақша екенін, ал алғашқы сот шешімі орысша шыққанын, сондықтан арыз да орыс тілінде болуы керегін айтып, кері қайтарған.

Қытайда туған Әлімжан баласының мүрдесін қайта қаздырмау үшін орысша арыз жазатын адам іздеп жүр. Қазір отбасының көңілі алаң. Олар өмірі ерте үзілген баламыздың сүйегіне тыныштық берсе екен дейді.

"ОТА СӘТТІ ӨТТІ ДЕП ЕДІ..."

Олжас көзі тірісінде Алматыға жақын "Алтын орда" базарында телефон жөндеп, аксессуарлар сатып жүрген. Әкесі Әлімжанның айтуынша, баласы 5 қаңтарда таңертең "Алтын орда" базарындағы сауда орнына барып, телефондары мен оған қажетті заттарды түгел жинап, үйге алып келген. Түскі 13:30 мөлшерінде киімін ауыстырып, түскі тамағын ішкен де сыртқа шығып кеткен. Қайда кеткенін ешкім білмей қалған. Арада бірнеше сағат өткенде бейтаныс бір адам Олжастың телефонынан қоңырау шалып, баласына оқ тигенін, жақын маңдағы ауруханаға алып бара жатқандарын айтқан.

Алматы облысы Ақсеңгір ауылындағы Олжас Әлімжан тұрған үй. 22 қаңтар 2022 жыл.
Алматы облысы Ақсеңгір ауылындағы Олжас Әлімжан тұрған үй. 22 қаңтар 2022 жыл.

Жақындары Олжасқа 5 қаңтар күні түстен кейін Алматы әкімдігі маңындағы Республика алаңында оқ тиіп, ауруханаға түскенінін естіген. Бұл күні Алматы әкімдігі мен Республика маңы қаладағы оқиғаның эпицентрінің бірі болған еді.

Марқұмның жақындары балаларына қай жерде қалай оқ тигенін нақты білмейтінін айтады. Олжасты 5 қаңтар кешке Алматы қаласы жедел жәрдем ауруханасында кешкі бесте операция жасауға кіргізіп, түнгі 11-де шығарған.

- Ота жасаған дәрігер "Бәрі сәтті өтті. Қан көп кетіп қалыпты. Қазір қан құйып жатырмыз. Енді тек ақырын күтіңіздер" деп еді. Таң атқанша аурухананы айналып жүрдік. Таңертең сонда жұмыс істейтін жігіттердің бірі реанимацияда жатқан баламды телефонға түсіріп, бізге көрсетті. Баламыз аппаратта жатыр екен, - дейді марқұмның әкесі Әлімжан.

Дәрігерлер 7 қаңтарда Олжастың ақырғы демі үзілгенін естірткен. Арада бірнеше сағат өткен соң Әлімжан Алматыдағы мәйітханадан баласының сүйегін алып, 9 қаңтарда жер қойнына тапсырады.

"ШЕШЕСІ ҚЫТАЙДА ҚАЙҒЫ ЖҰТЫП ОТЫР"

2002 жылы Шәбен ақсақал екі жасар немересі Олжасты бауырына салып, Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Алматы облысы Аңсеңгір ауылына қоныс аударады. Жақындарының сөзінше, алты жасына дейін атасының бауырында өскен Олжас бастауыш сыныпты Қытайда оқып, қытай тілінде білім алады. 14 жасқа толған кезінде Қазақстанға қайта оралады. 11-сыныпты Алматы қаласында тәмамдаған ол Алматы технология университетіне оқуға түседі. Бірақ екінші курстан кейін өз еркімен оқудан шығып, телефон жөндеумен айналысқан

Олжас сексеннен асқан атасы мен әжесінің қолында тұрады. Әкесі Қытайдан Қазақстанға екі жыл бұрын баласының хал-жайын білу үшін келіп, кейін пандемия басталғаннан кейін Шыңжаңға қайта алмай қалған. Шешесі мен қарындасы Қытайда қалған.

- Олжастың шешесі Қытайда мемлекеттік қызметте. Қазақстанға жібермейді. Қызым да қазір жұмыс істеп жүр. Шешесі ар жақта қайғы жұтып отыр. Мен мына жақта ел тыныш, жұрт аманда қаңғыған оқтан қаза болған ұлымнан айрылып отырмын. Биліктің сүйекті қазып аламыз деген ісі мен үшін де, сексеннен асқан қос қария үшін де жығылған үстіне жұдырық болды, - дейді Әлімжан.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың жақындары өткен аптаның ортасынан бастап марқұм болған туысымыздың сүйегін қайта қазып алмақ деп қарсылық білдіре бастаған. Олардың біразы Азаттықтың редакциясына да хабарласып, эксгумация жасауға қарсы болған.

Қазақстан ішкі істер министрлігі мәйіттерді қайта қазып алуға қатысты әзірге ешқандай да мәлімдеме жасаған жоқ.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты халық наразылыққа шыққан. Кейін бұл наразылықты елдің басқа да аймақтары қолдаған еді. 5 қаңтарға қараған түні наразылық тәртіпсіздікке ұласып, белгісіз адамдар тобы Алматыда әкімдікке, әуежайға, дүкендерге шабуыл жасаған. Билік және сарапшылар 2 қаңтар – 4 қаңтардағы наразылықты бейбіт өткен шара деп, 5 қаңтардан кейінгі оқиғаларды тәртіпсіздік деген. Ақорда 5 қаңтардан кейінгі оқиғаларды "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" деп те атады.

Қаңтар оқиғасының хронологиясын мына видеодан көре аласыз:

Қаңтар көтерілісі. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:30:23 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG