Accessibility links

Лондонда белсенділер қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде зерттеуге шақырды


Қазақстан елшілігінің алдында қызыл түсті бояу жағылған ақ киім киген адамдар акция өткізіп тұр. Лондон, 23 қаңтар 2022 жыл.
Қазақстан елшілігінің алдында қызыл түсті бояу жағылған ақ киім киген адамдар акция өткізіп тұр. Лондон, 23 қаңтар 2022 жыл.

23 қаңтарда Лондонда ондаған адам Қазақстан елшілігінің алдында акция өткізіп, қаңтар оқиғасына байланысты халықаралық зерттеу жүргізуге үндеді.

Кеудесіне қызыл бояу жағылған ақ киім киіп, оқ тиген адамның кейпін бейнелеген бірнеше адам елшілік ғимаратының алдында плакат ұстап тұрды. Плакаттарда "Impose sanctions on Kazakh tyrants" (Қазақ тирандарына санкция салынсын!), "Stop torture, start investigation" ("Азаптауды тоқтатып, зерттеуді қол алыңыздар!"), "Police took a man alive and brought home dead" (Полиция азаматты тірідей ұстап әкетіп, өлі қылып қайтарды), "Stop bloodshed" (Қантөгісті доғарыңыз!) деген жазу болды. #Notorture #qantar2022 деген хештегмен жазылған транспарант та бар.

"Біздің мақсатымыз – жұрттың назарын қантөгіске аударту. Біз осындамыз, жағдайды бақылап отырмыз, оқиғаға бейжай қарай алмаймыз, туған жеріміз үшін жүрегіміз ауырады, жағдай өзгергенін қалаймыз" деді аты-жөнін айтпаған акцияға қатысушылардың бірі. Ол Қазақстанда туғанмен кейін шетелге көшіп кеткен.

Оның сөзінше, ары-бері өткендер акцияға назар аударып, шараны суретке түсіріп кеткен. Сұрақтар қойған. Жексенбі күні елшіліктен ешкім шыққан жоқ. Акцияға қатысушылардың айтуынша, елшілікте қызметкер болмауы мүмкін.

"Мемлекет қудалауды тоқтатып, адамдарды заңсыз ұстауды, азаптауды доғаруы тиіс. Қаңтар оқиғасына байланысты тәуелсіз зерттеу жүргізілуі керек" деді акцияға қатысушы. Оның сөзіне қарағанда, бірінші кезекте "антитеррористік операция", "тазалау" мен ұстауларды жүргізу принципіне назар аудару керек.

Акцияға қатысқан, аты-жөнін атамаған тағы бір азаматтың айтуынша, ұйымдастырушылар киім туралы идеяны Oyan, Qazaqstan қозғалысынан алған. Қаңтар оқиғасы болмай тұрып, желтоқсан айында аталған қозғалыс Алматыда Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғаларын еске алып, сол кезде биліктің бейбіт халыққа оқ атуын бейнелейтін осындай ақ киімдер киген еді.

"Жұрт Қазақстандағы оқиғаларға бейжай қарамайды деп үміттенеміз. Ұлыбритания алыс болса да, Қазақстанмен байланысты мемлекет. Оған көп жайттар куә: британ ислеблишменті, Қазақстаннан шығарылған мүліктерге қандай да бір дәрежеде тиіспейтіндей мәртебе беріп, қорғады. Сол себепті британ қоғамына, жергілікті саясаткерлерге қайрылғымыз келеді, халықаралық қауымдастық онымен бір нәрсе істесін" деді ол.

2 қаңтарда Жаңаөзен халқы екі есе қымбаттаған сұйылтылған газды арзандатуды талап етіп митингіге шықты. Іле-шала оларды қолдаған қарсылық акциялары бүкіл Қазақстанды қамтыған еді. 5 қаңтардан бастап билік "деструктивтік күшерді" желеу етіп, халыққа қарсы қару қолдана бастады.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді. Үкімет қанша бейбіт адам қаза болғанын айтпады.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

22 қаңтарда Қазақстан бас прокуратурасы қаңтар оқиғасына байланысты 819 қылмыстық іс қозғалып, 970 күдікті қамауға алынғанын хабарлады. Сол күні күш құрылымдары өкілдерімен жиын өткізген президент Тоқаев қаңтар оқиғасында қаза болған әрбір адамның өлімін мұқият зерттеу қажеттігін айтты.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыпады. Еуропарламент Қазақстанда қаңтарда болған оқиғалар жөнінде қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған.

Бұған қоса Еуропарламент депутаттары "2022 жылғы қаңтардағы наразылықтар кезінде адам құқығын өрескел бұзуға жауапты Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларына жеке санкция салынуы" мүмкін екенін де ескерткен.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі "біржақты сипаттағы" және "объективті емес тұжырымдарға негізделген" құжат деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG