Accessibility links

Шымкентте прокуратура қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың ісін қайта қарауға уәде берді


Шымкентте қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандардың туыстары прокуратура алдында жақындарын босатуды талап етіп тұр. 28 қаңтар 2022 жыл.
Шымкентте қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандардың туыстары прокуратура алдында жақындарын босатуды талап етіп тұр. 28 қаңтар 2022 жыл.

29 қаңтарда Шымкенттегі Әл Фараби аудандық прокуратурасына жиналғандардың алдына шыққан арнайы прокуратура басқармасының өкілі қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың "қылмысын дәлелдейтін айғақтар" болмаса, ісін қайта қарауға уәде етті.

Ұсталғандардың туыстарының тергеу амалдарына сенімсіздік білдіріп, істі қайта қарауды талап етіп, прокуратура мен ИЧ-167/11 тергеу изоляторына жиналып жүргеніне 29 қаңтарда бес күн болды. Сенбі күні олармен кездесуге шыққан арнайы прокурорлар басқармасының өкілі Нұрлан Көлбаев ашулы ата-аналарды сабырға шақырды. Наразылар мен прокурордың кездесуін белсенділер тікелей эфир арқылы таратты.

Көлбаевтың сөзінше, 4-6 қаңтардағы оқиғаға байланысты адамдар ұсталған. Прокуратураға "полицейлер ақша сұрады, ұрып-соқты" деген арыздар түскен. Мысалы, ұрып-соғып мойындату туралы он шақты адам арызданған. Содан кейін 12 қаңтарда істі тергеу полициядан арнайы прокуратура басқармасына берілген. "Алда кімде кімнің жасаған іс-әрекеті жеңілдеу, кімнің кінәсіне дәлелдемелер аз немесе болмаса, бұл іске баға беріліп күдіктінің қылмысын жеңілдету не оны шығару мәселесі қаралады".

- Терроризм дегеніміз не? Шымкентте қаншама полицейді ұрып-соғып, кейбірінің қаруын тартып алған. Әкімшілікке кіріп талқандаған, көліктерді өртеген. Бұл – терроризм, аса ауыр қылмыс. Егер қылмыс жасамаса, митингіге барса, видео түсірсе, оны шығару немесе "рұқсат етілмеген митингіге шыққаны" ескеріліп, іс қайта сараланады, - деді прокурор.

Көлбаев жиналғандарға кінәсі дәлелденбеген күдіктілер екі айға дейін шығарылады деді.

Қарай отырыңыз: «Құдайдан қорқыңдар». Шымкентте туысы қамалғандар наразылық білдіріп жатыр (28 қаңтар 2022 жыл).

«Құдайдан қорқыңдар». Шымкентте туысы қамалғандар наразылық білдіріп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:03 0:00

Жиналғандар прокурорға тағылған айыптардың ауырлығынан қорқатынын, әділ тергеу болмаса ұсталған жастардың ертеңіне балта шабылатынын ескеруді сұрады.

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың ата-аналары мен туыстары 25 қаңтардан бастап істі қайта қарауды талап етіп, балаларына Қазақстан халқы мен президентінен араша түсуін сұраған. Прокуратура өкілдері соңғы бес күн ішінде алғаш рет наразыларға жауап беріп отыр.

14 қаңтарда Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты құрылған штаб наразылыққа байланысты 271 адам әкімшілік қамауға алынғанын мәлімдеген. 77 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, олардың 75-і екі айға қамалған. Күдіктілер "Сәуле" ықшам ауданындағы ИЧ-167/11 тергеу изоляторында жатыр.

Шымкентте наразылықтар 4-6 қаңтар күні өтті. Оқиға кезінде 120-дан аса адам жараланды, бірнеше адам қайтыс болды. Қала әкімдігі мен оның жанындағы мемлекеттік бекемелер және "Нұр Отан" партиясы Шымкент қалалық филиалының ғимараты бүлінді. Ондаған көлік өртенді.

Бұған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары тергеу изоляторы мен уақытша қамау орындарындағы азаптаулар мен қысым және өзге де заңсыз әрекеттерге шағымданған. Елде полиция мен күштік құрылымдардың "заңсыз әрекетіне" қатысты шағымдар көбейген шақта Бас прокуратура полицияның ұстау және тергеу кезінде "заңсыз әдістерге жүгінгенін" мойындаған. Ресми ақпарат бойынша, қазіргі кезде азаптау, ұрып-соғу мен билік өкілетін асыра пайдалану бойынша 109 шағым түскен, 11-і бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG