Accessibility links

Алматыда бір топ адам прокурордан қаңтар оқиғасынан соң қамалған туыстарын босатуды талап етті


Қаңтар оқиғасынан кейін қамалған туыстарын босатуды талап етіп, қала прокуратурасы алдына жиналған адамдар. Алматы. 31 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасынан кейін қамалған туыстарын босатуды талап етіп, қала прокуратурасы алдына жиналған адамдар. Алматы. 31 қаңтар 2022 жыл.

Бүгін Алматы қалалық прокуратурасы алдына ондаған адам жиналып, қаңтар оқиғасына байланысты қамауға алынған туыстарын босатуды талап етті. Жиналғандардың бірі туысының уақытша тергеу изоляторында "еш жазықсыз" отырғанын, енді бірі ауруханада ота жасалған жақынына бүгін қайтадан тұтқындалу қаупі төніп тұрғанын айтты. Алматы тұрғыны Шәргүл Ордабайдың екі ұлын бірдей қамалған.

– Үлкен ұлым Нұршат Ержанды 16 қаңтарда қажылыққа кеткен еді. 26 қаңтарда ұшақтан түскен бойда қамалды. Ержанды күтіп алуға әуежайға барған кіші ұлым Нұрәлі Ержан мен баламның екі досын да қамап тастады. Одан кейін Нұршаттың үйінде тінту жүргізген. Балаларым өзімен өзі жүрген, ешкімге зияны жоқ жандар. Қала прокурорынан балаларымның дереу босатылуын талап етемін, – деді Шәргүл.

Наразы топ прокуратура ғимаратының кіреберісінде "Бостандық, бостандық!", "Жүйріктаев, шық!" деп біраз тұрды.

Бірақ қала прокуроры сыртқа шықпады. Тек Бостандық ауданы прокуроры Ерлан Омарбаев жиналғандарға прокурорға арыз жазып тапсыру керегін, олар белгіленген мерзімде қаралатынын айтты.

Ресми ақпаратқа сай, қаңтар оқиғасы бойынша жалпы 2044 қылмыстық іс қозғалып, 900-ге жуық күдікті ұсталған, 800-ден астам адамды қамау туралы сот шешімі бар.

Бұған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары тергеу изоляторы мен уақытша қамау орындарындағы азаптау мен қысым және өзге де заңсыз іс-әрекеттерге шағымданған. Елде полиция мен күштік құрылымдардың "заңсыз әрекетіне" қатысты шағымдар көбейген шақта Бас прокуратура полицияның ұстау және тергеу кезінде "заңсыз әдістерге жүгінгенін" мойындаған. Ресми ақпарат бойынша, қазіргі кезде азаптау, ұрып-соғу мен билік өкілетін асыра пайдалану бойынша 109 шағым түскен, 11-і бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG