Accessibility links

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының мердігер жұмысшылары президентке үндеу жолдады


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

31 қаңтарда Маңғыстау облысындағы тағы бір компания - Қаламқас кенішінде еңбек етіп жатқан "БозащыТрансҚұрылыс" мекемесінің жұмысшылары Қазақстан президентіне видеоүндеу жолдап, бұрын өздері жұмыс істеген Oil Transport Corporation (ОТС) мекемесіне қайтаруды талап етті.

Видеода арнайы жұмыс киімін киген жүздеген адамның кеніш басында шоғырланып тұрғаны байқалады. Онда сөйлеген жұмысшылардың бірі ОТС компаниясының "БозащыТрансҚұрылыс" жекеменшік мекемесіне сенімгерлік басқаруға берілген мүлкін кері қайтарып, жұмысшыларды қайта жұмысқа қабылдауды талап еткен.

Наразылардың сөзінше, өздері жеке меншік "БозащыТрансҚұрылыс" мекемесінде жұмыс істегенімен, Қаламқас кен орынындағы басқа мұнайшылармен тең жұмыс істейді, сондықтан өздерін де мұнайшы деп санайды. Олар ОТС компаниясын қалпына келтірсе, өздерін сонда жұмысқа қайта алса айлықтары көтеріледі деп есептейтіндерін айтады.

Олардың айтуынша, "Қазмұнайгаз" ұлттық мұнай компаниясың сол кездегі бас директоры Сауат Мыңбаевтың айтуымен ОТС-де жұмыс істеп жүрген оларды "бес жылдан кейін қайта аламыз" деп жұмыстан шығарған. "Болмаса, компания банкрот болады" деп ескерткен. "Шарасыз жұмысшылар амалы жоқтықтан көнуге мәжбүр болды" делінген үндеуде.

Азаттық тілшісі жұмысшылары талабына қатысты "БозащыТрансҚұрылыс" мекемесіне хабарласқанымен, жауап ала алмады.

"БозащыТрансҚұрылыс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - Қаламқас кенішінде "Маңғыстаумұнайгаз" мекемесіне көлік жүргізу қызметін көрсетеді.

Oil Transport Corporation (ОТС)- "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының бұрынғы еншілес мекемелерінің бірі. 2017-2018 жылдары "Қазмұнайгаздың" басқарма шешімімен бұл мекемеде қабылданған еңбек шартын тараптардың келісімі бойынша мерзімінен бұрын бұзу туралы ережеге байланысты мұнайшыларға 5/50, яғни бес жылдық жалақының елу пайызын алдын ала төлеу арқылы еркімен жұмыстан шығу ұсынылған. "Қазмұнайгаз" бұл процесті сол кезде "жұмсақ оңтайландыру" деп түсіндірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG