Алматыда қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы 9 адам қамаудан босатылды. Олардың бұлтартпас шарасы қамаумен байланысты емес шара түрімен алмастырылды. Бұл жөнінде оқиға орнында болған белсенділер мен "Аманат" комиссиясының өкілдері хабарлады.
9 адамның жетеуі - тергеу изоляторынан, екеуі №4 қалалық ауруханадан шығарылды.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда тергеу изоляторынан шыққан адамдардың ақсаңдап, өздігінен жүре алмайтыны көрінеді. Кейбірі балдақпен жүр. Шыққан кезде оларды туыстары қарсы алды.
"Аманат" комиссиясының ақпаратынша, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған мына азаматтардың бұлтартпас шарасы жұмсартылған: Сүндет Түрікменбай, Талғат Мақаш, Владимир Лотошка, Мейір Кенжеғұлов, Марат Ихсаниев, Дастан Исаев, Майрамәлі Еденов, Жасұлан Амангелдиев, Талғат Қайрат.
Ақпаратқа қарағанда, бұлтартпас шарасы азаматтардың денсаулығына байланысты өзгертілген.
Осылайша қаңтар оқиғасына байланысты ұсталып, кейін бұлтартпас шарасының өзгеруіне байланысты қамаудан босатылғандар 25 адамға жетті. "Аманат" комиссиясының ақпаратынша, Алматының өзінде ғана тергеу изоляторда "жаппай тәртіпсіздік" ісі бойынша 250-280 адам отыр.
25 қаңтарда адвокат Абзал Құспан бастаған қоғамдық комиссия 11 адамның бұлтартпас шарасы өзгергенін хабарлаған.
Бұған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың азапталғаны, қарулы күштердің оқиға кезінде жаралағандарды денсаулығына қарамастан ауруханадан алып кеткені жөнінде хабар тараған. Арнайы жасақтың жараланғандарды ауруханадан ұстап алып кеткені туралы видео-айғақты Азаттық та жариялаған.
Қарай отырыңыз: Полиция ауруханадан жаралыларды қалай әкетті? (24 қаңтар 2022 жыл).
Осыған дейін Бас прокуратура құқық қорғау органдары тарабынан ұстау және тергеу кезінде заңсыз әрекеттер болғанын (азаптау, билік өкілетін асыра пайдалану және тағы басқа) мойындаған. Ресми мәлімет бойынша, азаматтардан 109 шағым түскен. 11 шағым бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.
Ресми ақпаратқа қарағанда қаңтар оқиғасы бойынша жалпы 2044 қылмыстық іс бар, 900-ге жуық күдікті ұсталған, 800-інен астамы сот санкциясымен қамалған.
Қаңтар оқиғасы мен оқиғадан кейінгі азаптау мен қысым көрсету фактілеріне құқық қорғаушылар алаңдаған.
Еуропарламент жақында қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған.
ПІКІРЛЕР