Accessibility links

Прокуратура: Талдықорғанда азаптауға байланысты 15 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр


Қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандардың туыстары жақындарын босатуды және азаптамауды талап етіп, прокуратураға келді. Талдықорған, 3 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандардың туыстары жақындарын босатуды және азаптамауды талап етіп, прокуратураға келді. Талдықорған, 3 ақпан 2022 жыл.

3 ақпанда Талдықорғандағы құқық қорғау ұйымының кеңсесіне жиналған 20-ға жуық адам ақпарат құралдарына полицияның жақындарын қалай азаптағаны туралы айтып берген еді. Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары бұдан соң прокуратураға барып, түсініктеме талап етті. Жиналғандардың арасында кәмелетке толмаған ұлдарының полицияда азапталғанына шағымданған ата-аналар да болды.

Солардың бірі Азаттық тілшісіне "құқық қорғау орган өкілдерінің 15 жастағы ұлын кемпірауызбен тісін жұлмақ болғанын, қабырғаға тақап, екі бүйрегінен ұрғанын" айтты.

– Өзім Қытайдан көшіп келгенмін. Ұлым өз туған жерінде өссін, қызмет етсін деп көшіп келгенбіз. Ал енді оларды мұнда ұрып-соғып жатыр. Оларды осы жерге ұрып-соғып, жаншысын деп әкелдік пе сонда? Баламды босатсын! – деді кемсеңдеген тұрғын.

Кейбір ата-аналардың екі ұлы да ұсталып, қамалған. Олардың көбі жақындарының азапталғанын жуырда олармен кездескен кезде көрген.

Жиналғандар алдына ұзақ уақыттан кейін шыққан прокуратура өкілдері Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің қаладағы бөлімшесіне шағым жазу қажеттігін айтты. Прокуратура өкілі Олжас Омаровтың айтуынша, соңғы мәлімет бойынша азаптауға қатысты 15 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы жүріп жатыр. Жарақаттанғандарға медициналық сараптама жүргізу тағайындалған. Оларды азаптағаны туралы ақпараттар тексеріліп жатыр деді.

Осыған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың азапталғаны, соққыға жығылғаны туралы көп ақпарат шыққан. Азаптау мен қысым көрсету фактілеріне құқық қорғаушылар алаңдаған. Осы аптада Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін асыра сілтеуді доғарып, азаптауларды зерттеуге, заңсыз әрекеттерге барған құқық қорғау орган өкілдерін жауапқа тартуға шақырған.

Бас прокуратура құқық қорғау органдары тарабынан ұстау және тергеу кезінде заңсыз әрекеттер болғанын (азаптау, билік өкілетін асыра пайдалану және тағы басқа) мойындаған. Ресми мәлімет бойынша, азаматтардан 100-ден астам шағым түскен. 11 шағым бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.

Еуропарламент жақында қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG