Accessibility links

Белсенді Бақтыбаевтың қазасына байланысты сот: Судья журналистерге соттан ақпарат таратуға тыйым салды


Қарағанды облысы Атасу кентінде "тапсырыспен өлтірілген" белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты сот процесі жаңа құрам және жаңа алқа мүшелерімен қайта басталды.

Осыған дейін бұл іс бойынша ақтау үкімі шығарылып, кейін сотқа қайта қарауға жіберілген еді.

Іс ашық қаралып жатыр. Бірақ соған қарамастан сотқа төрелік жасап жатқан судья Бекзат Шалғымбаев ақпарат құралдарына процестен ақпарат таратуға тыйым салды. Судья сонымен бірге журналистерге аудио жазуға тыйым да салғысы келген, бірақ кейін рұқсат берді.

Негізгі сот процесі 7 ақпанда өтті. Прокурор бұрынғысына ұқсас айыптау актісін оқыды. Мемлекеттік айыптаушы осыған дейін шығарылған айыптау актісін толық қолдайтынын айтты.

Қылмыстық істе бұрынғы істегідей жергілікті төрт тұрғын айыпталушы ретінде танылған. Сот олардың аты-жөнін атауға тыйым салды. Бірақ бұрынғы істе олардың аты-жөні аталған. Сот сонымен бірге сот алқасының көзінше айыпталушылардың бұрын сотталғанын-сотталмағаны туралы дерек келтіруге тыйым салды, себебі сот алқасында "алдын ала жаңсақ пікір қалыптасуы" мүмкін.

Айыпталушылардың бірі Бақтыбаевты өлтірді, оны жарақаттады деп айыпталып отыр. Ол белсендіні ұрып-соққанын мойындағанмен адам өлтіргенін жоққа шығарды. Белсенді қазасына дейін бірнеше ай бұрын Бақтыбаевтың өліміне тапсырыс берді деп айыпталған қалған екі айыпталушы айыптау актісімен келіспеді. Төртінші айыпталушы белсендіні жарақаттады деп қана айыпталып отыр. Ол іске өзінің қатысы барын мойындайды, бірақ алдын ала сөз байласу болмағанын алға тартты.

Азаттық тілшісі процестен кейін судьяның соттан ақпарат таратуына тыйым салуына байланысты облыстық сотқа шағым түсірді.

  • 59 жастағы Ғалы Бақтыбаев әлеуметтік мәселелерді көтеріп, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы жемқорлықты зерттеумен әйгілі болған. Оның қазасы қоғамда қызу талқыланып, құқық қорғаушылар оны өлтіргендерді тез арада табуды талап еткен. Оның есімі 2021 жылғы АҚШ мемлекеттік департаментінің Қазақстандағы адам құқығы ахуалына арналған есебінде айтылған. Баяндама авторлары оны мемлекет қаржысын жымқыру мәселесін қозғаған адам ретінде сипаттайды.
  • Бұл іс бойынша ақтау үкімі белсенді қазасынан кейін екі жылдан соң 2021 жылы 1 маусымда шығарылды. Былтыр күзде Қарағанды облыстық сот алқасы марқұмның әпкесі мен прокуратура өтінішін қарап, ақтау үкімінің күшін жойған. Істі қайта қарауға жіберген.
  • Тергеу және қадағалау органдары белсенді қазасын "тапсырыс" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG