Accessibility links

Талдықорғанда тағы бір жігіттің анасы ұлының полицияда "үтікпен азапталғанын" айтты


Қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандардың туыстары жақындарын босатуды талап етіп, прокуратураға келді. Талдықорған, 3 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандардың туыстары жақындарын босатуды талап етіп, прокуратураға келді. Талдықорған, 3 ақпан 2022 жыл.

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған 20 жастағы Ербол Ыдырысовтың анасы күштік құрылым өкілдерінің ұлын "үтікпен азаптағанын" айтты.

Анасының айтуынша, ол 12 қаңтарда дәрі алу үшін дәріханаға шығып, қала шетіндегі көшеде ұсталған ұлын бір айға жуық уақыттан кейін яғни, 9 ақпанда бір-ақ көрген. Осы уақыт аралығында қамауда болған ұлын сәрсенбі күні алғаш көрген кезде қатты қорқып қалғаны байқалған.

– Ұлымның айтуынша, "қару алдыңдар, қаруды тауып беріңдер" деп оларды ұрып-соғып, мойындатуға тырысқан. "Қайдағы автомат" десе, "сендер осы жерде тұрасыңдар" деп ұрып-соғып, тепкілеген, денелеріне үтік басқан. Кеше (9 ақпан) ұлым ішін ашып қалып еді, қап-қара бинт тұр. Бүйректің тұсы, асқазаны жағы жарақаттанған. Сол жері іріңдеген сияқты. Кеше мен талап еткеннен кейін дәрігерлер қарап, әппақ бинт орап, жөндеді дейді балам бүгін. Оны 12-13 күндері қинаған. "Жалғыз мені емес, барлық баланы қинады" деді балам. Бүгін баламды ауруханаға қаратайын деп бағана изолятор бастығына да кіріп шықтым. Олар "өзіңіз қарата алмайсыз" деді. Бүгін сағат үште ауруханаға баратын болдым, - дейді Мадина Смағұлова.

Ол ұлының аяғы мен арқасында да көгерген жерлері барын айтты.

Мадина Смағұлова 9 ақпаннан бері көптеген құқық қорғаушылар мен белсенділер хабарласып, қолдау білдіріп жатқанын айтты. Әзірге тәуелсіз адвокат жалдай алмаған.

Ол ұлының қандай күдікке ілінгенін білмейтінін, сот шешімдерінен де хабарсыз екенін айтты.

Азаттық тілшісі ресми орындардан Ербол Ыдырысов ісіне қатысты мәлімет ала алмады.

Бұған дейін Талдықорғанда қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған 38 жастағы Азамат Батырбаевтың полицияда "үтікпен азапталғаны" жайлы ақпарат қоғамда резонанс тудырған. Қоғам наразылығынан кейін Бас прокуратура Батырбаевты азаптау ісі бойынша тергеп-тексеру амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Бірақ полицейлердің ұсталғаны-ұсталмағаны туралы ақпарат айтпады. Осы аптада адвокаты Бауыржан Азанов президентке қайырылып, Батырбаевтың азапталуына қатысты айыпталған немесе күдікке ілінген полицейлерді абақтыға қамау жөнінде өтініш жасаған. Құқық қорғау органдары оған реакция білдірмеді.

Өткен айдың басында болған кемінде 227 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғынынан кейін ұсталғандардың аяусыз соққыға жығылғаны, азапталғаны жайлы хабар көп шыққан. Кейбір ұсталғандардың туыстарының айтуынша, полиция жақындарын электрошокермен, үтікпен азаптаған. Бұған дейін ұсталғандардың туыстары кәмелетке толмаған балаларын "кемпірауызбен тісін босатқанын" хабарлап, жылаған. Құқық қорғаушылар денесі жарақаттанған, азапталған азаматтардың суреттерін де жариялады. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін азаптауды доғаруға, оған кінәлілерді жауапқа тартуға шақырған.

Бас прокуратура "тергеу кезінде заңсыз әдіске жүгіну" фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалғанын айтқанмен қанша полицейдің ұсталғаны туралы ақпарат бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG