Accessibility links

"Атып тастаймыз". Екібастұз полициясы ұстаған азаматтар қорлық көргенін айтады


Шеруге шыққан азаматтар Әуезов көшесімен Екібастұз қалалық әкімдігіне бара жатыр. 5 қаңтар 2022 жыл. Теміртас Искаков берген фото.
Шеруге шыққан азаматтар Әуезов көшесімен Екібастұз қалалық әкімдігіне бара жатыр. 5 қаңтар 2022 жыл. Теміртас Искаков берген фото.

5 қаңтарда Павлодар облысы Екібастұз қаласында 500 адам митингіге шыққан. Шара бейбіт өткен: ешқандай бұзақылық не полициямен қақтығыс болмаған. Ертеңіне полиция жүзге тарта адамды, яғни, митингіге шыққан әрбір бесінші азаматты ұстаған. Олар әкімшілік жазасын өтеп жатқан кезде таяқ жеп, қорлық көргенін, тергеу изоляторынан босап шығардың алдында Қазақстан халқынан кешірім сұрап видеоға түсуге мәжбүр болғанын айтады.

"ҰРЫП-СОҒЫП, АЗАПТАП, ОН КҮНГЕ ҚАМАДЫ"

Екібастұзда тұратын белсенді Қалиасқар Әміренов (оның аты-жөні қазақстандық құқық қорғаушылар түзген саяси тұтқындар тізіміне енген) қаңтардың төрті мен бесінде Жаңаөзен халқын қолдап бейбіт митингіге шыққан. 6 қаңтар кешкісін "полиция қызметкерлері митингіге қатысқандардың үйіне есігін бұзып кіріп жатыр" деген хабар келген.

– Бірден полиция бастығының орынбасарына хабарластым. "Есікті бұзудың қажеті жоқ" дедім. "Онда өзін шық" деді. Түсінгенім, екі полиция қызметкері келіп, мені митингіге жібермеу үшін үйімде күзетіп отырады-мыс. "Қарсылассаң, атып тастаймыз" деді. Есікті аштым, жай киім киген полиция қызметкерлері тұр екен. Үш секундтан кейін арнаулы жасақтың бес қызметкері үйіме баса-көктеп кіріп, қолымды қайырып көшеге алып шықты да, көлікке отырғызды. Арнаулы жасақ мені сот қаулысынсыз, ешқандай ресми қағазсыз ұрлап әкетті, – дейді Қалиасқар Әміренов.

Осылай белсенді Екібастұз қалалық полиция басқармасына түскен. Түнгі бір жарымда дәл сол жерде бас-аяғы он минутқа ғана созылған сот өткен. Судья Әміреновты 10 күнге қамауды бұйырған.

Екібастұздық белсенді Қалиасқар Әміренов.
Екібастұздық белсенді Қалиасқар Әміренов.

– Екібастұзда 107 адам әкімшілік қамауға алынды. Таңертең далаға шығарып, отырғызып-тұрғызып, "отжимание" жасатады. Басында істеп жүрдік, кейін бас тарттық. Бір қызметкер келіп, "қазір сені атып тастаймын" деді. Бір бөлмеге апарды, арнаулы жасақтың екі өкілі және жедел уәкіл кіріп, "сендердің кесіріңнен болды, сендер кінәлісіңдер" деп қысым жасай бастады. Алматыда "екі полицейдің басын кесіп, кішкентай баланың көзін ойып алған" деп айтылған қылмысқа мені кінәлады. 15 минут айқайлап, қолымды қайырып ұстауға бұйрық берді. Камераға П әрпіне ұқсатып кіргізді, басым бетон еденге тиіп тұрды, құлап қалдым. Арнаулы жасақ қызметкерлері "денсаулығыңнан дым қалмайтындай етіп, өлімші ғып сабаймыз" деп қорқытты.

7 қаңтарда полиция Қалиасқар Әміреновтың әпкесі мен ағасының үйіне де барған. Олардың айтуынша, арнаулы жасақтың 20 шақты қызметкері Қалиасқардың әпкесі үйде болмаған кезде оның пәтеріне заңсыз кіріп, жас ағызатын газ шашып, ордерсіз тінту жүргізген.

Дәл сол күні белсендінің ағасы Зарлыққа да полиция хабарласып, тергеуге шақырған (ол Қалиасқармен бірге митингіде болған). 8 қаңтарда Зарлықты полиция басқармасына алып кеткен.

Зарлық Әміреновтың бірнеше қабырғасы сынғаны рентген суретінен көрінеді.
Зарлық Әміреновтың бірнеше қабырғасы сынғаны рентген суретінен көрінеді.

– Ағамды кабинетке кіргізіп, арнаулы жасақ қызметкерлерін шақырып, "Ресейден ОМОН келді, қазір сазайыңды береді!" деген. Бірнеше минуттан кейін кабинетке бетіне маска таққан үш қызметкер кірген. Оларға "Мынамен жақсылап жұмыс істеңдер!" деп бұйырған. Ағамды тепкінің астына алған. Қабырғасын сындырып, 15 минуттай ұрып-соққан. Бір қызметкер "Айтқанды тыңдамасаң, ұрып-соғуды жалғастырамыз" деген, – дейді Әміренов.

Қалиасқар Әміреновтың айтуынша, ағасын түсініксіз құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген.

– Сол жерде соты болған, 10 тәулік әкімшілік жаза кескен. Ағамды ұрып-соғып, азаптап, он күнге қамаған. Зарлықты дене жарақатын түсіруге апармаған. Ол дәрігер шақыруды сұраған. Бірақ "өтірік айтасың" деп, медициналық көмек көрсетпеген. Қабырғасы мен тіс протезі сынған адамды он тәулік қамауда ұстаған. Қамаудан шыққан кезде ағамның денесіндегі жарақаттарын түсіріп алдық, – дейді Қалиасқар.

"БАЛАҒАТТАП, "СЕНДЕРДІ ӨЛТІРЕ САЛУ КЕРЕК" ДЕДІ"

Екібастұзда тұратын Әсет Айдарханов 6 қаңтарда түнгі 22:40 кезінде, жаттығудан қайтып келе жатқанда ұсталған. Бір күн бұрын Әсет бейбіт митингіге қатысқан. Әсетті ұстаған кезде бетіне бұрыш шашып, резеңке таяқпен ұрған.

– Баспалдақпен көтеріліп, жүзімді жерге қаратып жатқызып, көзімді байлап, аяғымды айқастырып, қолымды артыма қайырып қойды. Төрт сағат бойы осылай жаттым. Мұны өздері "отработка" деп атайды екен. Ештеңе сезбей, дыбысымды шығармау үшін тістеніп алдым. Көп адамды ұрып-соғып, қабырғасын сындырды. Азапталғандар жылап, айқайлап жатты. Таяқпен, автоматтың дүмімен балтырымнан, бүйрегімнен, бүкіл өне-бойымнан ұрды. Біреуден арматура, тағы бір адамнан ту тапты. Біріміздің үстімізде біріміз 60 шақты адам жаттық. Олар үстімізден басып жүрді. Қолым ұйып қалды. Бізді балағаттап, "сендерді өлтіре салу керек" деді. Таңғы бестер шамасында 30 шақты адамды қараңғы жерге кіргізді. Бізді итше қуды, басымызды қабырғаға тіреп тұрдық, қолымызды арқамызға қайырып қойды. "Сендерге осы не жетпейді?" деп сұрады. Олар ашулы болды, ұсталған адамдарға өшпенділікпен қарады, – дейді Айдарханов.

Наразылық шеруіне шыққан азаматтар өздері Екібастұз қаласы әкімдігіне келіссөзге жіберген адамдарын күтіп тұр. 5 қаңтар 2022 жыл. Теміртас Искаков берген фото.
Наразылық шеруіне шыққан азаматтар өздері Екібастұз қаласы әкімдігіне келіссөзге жіберген адамдарын күтіп тұр. 5 қаңтар 2022 жыл. Теміртас Искаков берген фото.

Әсеттің соты түнде дәл сол ғимаратта өткен. Оның айтуынша, полиция қызметкерлері "сендердің кесіріңнен адамдардың басын кесіп жатыр" дегенді қайталай берген.

– Жеті күндей басымызды төмен қаратып жүрдік. Қысым қатты болды. Аяқ астынан топырлап келіп тексеретін. Медициналық сараптама жасалған жоқ, дәрігер шақырмады. Менде әкімшілік жаза болды. Жағдайымыз "Матросская тишина" түрмесіндегідей болды, бұрын сол мекеме туралы видео көргем, бізге де дәл солай қарады. Түнде арнаулы жасақ баса-көктеп кіріп келіп, тынышымызды алу үшін матрастарды жинап тастайтын. Жанымда бір кәсіпкер жатты, оны қатты қорлады: үстіне секірді, бауыры ауырып жүрді.

Айдарханов адамдардың азаптаудан зәре-құты қалмай қорыққанын, өзі де "бұл жерден тірі шықпаспын" деп ойлағанын айтады.

– Адамдар жылап, айқайлайтын. Кей адамдар әлі күнге үйінен шықпайды: әбден жүрегі шайлығып қалған. Мен өз-өзіме тез келдім, бірақ таныстарым "жүйкең жұқарған" дейді. Бостандыққа шығар алдында "Қазақстан халқынан кешірім сұраймын" деп видео түсуге мәжбүрледі. Не үшін кешірім сұрауым керегін түсінген жоқпын?!

"БІЗ АРЫЗ ЖАЗДЫҚ, АЛ ОНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ӨРЛЕДІ"

Әміреновтер отбасы полицияға арыз берген: ағалы-інілі екеуі азаптауға ұшырағанын, әпкесі пәтеріне полицияның заңсыз кіргенін айтып, шағымданған. Зарлық пен Қалиасқар өздерін азаптаған полиция қызметкерлерінің үстінен арыз жазған. Қазір жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тергеу жүргізіп жатыр. Қамауда отырған азаматтарды азаптады деп айыпталған қызметкерлердің қатарында полиция бастығының орынбасары да бар. Қалиасқар Әміренов полиция бастығының орынбасары қызметінен шеттетілудің орнына керісінше, лауазымы жоғарылап, полиция бастығы міндетін атқаруға кіріскенін айтады.

– Бізді таңғалдырғаны: Екібастұз полициясының бастығы, премьер-министрдің орынбасары [Роман] Склярдың туысы [Василий] Склярдың қызметі жоғарылап, Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығына айналды. Оған дейін бұл қызметте Кәрім Мәсімовтің туысы Нұрлан Мәсімов отырған. Ал біз үстінен арыз жазған Екібастұз полициясы бастығының орынбасары Шақарғалиев полиция бастығының міндетін атқаруға кірісті. Біз оған қарсы арыз жаздық, жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тергеу жүргізіп жатыр. Соған қарамастан оның қызметін өсірді. Бұл барып тұрған ақымақтық қой. Тергеу аяқталғанша олардың қызметінен шеттетілгенін қалаймын. Неге солай жасамайды? Олар тергеуге кедергі келтіреді ғой. Тергеуші істі қалай жүргізеді? Оларды оқшаулап, үйқамаққа алу керек, – дейді белсенді.

Наразылық шеруі кезінде қала әкімдігінің алдында тұрған полиция. Екібастұз, 5 қаңтар 2022 жыл. Теміртас Искаков берген фото.
Наразылық шеруі кезінде қала әкімдігінің алдында тұрған полиция. Екібастұз, 5 қаңтар 2022 жыл. Теміртас Искаков берген фото.

Қалиасқар Әміренов жемқорлыққа қарсы күрес қызметінде азаптау жайлы шағымды қарап жатқан тергеушінің бұрын полиция басқармасында істегенін естіген. Ол тергеушінің бұрынғы әріптесіне бүйрегі бұрып, объективті шешім шығармауы мүмкін деп алаңдайды.

– Біздің арызымыздың негізінде 146-баптың 1-бөлімі ("Азаптау") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Негізі 2-бөлім ("Топтасып азаптау") алынуы керек еді, – дейді ол.

Әсет Айдарханов полиция қызметкерлеріне қарсы арыз жазғысы келмейді.

– Қамаудан босаған соң медициналық сараптама жасатпадым: оған сенбеймін. Екібастұзда тұрамын, ішкі істер басқармасын білемін. Одан пайда жоқ: біздің полицейлер қалай жұмыс істейтінін білемін, ештеңе дәлелдей алмайсың. Топтасып ұрып, маски-шоу ұйымдастырып, қорлайды.

Қалиасқар Әміреновтің айтуынша, қазір көп адам кінәлілерді заң жүзінде жауапқа тартуға болады дегенге сенбейді.

– Қамауда отырған адамдардың көбінің медициналық сараптамасы жоқ. Сұрасам "таяқ жедік" дейді. Адамдарды 4 сағаттан 16 сағатқа дейін ұрып-соққан. Олар азаптау көргенін айтып, арыз жазса, қудалауға ұшыраймыз деп қорқады, полицияға сенбейді. "Немен дәлелдейміз? Ертең қайтадан қысым көрсетеді" дейді.

Азаттық Павлодар облыстық полиция департаменті мен жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне ресми хат жолдап, іске қатысы бар азаматтың тергеу аяқталғанша жұмысынан неге шеттетілмегенін сұрады.

2022 жылғы 28 қаңтарда 227 адамның өмірін қиған қаңтар оқиғаларынан кейін Павлодар облыстық полиция департаменті басшылығына 39 жастағы Василий Скляр тағайындалған. Ол – Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың інісі.

Василий Скляр Нұрлан Мәсімовтің (ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы, қазір "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды" деген айып тағылған Кәрім Мәсімовтің туысы) орнына келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG