Accessibility links

"Аманат" қоғамдық комиссиясы билікпен арада келісім барын жоққа шығарды


"Аманат" қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспан (ортада). Нұр-Сұлтан, 11 ақпан 2022 жыл.
"Аманат" қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспан (ортада). Нұр-Сұлтан, 11 ақпан 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың бұлтартпас шарасын жұмсартумен айналысып жүрген "Аманат" қоғамдық комиссиясының жетекшісі заңгер Абзал Құспан билікпен арада қандай да бір келісім барын жоққа шығарды. 11 ақпанда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген заңгер комиссияны "өз бастамасымен" құрғанын, биліктің тек бірнеше нәрсеге рұқсат бергенін айтты: прокурорлармен кездесу, тергеу құжаттарымен танысу және түрмеге кіру.

- Мені бұл іске [билік] тартқан жоқ. Мен өзім келдім. Өйткені, қалай жұмыс істейтінін білемін, – деді заңгер.

Оның айтуынша, қазір елде қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандар арасында 85 адамның бұлтартпас шарасы қамаумен байланысты емес шара түрімен алмастырылған, яғни олар қамаудан босатылған.

– Ішінара шығарып артынша ісі қысқартылып жатқан азаматтар да бар. Негізінен бұлтартпас шарасын өзгертуге басымдық беріп отырмыз. Өйткені бір күн болса да тергеу изоляторында отыру мен үйде жатып емделгеннің айырмасы жер мен көктей. Көзге ұрып тұрады, - деді ол.

Дегенмен заңгер қанша адамның ісі қысқарғанын нақты айта алмады. "Цифр күнде өзгеріп жатыр" деді.

"Билік сол адамдарды өздері ұстады, енді өздері сізді тартып, босатып отыр. Бұл билікке жарнама емес пе?" деген сұраққа Абзал Құспан:

– Ол [полиция] контртеррористік операция кезінде сол эпицентрде болған адамдарды түгел ұстап қамауға тиісті. Ол солай болады. Өйткені, сіз ол жерде мына террорист пе, бұл ұрлады ма, ұрламады ма, бұл шабуыл жасағандардың ішінде бар ма, жоқ па деп сол мезетте, сол сәтте анықтау іс жүзінде мүмкін емес нәрсе, – деді.

"Жазықсыз адамдарды ұстаған билікті айыптайсыздар ма?" деген сұраққа заңгер "Саяси сұрақтарға саяси баға беру дұрыс емес деп санаймын. Біздің алдымызда әлі де біздің көмегімізге мұқтаж адамдар бар" деді.

Бұған дейін азаптау жайлы көп шағым түскен Алматы, Талдықорған, Шымкент қалаларындағы тергеу изоляторына барған заңгерден Азаттық тілшісі қамау орындарындағы ұсталғандардың хал-жағдайы, азапталуы туралы сұраған. Бірақ заңгер олар туралы тәптіштеп айтуға ықылас білдірмеді.

Оның айтуынша, комиссия өкілдері Ақордадан қаржы алмайды. Жол сапар шығынын меценаттар төлеген.

Халық арасында Қанды қаңтар немесе Қаңтар қырғыны деген атауға ие болған, кемі 227 адамның өмірін қиған қаңтар оқиғасына байланысты елде 800-ден астам адам ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. 2,7 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған. Негізінен "Терроризм актісі" (255-бап), "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап), "Адам өлтіру", "Билік өкіліне күш қолдану" (380-бап), "Бөтеннің мүлкін қасақана жою" (202-бап), "Бұзақылық" (293-бап), "Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" (287-бап) және "Ұрлық" (188-бап) баптары бойынша іс қозғалған.

Билік әуел баста айтқан "шетелде әскери дайындықтан өткен қарулы топтың" "террористік шабуылы", "20 мың террорист" жайлы мәлімдемелерін осы күні сирек айта бастаған. Қоғамда биліктің "сыртқы күштер" тарабынан шабуыл болғанына дәлел келтіре алмағаны жайлы пікірлер жиі айтыла бастады. Сарапшылардың айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев "сыртқы агрессия" туралы мәлімдемелерін ҰҚШҰ-дан әскери көмек алу үшін пайдаланған.

Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда полицейлердің заңсыз ұстағаны, азаптағаны, тергеудің заңсыз әдістерін пайдаланғаны, билік өкілетін асыра пайдаланғаны туралы арыз-шағымдар көптеп түсе бастады. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар мен ұйымдардың билікке сыны үдеген шақта елде қоғамдық комиссиялар құрыла бастады. Кейбірін билік қолдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG