Accessibility links

Ресей тағы да дауға ілінді. Жас спортшы Валиеваның сынамасынан допинг табылған. Жағдайдың анық-қанығы


Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиева Пекин олимпиадасында. 7 ақпан 2022 жыл.
Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиева Пекин олимпиадасында. 7 ақпан 2022 жыл.

Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиеваның желтоқсанда тапсырған допинг сынамасынан рұқсат етілеген препарат табылып, оның олимпиадаға қатысу-қатыспауы мәселеге айналды. Пекин олимпиадасындағы допинг дауының жай-жапсары.

7 ақпанда мәнерлеп сырғанаудан командалық жарыста Ресей құрамасы чемпион атанған еді. Бұл жарысқа Ресейден 15 жастағы Камила Валиева да шығып, команданың жеңісіне үлес қосқан. Бірақ Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) мен Халықаралық коньки одағы (ISU) Ресей құрамасындағы допинг мәселесіне байланысты 8 ақпанда медаль тапсыру рәсімін кейінге қалдырды. Командалық жарыстың (күмісті АҚШ, қоланы Жапония, төртінші орынды Канада алған) жүлдесі әлі тапсырылған жоқ.

Камила Валиева – мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасында олимпиаданың басты фавориті. Ол Пекиндегі командалық жарыста төрттік секіру элементін орындап, олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан төрттік элемент секірген алғашқы әйел спортшы болған.

11 ақпанда Халықаралық тест агенттігі (ITA) Пекиндегі журналистерге таратқан ресми мәлімдемесінде Валиеваның олимпиадаға дейін, яғни 2021 жылы 25 желтоқсанда тапсырған допинг тестінен рұқсат етілмеген триметазидин препараты табылғанын хабарлады. ITA спортшы кәмелетке толмағандықтан басқа мәліметтер айтылмайтынын жеткізді.

РУСАДА (Ресей допинг агенттігі) 25 желтоқсанда Ресей чемпионаты кезінде Валиевадан допинг сынамасын алып, Швецияның Стокгольм қаласындағы WADA (Бүкіләлемдік допинг агенттігі) зертханасына жіберген. 8 ақпанда Стокгольмдегі зертхана Валиеваның сынамасынан рұқсат етілмеген препарат табылғанын хабарлаған.

Осыдан соң спортшы бірден жарыстардан, соның ішінде олимпиададан автоматты түрде уақытша шеттетілген еді. 9 ақпанда Валиева РУСАДА-ның тәртіптік комитеті қайта шағымданады да, жеңіске жетеді. РУСАДА Валиеваға қойылған уақытша шектеуді алып тастап, оның жарысқа қатысуына рұқсат береді.

Осыдан соң 10 ақпанда Валиева Пекинде ресми жаттығуға шықты. Бірақ ол журналистерге сұхбат беруден бас тартты. Ресей мәнерлеп сырғанау құрамасының басқа мүшелері де Пекиндегі журналистердің допинг мәселесі жайлы сұрақтарына жауап бермеді.

Камила Валиева Пекин олимпиадасында жаттығу жасап жүр. 10 ақпан 2022 жыл.
Камила Валиева Пекин олимпиадасында жаттығу жасап жүр. 10 ақпан 2022 жыл.

11 ақпанда Халықаралық олимпиада комитеті мен Халықаралық коньки одағы РУСАДА-ның Валиеваның жарысқа қатысуына рұқсат бергеніне қарсы шыққаны белгілі болды. Екі ұйым Cпорттық арбитраж сотына (СAS) шағым түсірген.

"ISU өз құқығын пайдаланып, РУСАДА-ның антидопинг тәртіптік комитетінің Валиеваның уақытша жарысқа қатысу шектеуін алып тастағанына орай Спорттық арбитраж сотына шағым түсіреді. Бұл сот ісі жалғасып жатқандықтан, ISU басқа комментарий бермейді" деп хабарлады ISU.

Халықаралық спорт арбитраж сотының Пекинге келген көшпелі отырысы Валиеваның ісіне қатысты шағымды 15 ақпанға дейін қарап, шешім шығармақ. Олар РУСАДА-ның тәртіптік комитеті қандай негізге сүйеніп, Валиеваның жарысқа қатысуға рұқсат бергенін қарастырады. Ал 15 ақпанда мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы жарыс басталады.

Ресей олимпиада комитеті "команда мүшелерінің мүддесі мен құқығын қорғау үшін, командалық жарыстағы медальды сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын", "тәжірибелі заңгерлер жұмыс істеп жатқанын" хабарлады.

"Спортшының оң нәтиже көрсеткен допинг сынамасы олимпиада уақытында алынбаған. Бұған қоса, спортшы 2021 жылы 25 желтоқсаннан соң да бірнеше рет допинг сынамасын тапсырды. Пекинде де сынама алынды. Бұл сынамалардың бәрінен допинг табылған жоқ" дейді РОК.

WADA Валиеваның сынамасынан табылған триметазидин препаратын допинг санатына 2014 жылы қосқан. 2018 жылы Пхенчхан олимпиадасында Ресейдің бобслей құрамасының мүшесі Надежда Сергееваның сынамасынан осы препарат табылып, оның олимпиададағы нәтижесі жойылған еді.

15 жастағы Валиева – қазір мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасында лидер. Ол мәнерлеп сырғанауда қиын саналатын бірнеше төрттік секіру элементі мен үштік аксель секіре алады. Олимпиада алдында әр спорт түрінен жүлдеге болжам жасайтын америкалық Gracenote cараптама орталығы Валиева әйелдер арасында чемпион болады деп болжаған еді.

Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиева Пекин олимпиадасында командалық жарыста. 7 ақпан 2022 жыл.
Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиева Пекин олимпиадасында командалық жарыста. 7 ақпан 2022 жыл.

Валиева биыл қарашада Мәскеуде өткен Гран-при кезеңінде қысқа және негізгі бағдарламада 272,71 ұпай жинап, әлем рекордын орнатқан. Оны ресейлік белгілі бапкер Этери Тутберидзе жаттықтырады. ISU Тутберидзені 2021 жылы мәнерлеп сырғанаудан әлемдегі ең үздік жаттықтырушы деп таныған.

Тутберизде әйелдер арасында төрттік секіру элементін секірген спортшыларды дайындап шығарған. Қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева (қазір карьерасын аяқтаған) 2018 жылдан бері Тутберидзенің командасында жаттығып, 2019 жылы әлем чемпионатында күміс медаль алған.

Оқи отырыңыз: Чен, Ханю, Валиева деген кім? Мәнерлеп сырғанау неге қызу талқыланып жатыр? Сізді қызықтырған сауалдарға жауап

Ресей 2014 жылы Сочи олимпиадасынан кейін допинг дауына ілінген еді. ХОК2014 жылғы ойындарда алынған допинг сынамаларын қайта тексеріп, ресейлік спортшылардың допинг ережесін бұзғанын анықтаған. Осыдан соң ХОК ресейлік спортшылардың Сочиде алған бірнеше медалін қайтарып алған. ХОК пен WADA Ресей допинг саясатын билік деңгейінде қолдап келген дейді. Ресей спортшылары Пекин олимпиадасына тусыз, әнұрансыз "Ресей олимпиада комитеті" туымен қатысып жатыр. Бұл ел Пхенчхан және Токио олимпиадасына да тусыз қатысқан еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG